12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img

«Қоғамымызда масыл емес, қиын жағдайда жүрген мұқтаж жандар көп»

Соңғы уақытта қоғамымызда масылдық сөзі жиі айтылып жүр. Бірі мемлекет төлейтін жәрдемақы масылдықты өршітіп жатыр десе, бірі жұмыс істемей тез баюды ойлағандар масылдықты арттырып отыр дейді.

Ал Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің алғашқы отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев масылдықтың ұлттық мінез-құлқымызға кері әсерін тигізіп жатқанын айтқан еді. Бұл туралы Президент: «Масылдық пиғылдың орын алуына жол берілмейді. Өкінішке орай, бұл кесел ұлттық мінез-құлқымызға кері әсерін тигізуде. Бүкіл қоғам болып жұртшылықты еңбекке баулуға тиіспіз», — деді.

Шын мәнінде масылдық ұғымы қайдан пайда болды? Қоғамымызда масыл жандар деп кімді айтады? Қарап тұрсақ жатыпішер жастар жоқ емес бар. Оларды масыл болды деп NEET жастар деген категорияға енгізіп, жұмыспен қамту мен әлеуметтендіру жол картасын дайындадық. Одан кейін қазақстандық бизнестің 70 пайызы тендерлердің арқасында күн көреді деп, оларды мемлекеттің мойнында масыл болып отыр дедік. Енді мемлекет тарапынан әлеуметтік көмек, яғни жәрдемақы алатындарды масылдыққа жол ашып отыр дейміз. Расында да солай ма? Шындығында қоғамымызда мұқтаж жандар бар. Олардың әлеуметтік жағдайы осы әлеуметтік төлемдерге мұқтаж. Бірақ аталмыш жағдайды пайдаланып, материалдық жағдайларын жасырып, жәрдемақы алғысы келетіндер де бар. Ол енді рас дүние. Ал бұл туралы мамандардың айтар пікірі әртүрлі.

Сіз не дейсіз?

Мақсат Халық, экономист:

Мен өз басым қоғамымызда масылдық бар деп есептемеймін. Мүмкін кейбір көріністері болып қалар, бірақ біздің қоғамымызды «масыл қоғам» деп айта алмаймын. Экономист маман ретінде, керісінше қоғамымыз әлеуметтік көмекке мұқтаж деп есептеймін. Масылдық деп біз Еуропаны айтсақ болады. Мысалы ол жақта жұмыссыз қалған адам мың еуроның көлемінде жәрдемақы алады. Біздің елде әлеуметтік көмек мың еуро түгілі, жүз еуроға да жетпейді. Бұл жерде біз де Еуропадағыдай көп төлеуміз керек деп айтып отырған жоқпын. Тек біздегі әлеуметтік төлемдердің көлеміне қарасаңыз өте аз, әрі қазіргі қымбатшылық заманда ештеңеге де жетпейді. Сондықтан да керісінше әлеуметтік төлемдердің, жәрдемақылардың көлемін көбейту керек деп ойлаймын. Қай кезде масыл қоғам деп айтуға болады? Жаңағы Еуропаның деңгейіндегідей болмаса да, ең болмағанда екі жүз еуроның көлеміндей әлеуметтік төлем төлесек, ал халық соны аз көріп жұмыс жасамай жатса, мемлекеттен төленетін әлеуметтік төлемдер көп, бірақ сонда да халық масылдыққа бой алдырып жатыр деп айтуға болады. Бірақ біздегі жағдай ондай емес. Керісінше, азаматтар жұмыс іздеп жүр, табыс тапқысы келеді. Ал қиын жағдайға тап болып, мұқтаждықта отырған азаматтар әлеуметтік төлемге шын мәнінде мұқтаж болып отыр. Бірақ біздегі ең төменгі зейнетақыны, ең төменгі жалақыны алып қараңызшы. Тіпті әлеуметтік төлемдердің көлемі қандай?… Өте аз. Сондықтан да қоғам масыл болып бара жатыр деген ұғымға келіспеймін және қарсымын. Біз де масылдықтан гөрі мұқтаждық басым дегім келеді.

Есентемір Қуанышбек, журналист:

Қазіргі «масыл» деген сөз, кезінде ата-бабамыздың «арамтамақ» деп айтып кеткен сөзінен шығады. Жұмыс істеуге құлқы жоқ, біреудің есебінен жатып-ішер адамды масыл деп айтып жатамыз. Ал ондай азаматтар қоғамымызда баршылық деп айта алмаймын. Кез келген адам қолынан келген істі жасап, табыс тауып, өмір сүруге талпынып жүр. Қазіргі жастардың басым бөлігі пысық, техниканы меңгерген, ойлау қабілеттері мен әлеуеті зор жандар деп айта аламын. Дегенмен таяқтың екі ұшы бар секілді, адамның да түр-түрі бар ғой. Бірі еңбек етіп тапқан ақшасын, бірі еңбек етпей-ақ тапқысы келеді. Яғни үкімет мені қамтамасыз ету керек деп ойлайтындар. Ал мұндай жандардың саны нақты қанша екенін білмесем де, жұмыссыздық он екі пайыздан асып жығылатынын айтқым келеді. Бірақ олардың барлығын масыл деп айта алмаймыз. Өйткені жұмыс істегісі келетін, алайда екі қолға бір күрек таппай жүрген жандарға қалай «масылсың» деп айтамыз?! Сондықтан қоғамымызда масыл емес, қиын жағдайда жүрген мұқтаж жандар, отбасылар көп деп айтар едім. Ал оларға көрсетілетін жәрдемақы көлемі қандай екені сіз бен бізге мәлім жәйт. Қазіргі қымбатшылық заманда мемлекет тарапынан берілетін әлеуметтік төлем айлық тамаққа да жетпейді. Меніңше, егер арнаулы жәрдемақы көлемі көп болып, ондай ақшаны жұмыс істесең де таппайтындай жағдай болса, ал халық жұмыс істегенше сол жәрдемақыны алып жатқаным жақсы деп ойласа ғана масылдық болар еді. Ал қазіргі жағдаймен салыстырсақ мұны «масыл» деп айтуға де келмейді.  

Ақбота Ерболқызы

Жаңа жыл мерекесіндегі ХҚКО мен МХҚКО жұмыс кестесі

       «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы Жаңа жыл мерекесіне байланысты...

В области Жетысу введены в эксплуатацию новые объекты для повышения качества онкологической помощи

Сегодня в Областной многопрофильной клинике торжественно открыты новое здание...

Жетісу облысында онкологиялық көмектің сапасын арттыру бағытында жаңа нысандар пайдалануға берілді

Бүгін Облыстық көпсалалы клиникада күндізгі стационардың жаңа ғимараты және...

Татуластыру рәсімдерінің тиімділігі

Қазіргі сот жүйесінде дауларды тек қана шешіп қою емес,...

Тіл тағдыры – ел тағдыры

Тіл – ұлттың рухани негізі, елдіктің басты белгісі. Қай...