9 шілде су шаруашылығы қызметкерлері кәсіби мерекесі. Қазіргі таңда жыл өткен сайын елімізде су мәселесі ушығып келеді. Сондықтан бұл мәселеге жете мән беру керек. Бүгінгі таңда «Қазсушар», «Нұра топтық су құбыры» мен Су ресурстары және ирригация министрлігінің мамандарын қосқанда, еліміздің су саласында 10 мыңнан астам адам еңбек етеді. Жыл басынан бері су саласындағы 7 мыңға жуық қызметкердің еңбекақысы өсті. Атап айтқанда, еңбекақысы тариф есебінен төленетін «Қазсушар» мамандарының айлығы 1 қаңтардан бастап орта есеппен 25 пайызға көтерілді. Еңбекақысы республикалық бюджеттен төленетін бірқатар маманның айлығы 1 мамырдан бастап 25 пайызға ұлғайды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2023 жылдың 1 қыркүйегіндегі Жарлығымен Су ресурстары мен ирригация министрлігі құрылған еді. Қазақстанның су-ресурстық әлеуетін сақтау және арттыру бойынша жүйелі жұмыс аясында ауқымды жаңашылдықтарды қамтитын және еліміздің су заңнамасын өзектендіруге мүмкіндік беретін жаңа Су кодексінің жобасы әзірленіп, Мәжіліске енгізді. Жаңадан 20 су қоймасын салу, 15 су қоймасын және 14 мың шақырымнан астам ирригациялық каналды реконструкциялау қарастырылған Су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2024-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасы бекітілді. Еліміздің барлық өңірімен бірлесіп, 2030 жылға дейін су шаруашылығы құрылысын қалпына келтірудің кешенді жоспары және 2024- 2026 жылдарға арналған су үнемдеудің жол картасы жасалды. Биылдың өзінде министрлік су құбырларын салу және реконструкциялау бойынша 28 жобаны іске асыра бастады. Бұл жұмыстардың нәтижесінде 1,1 млн тұрғыны бар 426 елді мекенде ауыз сумен қамтамасыз ету сапасы жақсарады. Министрліктің есебі бойынша, еліміздің су қоймаларына 75 млрд текше метр су жиналды. Жиналған су негізінен ауылшаруашылығы мен өнеркәсіпте пайдаланылады. Су тасқыны кезеңі басталғаннан бері Балқаш көліне 3,3 млрд текше метр, Каспий теңізіне шамамен 6 млрд текше метр су жіберілді. Қамыс-Самар көлдеріне 80 млн текше метр су барды, Ұлытау облысынан Қызылорда облысының ауылшаруашылық алқаптарына су жіберілді. Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовтің айтуынша, елімізде суару маусымы басталғалы 20 мыңнан астам шаруаға 2,8 млрд текше метр су берілді. Суару маусымына дайындық аясында 102 гидробекет жөнделіп, қалпына келтірілді. Сонымен қатар 775 гидробекет аттестациядан өтті. Алты облыстың ауыл шаруашылығы алқаптарына су беруді жақсарту үшін 652 шақырымнан астам суару арнасы тазартылды. Сондай-ақ Қазақстанның 8 өңірінде 74 гидротехникалық құрылыс жөнделді. Жыл басынан Халықаралық Аралды құтқару қорына төрағалық ету кезегі Қазақстан Республикасына өтті. Су ресурстары және ирригация министрлігі биыл Дүниежүзілік банкпен бірге жүзеге асырылып жатқан Солтүстік Аралды сақтау жобасының екінші кезеңін бастауды жоспарлап отыр. Мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясының 86-отырысында «Достық» мемлекетаралық каналы арқылы суару маусымында Қазақстанға 922 млн текше метр су жіберу туралы келісімге қол жеткізді. Ал, Шу-Талас су шаруашылығы комиссиясының 33-ші отырысында Қырғызстаннан елімізге Шу өзені арқылы 180 және Талас өзенімен 380 млн текше метр су жіберу жөнінде мәмілеге келді.
«Министрлік Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру үшін әр өңірге су үнемдеу жүйелері орнатылған егіс алқаптарын ұлғайту бойынша нақты индикаторлар белгілеп, 2030 жылдың соңына дейін кезеңдік жоспар әзірледі. Осылайша, министрлік суармалы жердің жалпы көлемінің 50%-дан астамын су үнемдеу технологиясымен қамту арқылы жылына 2,1 текше шақырымға дейін су үнемдеуді жоспарлап отыр. Бұдан бөлек, елімізде су үнемдеу жүйелерін орнату шығынын субсидиялау мөлшері 50 пайыздан 80 пайызға дейін ұлғайтылды. Елімізде Каспий теңізінің ғылыми-зерттеу институты мен Ұлттық гидрогеологиялық қызмет құрылды. Осы және өзге маңызды іс-шаралар еліміздің су ресурстарын сақтауға және ұлғайтуға, су шаруаршылығы нысандарын жаңадан салу және қайта жаңғыртуға, салаға білікті мамандарды тартуға және суды тиімді пайдалану және оны үнемдеу мәдениетін қалыптастыруға мүмкіндік береді», – дейді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.
Е.КЕБЕКБАЙ, «Заң газеті»


