Соңғы жылдары қоғамымызда масылдық сана ұғымы жиі айтыла бастады. Әсіресе мемлекет тарапынан төленетін жәрдемақының масылдықты өршітіп отырғаны туралы пікірлер көбейді. Осы орайда өткен жылы Сенат депутаты Әли Бектаев та масылдықтың түбі кедейлікке алып келетіні туралы өз пікірін білдірген болатын.
«Бізде 561 миллиард теңге қаржы зейнетақылық емес жәрдемақыға қарастырылған. Бұл бүкіл ауыл, су, балық, орман шаруашылығына бөлінген қаржыдан көп. Халқымызда «адамға балық берме, қармақ бер» деген аталы сөз бар. Өкінішке орай, кей тұрғындар арасында масылдық психология меңдей бастады» деген болатын Сенатор. Елімізде 440 мыңнан астам азамат атаулы әлеуметтік көмек алатынына орай наразылығын білдірген депутат өз алаңдаушылығын осылай жеткізген еді. Тиесілі жәрдемақы болса ештеңе емес, тиесілі болмаса да құжат өткізіп, өзінің шынайы әлеуметтік жағдайын жасырып, қайтсе де атаулы әлеуемттік көмекке ілінуді көздейтіндердің әрекеті қоғам наразылығын туғызып отыр.
Расында да, көп балалы екенін бұлдайтын немесе жұмыссыз жатқанына ұялмайтын, бірақ жағдайы төмен екенін айтып жәрдемақы сұраудан да қымсынбайтын ал көшеде қара жұмыс істеуді намыс көретін азаматтардың көбеюі алаңдатпай қоймайды. Осы орайда дініміз де масылдықты құп көрмейтіні айтылады.
«Кім біреуден бірдеңе сұрап, дәметіп күтетін болса оған кедейліктің 70 есігін ашады» деген хадисте! Демек масылдық, біреуден тіленудің түбі кедейлік екені ақиқат. Осы орайда дінтанушы Асхат Оразалыға көкейіміздегі сұрағымызды қойып, қоғамды дендеген масылдық, тіленушілік жайлы пікірін сұраған едік.
Маман пікірі
Асхат Оразалы, дінтанушы:
— Қазір әлеуметтік желіде Алланың атын жамылып садақа сұрайтындар көбейіп кетті. Сәйкесінше блогерлер де халықтан ақша жинап баспана алып беру, ауырып жатқандарға ақша жинап беру, түрлі байқаулар ұйымдастырып несиесін өтеп беру секілді шараларды жиі ұйымдастыратын болды. Мұндайдың көбеюі халықты масылдыққа ұшыратпай ма деген алаңдаушылық бар. Дінімізде садақа алуды кәсіпке айналдыруға болмайтыны анық айтылған. Негізі жейтін бір күндік тамағы бар болған адамның қайыр сұрауы харам. Мүлдем жейтін тамағы болмай, бірақ дені сау болған, жұмыс істеуге, саудамен айналысуға шамасы жететіндей жағдайда болған адамның да тамақ, сусын немесе осыларды сатып алу үшін ақша сұрауы, тіленуі харам. Яғни он екі мүшесі сау адам өзгеден ештеңе дәметпеуі, тіленбеуі керек. Ақшасы, мүлкі бар екенін біліп тұрып сұрағанын беру де харам. Көрініп тұрғанындай, дінімізде аяқ-қолы сау болып жұмыс істей алатын адамның тіленуі, дәметуі харам саналады. Хадис шәрифтерде былай делінген: «Жұмыс істемей, өзін садақа сұрайтындай жағдайға түсірген адам 70 нәрсеге мұқтаж болады», «Қайыршы тіленудің жауапкершілігін білетін болса, бірден қайыршылықтан бас тартатын еді» дейді. Масыл болып өзін мұқтаждың деңгейіне түсірудің жуапкершілігі ауыр. Яғни сол адам өзіне кедейлікке жола ашады. Сондықтан мүмкіндігінше жұрттан тіленуден гөрі бала шағаңды асыраудың жауапкершілігін өз мойныңа алып, еңбек етіп, отағасылық, әкелік парызын орындауға тырысу керек.
Қуаныш Ермекова