Достар, замандастар, өмірде «иә» немесе «жоқ» деп таңдау жасар сәті түседі. Сондай кезде асығыс, ойланбай, зердемей шешім қабылдауға болмайды. Әсіресе саған зиянды затты ұсынғанда. Жоқ! деп бас тарта білуіміз қажет. Нашақорлық пен уытқұмарлық ешкімді жақсылыққа апармайды. Есірткі тұтынып, ессіздер қатарынан бірақ шықпайық. Әрбір әрекетімізді ойланып жасайық!
Мен нашақорлыққа қарсымын! Есірткінің салдарынан денсаулығымды құртып, жақындарымнан айырылғым келмейді. Оқуды бітіріп, мамандық иесі болып, қызмет етуді армандаймын. Ата-әжеммен, бауырларымды қуантқым келеді. Ұстаздарымның үмітін ақтасам деймін. Бұл жолда жат қылықтарға бой алдырмауға тырысамын. «Жақсымен жолдас болсаң, жетесің мұратқа, жаманмен дос болсаң қаласың ұятқа» демекші, орта таңдаудан да қателеспейік!
Денсаулық – баға жетпес асыл дүние. Әр адам баласы өз денсаулығына көңіл бөлуі қажет. Мен салауатты өмір салтын ұстанамын. Салауатты өмірді ұстану, жат қылықтан бойыңды аулақ ұстауға көмектеседі. Күнделікті таңертең ағаларыммен бірге жүгіреміз. Бірге жаттығулар жасаймыз. Дұрыс тамақтануды да қолға алдық. Әр сенбі сайын отбасымызбен бірге серуендеп, спорттық ойындар ойнауды дәстүрге айналдырдық.
Достар, бізге берілген әрбір уақытты тиімді пайдаланайық! Беймезгіл уақытта әлеуметтік желіде отыру да қауіпті. Біріншіден уақытылы ұйықтамау ағзалардың жұмысына зиян, екіншіден есіткіні заңсыз сататындардың қармағына түсіп қалуымыз мүмкін. Олар әлеуметтік желі арқылы жасөспірімдерді оңай алдап соғады. Абайла!
Мен барша замандастарымды достарымды есірткіге қарсы болуға шақырамын! Есірткіге жол жоқ! дейік.
Еріп кетпе, елеріп,
бармын деп тасыма!
Спортпен айналыс!
Қиындыққа қажыма!
Есірткіге «Жоқ» деп айт!
Жігерлі бол, жасыма!
#есірткігеқарсыбайқауы
Маржан БЕКАРЫСОВА,
Е.Көшербаев атындағы
№279 мектеп-лицейдің 9 сынып оқушысы,
Қармақшы ауданы


