Ел тәуелсіздігінің ең маңызды нысаны ‑ мемлекеттік тіл. Мемлекеттік тіл ‑ тәуелсіз ұлттың мәдениеті мен рухани болмысының негізгі тірегі.
Сондықтан да, ол ‑ ұлттың өзгеден даралығын анықтайтын жалғыз да айрықша белгісі. Қай ұлт болсын тілі арқылы ғана ерекше болмысы мен табиғи қалпын, өзіндік дәстүрін көрсете алады. Ұлт тілінің мемлекеттік тіл ретінде танылуы тіл бағының жануы, мемлекеттік тілді білу сол мемлекеттегі әрбір азаматтың борышы саналуыф тиіс. Мемлекеттік деңгейде тіл саясатының шешілуі ‑ өте өзекті әрі тың маңызды мәселе. Бұл қазақ халқының рухани болмысының негізін сақтап дамуы, ұлттық идеологиялық саясаттың шешілуі деген сөз. Елбасымыз айтқандай, қазақ халқы бұрын жүздеген жылдар бойы аңсап келген тәуелсіздігінің арқасында тұңғыш рет мемлекеттік деңгейде өз ана тілінің мәртебесін Ата Заң арқылы белгілеп, бірінші рет қазақ тілі мемлекеттік мәртебеге ие болды.
Істі қазақ тілінде жүргізу керек деген мәселе 1997 жылы Тіл туралы Заң қабылданған сәттен бері және Қазақстан Республикасы Президентінің 1998 жылғы 5 қазандағы №4106 Жарлығымен бекітілген тілдерді қолданумен дамытудың мемлекеттік бағдарламасын 1998-2000 жылдар аралығында іске асыру барысында қоғамдық өмірдің барлық негізгі салаларында тіл құрылысы процесстерінің одан әрі кеңейюі мен тереңдеуі үшін алғы шарттар жасалды.
Шын мәнінде мұның бәрі мүлтіксіз орындалуы тиіс іс-шаралар. Әрі оның сапалы атқарылуы азаматтардың өзіне байланысты. Мұны Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та атап өтіп: «Мемлекеттік тілді білу — Қазақстанның әрбір азаматының парызы. Міндеті деп те айтуға болады. Осы орайда мен барша қазақстандықтарға, оның ішінде қазақ тілін әлі жете меңгермеген отандастарыма үндеу тастағым келеді. Жастар ағылшын тілін немесе басқа да тілдерді аз ғана уақытта меңгере алатынын көріп отырмыз. Тұтас буын алмасқан осы жылдарда қазақ тілін үйренгісі келген адам оны әлдеқашан біліп шығар еді. Халқымызда «Ештен кеш жақсы» деген сөз бар. Ең бастысы, ынта болуы керек», — деп үн қосты.
Әрине, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру үшін атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. Жыл сайынғы Президент Жолдауларында, стратегиялық бағдарламаларда қазақ тілін қажет тілге айналдырудың негізі жасалып, бағыты көрсетіліп келеді. Алайда, мемлекеттік тілдің қолданысы әлі де біз ойлағандай деңгейде емес. Өйткені, қазақстандық соттарда мемлекеттік тілде қаралатын істер аз. Бұл республикамыздың көптеген аймақтарында бар мәселе. Өкінішке орай, істердің қай тілде қаралатынын соттар айқындамайды. Сот ісін жүргізу заңнамаларында белгіленгендей «Талап арыз сотқа қай тілде түссе, сол тілде іс жүргізіледі».
Еліміздің бас құжаты – Конституцияның 7-бабы 1-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілі. Осы баптың екінші тармағында мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілінің ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылатыны нақтыланған. Сонымен бірге Қылмыстық процестік кодексі мен Азаматтық іс жүргізу кодексінде елімізде қылмыстық және азаматтық сот ісі мемлекеттік тілде жүргізілетіні атап көрсетілген. Яғни, заң талаптары айқындап отырғандай мемлекетімізде сот ісі қазақ тілінде жүргізілуі тиіс. Орыс және басқа да тілдер қажет болған жағдайда ғана қолданылуы мүмкін. Өкінішке орай, кейбір процесске катысушылар қазақ тілін білмегендіктен сот ісін өзі жетік білетін тілде жүргізуге мүдделі. Бұдан әрине сотта мүддесі қорғалатын азаматтар зардап шегеді. Кейде осындай қазақша білмейтін бір адвокаттың кесірінен сот отырысына аудармашы алдырып, әр қатысушының сөзін аударып әуреге түсуге тура келеді. Ал аудармашының еңбегін мемлекет төлейді. Бұл да бюджетке кәдімгідей шығын. Одан бөлек сот отырысына қатысатын қаншама адам уақыт жағынан ұтылады?
Мемлекеттік тілде қаралатын істер санын көбейту үшін заңға өзгеріс енгізіп, артық талап қоюдың қажеті жоқ. Тілге деген құрмет әрқайсымыздың санамызда үнемі жаңғырып тұруы тиіс. Ана тілімізді біз дәріптемесек, кім дәріптейді?
Қазақ тілі ‑ біздің рухани негізіміз. Біздің міндетіміз ‑ оны барлық салада белсенді пайдалана отырып дамыту, тілдің қолданылу аясын арттыруға күш салу. Қазіргі таңда мемлекет тарапынан тілдік қорымызды үздіксіз жетілдіріп отыру үшін заңдар қабылданып, бағдарламалар жасалған. Осы мүмкіндіктерді пайдаланып мемлекеттік тілдің қолдану өрісін кеңейту өз қолымызда.
Н.Н. Садыркулов, Тараз қаласының мамандандырылған
тергеу сотының судьясы