Судья әділдіктің айнасы, тура төреліктің кепілі, заң үстемдігінің символы болған кезде ғана отандық соттың беделі өседі, мәртебесі нығаяды. Сотқа үшінші билік деген атау тағылып, биік міндет жүктелгенмен, бұл саладағы басты тұлға – судья. Сондықтан сот саласына қатысты тапсырмалардың мінсіз орындалып, меженің бағындырылуы ең алдымен судьялардың білімі мен білігіне, қабілеті мен қарымына, ары мен ұятына байланысты. Судья әдебінің кодексі осы мәселелерді лайықты реттеуді мақсат етеді.
Судьяның қызметі әрбір істі тыңғылықты қарап, заңды орынды қолданумен шектелмейді. Судьялар сот отырысын жүргізе отырып өзінің тіл байлығын, ұстамдылығын, биік мәдениетін, көңіл-күйдің жетегінде кетпейтінін көрсетуі тиіс. Сот – дау алаңы. Ақ пен қара айқындалып, тараптар арасындағы келіспеушілікке нүкте қойылатындықтан, мұнда жоғары эмоциялық ахуалдың орын алатыны түсінікті. Екі жақ өз ұстанымын дәлелдеу үшін айқайлауы, ұрысуы, шеңберден шығуы мүмкін. Сот отырысының тізгінін ұстап отырған судья мұндайда қос тарапқа теңдей сөз ұсынуымен бірге, шектен шыққандарды тежейтін, тәртіпке салатын қасиетке де ие болуы керек. Судьяның қаруы – заң. Ал заңда сотқа құрмет көрсетпеу, қатысушыларды сыйламау, ортақ тәртіпке бағынбағандар үшін әкімшілік, қылмыстық жауаптылық қарастырылғанын ұмытпағанымыз абзал.
Судья тек сот мәжіліс залында ғана емес, қызметтен тыс кезде де әділдік пен сенімділіктің үлгісін көрсетуі қажет. Сол себепті судьяның әдебі – оның кәсіби шеберлігімен қатар тұратын маңызды қасиет. Міне, осы тәртіп пен қағиданы жинақтаған Судья әдебі кодексі – барлық қазылардың күнделікті парақтап, назарында ұстап отыратын маңызды құжаты іспеттес.
Кодексте судьяның кәсіби қызмет пен қоғамдық салада ұстануы тиіс моральдық-этикалық нормалар жинақталған. Ең алғаш Судья әдебі кодексі 1996 жылы өткен республика судьяларының І съезінде қабылданған болатын. Содан бері бұл әдептілік әліппесі бірнеше рет өзгерістер мен толықтырулардан өтті. Құжатта халықаралық талаптар мен міндеттер ескеріле отырып түрлі жаңғыртулар орын алды. Ал 2024 жылғы республика судьяларының ІХ съезінде қабылданған Әдеп кодексі халықаралық талаптар мен қоғам қажеттілігі, азаматтардың пікір-ұсынысы ескеріле отырып барынша жаңғырған, жаңарған заманауи құжат.
Осы съезде Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев сот жүйесінің реформаларына және оның қоғамдағы маңызына тоқтала отырып: «Судьялар адалдықтың, дербестіктің және әділдіктің жарқын үлгісі болуы керек. Сондықтан судьялардың этикалық нормаларды сақтауы ерекше маңызды», – деп атап өтіп, жаңа кодекстің маңызын қолдады. Біз бағдар етіп отырған бүгінгі әдеп кодексі мінсіз судьялар қатарын қалыптастырып, сот беделін нығайтуға септігін тигізеді деп сенеміз.
Ильяс Қосаев,
Алматы қаласы
Әуезов аудандық №2 сотының судьясы


