Ел соттарына судья көмекшісі институтын енгізу мәселесінің көтерілгеніне бірнеше жылдың жүзі болды. ҚР Жоғарғы Соты республика соттарында «Сот төрелігінің жеті түйіні» бағдарламасын іске асыру шеңберінде «Судья көмекшісі» пилоттық жобасын 2018 жылы енгізді. Осы тұста айтып өтерлігі, бұл жоба негізінен 2015 жылы қолға алынды. Осы жылы Астана соттарында «Судья көмекшісі» туралы ереже бекітіліп, онда судья көмекшісі қызметінің құқықтық міндеттері мен жауапкершілігі, тәртібі айқындалған болатын. Аталған жоба сот жұмысының тиімділігін арттыру арқылы сот төрелігінің сапасын жақсарту, судьялар мен сот қызметкерлерінің жұмысын оңтайландыру, сонымен қатар, аталған институттың артықшылығы мен олқылығын айқындау мақсатын көздеді.
Еліміздің ең ірі мегаполисі Алматы қаласында «Судьяның көмекшісі» пилоттық жобасы алғаш рет азаматтық істер бойынша мамандандырылған Медеу аудандық сотында, одан кейін Алмалы аудандық №2 және Наурызбай аудандық соттарында сәтті жүзеге асырылды. «Сот төрелігінің жеті түйіні» бағдарламасын іске асыруда жоба сот қызметінің тиімділігін арттырып, оңтайландыратынын дәлелдеген еді. Жалпы алғанда бұл институттың судьялар жұмысын үйлестіруде маңызы зор екені әлемдік тәжірибе жоққа шығармайды.
Республика судьяларының ІХ съезінде «Судья көмекшісі» институтын енгізу мәселесі қайта көтерілді, яғни, ҚР Судьялар Одағының төрағасы Досжан Әмір осы мәселені қайта жандандырды. Төраға өзінің «Судьяға көмекші институтын енгізу сот жүйесінің тиімділігін арттырады» мақаласында судья көмекшісі мен сот отырысы хатшыларының қызметтік міндеттерінің ара жігін ашып берді. Себебі, қоғамда судья көмекшісі сот отырысының хатшыларымен бірдей емес пе дегенде де пікірлер болды.
Судьяның көмекшісі сот отырысы хатшыларының жұмысын қайталамайды. Олар судьяның кәсіби қызметіне қолдау көрсетеді. Мысалы, судьяға іс материалдарын дайындап, рәсімдеуге жәрдем ету оның әрбір іске тыңғылықты дайындалуына мүмкіндік береді. Заңды және жеке тұлғалардың судьяға өтініштерін сараптап, сот қызметінің бағыттары бойынша талдамалық есептер жасайды, заңнамаларды талдайды, т.б. қызметтік міндеттері бар. Мұндай көмек өз кезегінде судьялардың негізгі кәсіби міндеттерін алаңсыз атқаруына жағдай жасайды.
Судья көмекшісі институтының саладағы кадрлық резервті қалыптастыруда үлесі зор. Осы арқылы кадр тапшылығын жоюға болады, көмекші судьялық қызметтің қыр-сырын жетік меңгереді. Яғни, ол дайын судья болып тағайындалады. Бұл институт судьяның жұмыс жүктемесін азайтып, істердің сапалы әрі жылдам қаралуы қамтамасыз етеді. Көмекшінің керекті заңдар мен нормативтік қаулыларды тауып беруі, соған орай, республикада қаралған істердің ортақ тәжірибесін ұсынуы судья үшін үлкен жеңілдік. Судья көмекшісінің сот жұмысымен етене араласып, өзінің білім-білігін жетілдіруі тәжірибе жинауда оған таптырмас мүмкіндік. Ол іс бойынша қажетті құжаттарды әзірлеу, т.б. жұмыстарға көмектескенімен ақтық шешімді судья шығарады. Сондықтан, бұл мәселеде күмән тумау керек.
Тәуелсіздік алғалы сот саласында көптеген оң өзгерістер орын алып, сот құрылымы да, сот өндірісі де жаңа сипатқа ие болды. Бұлардың барлығы сала жұмысын қолжетімді, оңтайлы етіп, халқымыздың сот жүйесіне деген сенімін нығайтуға бағытталған. Үміткерлерді судьялыққа іріктеу тетіктері жылдан-жылға күшейтілуде. Аталған институтты жоғары деңгейде жұмыс істету бүгінгі күннің басты талаптарының бірі. Елімізде сот әділдігін бұдан әрі нығайтып, заң үстемдігінің салтанат құруында судья көмекшісі институтының ықпалы зор болары анық.
Марат Ибрагимов,
Бостандық аудандық сотының судьясы
Алматы қаласы