«Судья – сөйлейтін заң, ал заң – сөйлемейтін судья». Бұл тағылымды тіркес судьяның қоғамдағы рөлі мен мемлекеттегі маңызын толық айшықтап тұр. Шынында кез келген елдегі заңдылықтың сақталуы, әділеттің қалыптасуы, түптеп келгенде құқықтық, зайырлы мемлекеттің орнығуы да сот жұмысымен, судья тәуелсіздігімен тікелей байланысты.
Осыған орай сот саласы мен судьяларға барынша қолдау көрсетіліп, мәртебесін арттыру бойынша іргелі шаралар атқарылуда. Сәйкесінше, сот жүйесі мен судьялар да сол мәртебе мен құрметке мейлінше лайық, өз міндеттеріне барынша жауапты болуы керек. Ал мұндай жауаптылық тек білімді жетілдіріп, кәсіби шеберлікті арттырумен шектелмейді. Бұған қоса, әрбір судья өзінің қоғамдағы әділдіктің негізі, заңдылықтың айнасы екенін сезінуі тиіс. Сонымен қатар судьялар өзінің бет-бейнесімен, парасат пайымы, кісілік келбеті, адами әрекеттерімен айналасына үлгі көрсетуі маңызды. Мұның барлығы Судьялардың әдеп кодексінде жан-жақты дәйектелген.
Әдеп кодексі – әрбір судьяның жанқалтасында жүруі тиіс, жұмыс үстелінде үнемі тұруы қажет басты құжаттың бірі. Әдептілік пен зиялылықтың судья келбетіндегі маңызын бағалағандықтан болар, елімізде Судья әдебі кодексін қабылдауға қатысты қадамдар ерте кезден қолға алынды. Соның нәтижесінде тәуелсіздік жылдарында алғаш зерделенген, дайындалған заңнаманың қатарында осы Әдеп кодексі де бар. Бұл сот пен судья беделін мойындаудың нақты көрінісі.
Ең алғашқы судья әдебі кодексі 1996 жылы қабылданды. Осы жылы Республика судьяларының бірінші съезі ұйымдастырылып, тәуелсіз Қазақстан соттарының басты бағыт-бағдарлары айқындалғаны, негізгі мәселелердің таразы басына салынып, нақты міндеттер мен межелердің бекітілгені белгілі. Еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған қазылар қауымы қызу талқылаған басты құжаттың бірі де сол жиында Әдеп кодексі болған еді. Мұнда қызметтегі судьялар мен доғарыстағы судьялардың қызметтегі ғана емес, қызметтен тыс кездегі әдептілік нормалары толық көрсетілген болатын.
Әлбетте, судья әдебі сот төрелігінің имиджін қалыптастыруда және халықтың сот жүйесіне деген сенімін қамтамасыз етуде басты рөл атқаратыны сөзсіз. Соған орай әдептілік әліппесі саналатын бұл кодекс бүгінге дейін бірқатар өзгерістер мен толықтыруларды басынан өткізді. Ақпараттық қоғам қойған талап үдесінен табылу үшін Судья әдебі кодексінің жаңғыртылып, жаңартылып отыруы қалыпты үрдіске айналды.
Ал былтырғы жылы өткен республика судьяларының ІХ съезінде судьялардың қызметтік және қызметтен тыс іс-әрекеттерді жүзеге асыру барысында міндетті әдеп нормаларын белгілейтін жаңа Судья әдебі кодексі қабылданды. Мұнда судьялардың әдеп нормалары стандарттарын сақтауы арқылы қоғамның сот төрелігіне деген сенімін қалыптастыруға ерекше мән берілген. Сонымен қатар, судьяға кез келген азамат сияқты сөз, ар-ождан, бірлесу, ақпарат тарату бостандығын және басқаларды қоса алғанда, конституциялық құқықтар мен бостандықтарға кепілдік беріледі. Осы құқықтарды іске асыру барысында судья сот жүйесінің беделін сақтауды ұмытпауға және әдеп нормаларының бұзылуына жол бермеуге, өз тәуелсіздігіне әсер етуі мүмкін қарым-қатынастардан аулақ болуға тиіс.
Судья қоғамдағы кез келген жағымсыз мінез-құлықтан, жұртшылықтың алдында өзінің қадір-қасиеті мен жалпы сот жүйесінің беделіне нұқсан келтіретін барлық әрекеттерден cақ болуы қажет. Ең бастысы қарапайым халықпен қарым-қатынаста сыпайылық, ашықтық танытуы маңызды. Өйткені судьяның теріс әрекеті соттың бет-бейнесіне, объективтілігіне және тәуелсіздігіне кері әсер ететінін ұмытпаған абзал.
Р.Исмаилова,
Тараз қаласының мамандандырылған тергеу сотының төрағасы


