spot_img
spot_img

Судья – әділдіктің айнасы

Сот – мемлекеттегі әділдіктің, қауіпсіздіктің, азаматтар құқығы мен бостандығын мінсіз қорғаудың кепілі. Соған орай мемлекет атынан үкім шығаратын судьяларға да үлкен жауаптылық, межелі міндеттер жүктелген. Отандық заңдардағы ірі өзгерістер, соттағы жаңашылдықтар, судьяларды іріктеудегі жоғары талаптар сала жұмысына жан бітіру, халық сеніміне ие болу үшін жасалған жетекші қадамдар. Мұндай көп болып келісілген істер ел игілігіне қызмет етсек деген ірі мақсаттан тамыр алады. Ал мақсаттың орындалуы сол салаға шоғырланған мамандардың ынта-жігеріне, шеберлігіне, кәсіби біліктілігі мен адамдық қадір-қасиетіне байланысты.
Елге қызмет етсем деген адам ешқашан қарымта жауап күтпейді, ешкімнен жылы сөз, жоғары марапат дәметпейді. Өйткені, судьяның басты міндеті заң мен арды басшылыққа ала отырып тура төрелік жасауға негізделеді. Тура жолдан адасқан, тура сөзден жаңылған жанға әділдік алаңында орын жоқ. Сот корпусында да қателік жасаған қазыға кешірім берілмеді. Талап бар жерде, даму болады.
Дегенмен, еңбектің еленгені жақсы. «Еңбегіне қарай – құрмет, жасына қарай – ізеттің» болуы қызметкерлерді ынталандыра­ды, жігерлендіреді. Ел Үкіметінің 2022 жылғы 31 наурыздағы қаулысымен 24 маусымның «Судья және сот қызметкерлері күні» болып белгіленуі тәуелсіз қазақстандық соттың қалыптасуына, даму кезеңінде аянбай тер төккен сот ардагерлерінің, судьялар мен сот қызметкерлерінің еңбегін дәріптеу, құрмет көрсету деп түсінген жөн. Еліміздегі кәсіби мерекелер тізбесіне қосылған бұл мерекенің сот саласы үшін мәні зор, маңызы бөлек.
Судьялардың кәсіби мерекесін бекіту бірнеше жылдан бері айтылып, шешімін таппай келе жатқан мәселе. Көпшілік көкейінде жүрген бұл түйткілдің дәл биыл назарға алынуы Жоғарғы Сот тарапынан жасалған жұмыстың нәтижесі. Осы уақытқа дейін судьялар мен сот қызметкерлерінің кәсіби мерекесінің жоқ екенін айтып, өз пікірін бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жеткізген әріптестеріміз аз болған жоқ. Олардың мереке күнін белгілеуге қатысты айтқан ұсыныстары да әртүрлі еді. Мәселен, әріптестеріміздің бір парасы судьялардың кәсіби мерекесін еліміздің Конституция күнімен қатар атап өту орынды деген пікірде болды. Неге? Мұндай уәж айтушылар судьяларды кәсіби мереке белгіленбей тұрып та Конституция күні құттықтайтынын, себебі сот пен заң егіз деген пікірін алға тартты. Шынында да бүгінгі күнге дейін судьяларды Ата Заң қабылданған күн мен тәуелсіздік күні марапаттап, құттықтау дәстүрге айналған. Бірақ мұндай марапат сот мемлекеттің биліктің бір тармағы болғандықтан, елдегі Конституцияны сақтаудың кепілі саналғандықтан жасалғаны түсінікті.
Сонымен бірге, өз ұсыныс-тілегін айтқан әріптестеріміздің бірқатары сот жұмысына серпін беріп, судьялар тәуелсіздігін нығайтқан негізгі құжат – «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» заң қабылданған күнді кәсіби мереке ретінде белгілеуді ұсынды. Бұл заңның 2000 жылы 25 желтоқсанда қабылданғаны белгілі. Сәйкесінше, судьялар мен сот қызметкерлерінің кәсіби мерекесі де 25 желтоқсанда атап өтілуі керек деген ой айтылды. Бұл ұсынысты да қисынсыз дей алмаймыз.
Десек те, Үкімет қаулысымен судьялар мен сот қызметкерлерінің кәсіби мерекесі ретінде 24 маусымның таңдалуы кездейсоқтық емес. Осыдан отыз жыл бұрын 24 маусымда «Қазақ КСР-нің сот жүйесі туралы» заңға алғаш түзетулер енгізілді. Осы заң Жоғарғы Соттың, облыстық, қалалық, аудандық соттардың, сондай-ақ, жаңадан құрылған әскери соттардың сот төрелігін жүзеге асыру тәртібін қамтамасыз етті. Яғни, тәуелсіз қазақстандық соттың қалыптасуының басында осы заң тұр. Ендеше, тарихты ұлықтап, өткенді бағалайтын біздер үшін 24 маусымның мереке ретінде белгіленуі құптарлық.
Кәсіби мерекенің бекітілуі сот қауымы үшін үлкен мәртебе. Биыл тұңғыш рет атап өтілгелі отырған кәсіби мерекеміз құтты болсын, әріптестер! Әділ төрелікпен халықтың құрметіне бөлене беріңіздер!

Ерлан Ильясов,
Қордай аудандық сотының төрағасы

Жамбыл облысы

Сот жүйесіндегі жаңа технологиялар

Сот жүйесін жаңартуға бағытталған жаңашылдықтар жүйелі жүзеге асып, соттар заманауитехнологиялармен жұмыс жасауды кеңінен қолға алды. Соңғы жылдары сот жүйесі заманауи ақпараттық технологиялар арқылы электронды...

Неке-отбасылық қатынастарынан туындайтын даулар артуда

Расында, өкінішке орай қазіргі таңда неке-отбасылық қатынастарынан туындайтын даулар...

Құқықтық ликбез — соттан тыс банкроттық

2023 жылғы 3 наурыздан бастап «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем...

Ата Заң – тәуелсіздік тірегі

Тәуелсіздігіміздің тірегіне, азаттығымыздың алтын тамырына айналған Ата заңның қолданысқа...

Соблюдение этических норм – основа независимости судьи

Принятие Кодекса этики судей имеет большое значение для судебной...