12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

«Мүмкіндігі шектеулі жандар рухани тұрғыдан өте мықты»

Айман Бейсенова, «Азаматтарға арналған Үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Ақтөбе облысы бойынша филиалы №2 бөлімінің маманы

Қоғамымызда аяқ қолы балғадай, он екі мүшесі сау болса да маңдайы терлеп жұмыс істеуге қиналатын, бірақ өзі өмір сүріп отырған қоғамын жамандаудан жалықпайтын жандар жетерлік. Немесе мемлекет тарапынан төленетін балаларының жәрдемақысына иек артып, өзі еңбек еткісі келмейтін ер азаматтарымыз да кездеседі. Сәйкесінше қоғамның осындай масылдыққа бейім бөлігіне кереғар, қоларбаға таңылса да қоғамның басқа толыққанды мүшелеріндей, күні түні тынбай еңбек етіп, елге қызмет жасап, тіпті сондай мүмкіндігі шектеулі екеніне қарамастан өмірге сәби әкеліп, қоғамдық жұмыстарға да үлгеретін Айман Бақытқызын көргенде еңбекқор адам үшін мүмкіндігі шектеулі деген сөздің орынсыз екенін аңғарамыз. Осы орайда болмасты сылтау етіп еңбек етуден қашатын жандарға үлгі болсын деп мықты жігерімен, қайтпас қайсарлығымен, ерен еңбекқорлығымен айналасына мотивация беріп жүрген Айманмен арнайы сұхбаттасып, сыр бөліскен едік…

— Қай жылдан бастап жұмыс істеп, еңбекке араласа бастадыңыз? Жалпы мүмкіндігі шектеулі жандарға жұмыс барысында жағдай жасалған ба?

— Халыққа қызмет көрсету орталығында 2014 жылдан бастап жұмыс істеймін. Оның ішінде 2014-2016 жылдары Қызылорда облысы, Арал қаласының ХҚКО істедім. Кейін Ақтөбе қаласына қоныс аударуыма орай осы Ақтөбе қаласының ХҚКО-ның №2 бөліміне ауыстым. Бұл жерде менен басқа да I, II және III топтағы мүмкіндігі шектеулі жандар жұмыс істейді. Сәйкесінше жұмыс орнында мүмкіндігі шектеулі  жандардың емін еркін қозғалысына көп қолайлы жағдай жасалған. Кіре берістерде арбамен өтуге ыңғайлы өткелдер орналастырылған. Біздің жұмыс орнымыз екінші қабатта орналасқандықтан жоғарғы қабатқа лифтмен шығуға мүмкіндік жасалған. Яғни лифт екінші қабатқа біз үшін арнайы тоқтайды. Жүріп тұруымызға, ғимарат ішіндегі қозғалысымызға  ешқандай кедергі жоқ. Жұмыс орнымызда бірінші топтағы мүгедектегі бар мен ғана. Тағы бір бөлімде мүмкіндігі шектеулі екі адам қызмет істейді, олар екінші және үшінші топтағы мүгедектер. Сондай ақ ХҚКО-ның №3 бөлімінде де қоларбамен жүретін бір жігіт бар. Бір сөзбен айтқанда ХҚКО-ы көптеген мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмыспен қамтып отыр. Бұл олар үшін берілген үлкен мүмкіндік.

Негізі мен тыныш отыра алмайтын адаммын. Оған дейін Аралда үйіміздің алдында жеке дүкен ашып, соның жұмысын жүргізген едім. Ешқашан басқалардан өзімді кем санап, мойыған емеспін. Керсінше қолға алған ісім жүрген сайын қанаттанып кетемін. Сондықтан ешқашан үйде әрекетсіз, тірліксіз отырып көрмеппін. Негізі қоғам мүмкіндігі шектеулі жандардың емін еркін қозғалуына жағдай жасаса олардың өзін басқалардан кем санауы кеми береді.

 Жалпы Ақтөбе қаласында пандустар мәселесі жақсы шешілген. Кейбір жерлерде пандустар өте биік болып немесе керсінше төмен болып жүріп тұруға ыңғайсыз, талапқа сай болмай жатса Қоғамдық бірлестіктер арқылы шағым айтып дұрыстатып жатамыз. Ол қоғамдық бірлестіктер біздің мүддемізді қорғап, мәселелерімізді біздің тарапқа тиімді шешіп беріп отырады. Қоғамдық бірлестіктердің мұндай мәселелерге дер кезінде құлақ түріп, шешіп отыратынына ризамын. Жалпы жыл өткен сайын елімізде мүмкіндігі шектеулі жандардың құқығын қорғауға жете көңіл бөлініп, қоғамдық орындарда барынша жағдай жасалып келе жатқаны қуантады. Бұл елімізде қоғамның әрбір мүшесінің жайлы өмір сүруіне жағдай жасалып жатқанын аңғартады.

Қазір тәп-тәтті бір қызыңыз бар екен. Көмекші болуға да жарап қалыпты. Балалалы болу идеясы қайдан келді? Жалпы елімізде мүмкіндігі шектеулі жандарға балалы болу қиын емес пе?

Жасым отызға таянғанда жалғыздықтан қорқа бастадым. Әке-шешем мәңгі жанымда жүрмейді. Бауырларымның өз отбасы болады. Ал мен ше? Қалай жалғыз өмір сүремін? Біреуге салмақ салмай, масыл болмай өз күнімді өзім қалай көріп кетсем болады деген ойлар мазалап жүрді. Жарымжан, мүмкіндігі шектеулі жандарды жалпы біз секілді ерекше жандарды көп ата-ана баласына алуға рұқсат ете бермейді. Біздей келін алудан сақтанады. Сондықтан не болса да жалғыз қалып қоймайын деп ата-анаммен, бауырларыммен ойласа келе өмірге бала әкелуді шештік. Қызым қазір сегіз жаста. 32 жасымда алғаш рет ана атанып, бақытқа бөлендім. Қазір қолғанатым, көмекшім, сырласым, жан қызыма қарап әрқашан қуанамын. Өмір сүруге, еңбек етуге шабыт аламын.Аллаға шүкір осы қызды бұйыртқанына деп отырамын. Қазір үшінші сыныпта оқиды. Қарақат Нұрланқызы деген қызым көп кәдеме жарап, қолғанатым болып отыр. Басында інілерім «сізді жалғыз қалдырмаймыз, қасымыздан кетпеңіз» деп барынша қамқорлық көрсетуге тырысты. Ол сөздеріне дән ризамын. Бірақ тірі жан тырбанып, тіршілік ету керектігін, басқа біреудің есебінен өмір сүріп, соларға тәуелді болудың дұрыс еместігін ұқтым. Қанша қиын болатынын сезінсем де, сол қиыншылыққа төзетінімді, шыдайтынымды білдім. Онсыз да арба ыңғайсыз, оның үстіне аяғың ауыр болса тіпті қиындайды екен. Бірақ Алланың тілегімді қабыл еткеніне риза болып, шағым айтуға қорықтым. Тоғыз ай бойына тек аман есен өмірге әкелуді мақсат еттім. Негізі адам талпынса ниеті қабыл болмай қоймайды. Ұмтылса жетпейтін мақсаты жоқ. Соған көзім анық жетті. Қазір қызыма қараған сайын сол бір кездегі шешіміме, батылдығыма риза болам. Сосын одан сайын қанаттана түсем. Соған қарап отырып, бір адамға болса да өмір сыйлай алғаныма, қамқор бола алғаныма қуанамын. Мен үшін қызым үлкен бақыт болып отыр!

— Ал мүмкіндігі шектеулі жандардың мақсатына жетуіне елімізде жағдай жасалған ба?

Иә қазір мемлекет тарапынан да мүмкіндігі шектеулі жандарға  қамқорлық өте жақсы жолға қойылған деп санаймын. Қаржылық қолдау да бар. Соны пайдаланып, мемлекеттен тиесілі жәрдемақыларды алып отырамыз. Жыл сайын мүгедектер күніне орай жергілікті бюджеттен бөлінетін көмек қаражатымыз да бар. Мемлекет тарапынан гигиеналық тегін заттар беріліп тұрады. Менің бір қатты риза болатыным, тасымал көліктері жақсы жолға қойылған. Көлік жүргізушілері де мейірімді, кішіпейіл. Такси шақырсақ қоларбаларымыз сыймай қалатындықтан арнайы көлікпен жүреміз. Осы қоларбада отырғандарға арналған көлік тасымалы жетер жерімізге үнемі жеткізіп отырғанына ризамын. Алдағы уақытта осы «Инватаксилердің» санын көбейтіп, үйінде отырып қалған мүмкіндігі шектеулі жандарды мәдени орындарға, хлықпен араласуға  алып шығудың жолдары қарастырылса нұр үстіне нұр болар еді. Жұмысымызға апарып, алып келеді, тіпті демалыс күндері де тапсырыс беріп, пайдалануға болады. Кезекшілікпен тасиды. Шын мәнінде бұл мүмкіндігі шектеулі жандарға беріліп отырған үлкен мүмкіндік. Демалыс күндері де базарға, кинотеатрға, сауда ойын сауық орталықтарына қысқасы қалаған жерімізге апарады. Соның арқасында қозғалысымыз жеңілдеді.

— Сөзіңізге қарап отырсам бәріне өзіңіз жетуге тырысады екенсіз. Жалпы қоғамнан не күтесіз?

— Қоғамнан жылы сөз ғана күтем. Кемітпей, мүсіркеп қарамай, қолдап отырса біз бұдан да көп жетістікке жетер едік. Көп жағдайда қолынан келер ме екен деп күдікпен қарап тұрады. Осы орайда айтарым мүмкіндігі шектеулі жандар өте мықты болып келеді. Қоғамға өзін дәлелдеймін деп жүріп үнемі тырмысады. Мүмкіндігі шектеулі деген сөзбен шектеліп қалғысы келмейді. Айналамнан тек жылы сөз күтем, туыстарым қолдап, жылы сөздерін арнаса қанаттанып кетем. Сондықтан әрбір жаннан өзімен тең дәрежеде сөйлессе екен деп тұрамын. Мәселен қызды боламын деп ұмтылғанда «дұрыс ол өмір сүруге талпынтады, бала деген анаға күш береді» деп қолдағандар да, керсінше «өзің масылсың туыстарыңа, енді балаңмен қосылып масыл болмақсың ба» деп күндегендер де болды. Біріне қуанып, қанаттанып жүрсем, екінші бір сөздері жанымды құлазытып жіберетін. Сондықтан жан жағыма айтарым, мүмкіндігі шектеулі жақындарың болса ештеңе бөліп берме, садақа да тастама. Жай ғана қолда, қалғанын олар өздері жасап алады. Көп жағдайда мүмкіндігі шектеулі жандарды айналасының сөзі мен көзі жасытып тастайды.  

Айтпақшы жақында Ақтөбе қаласындағы «Жұбановтар әлемі» мәдениет орталығының ашылғанына бес жыл толуына орай «Екі жұлдыз» концерті өтейін деп жатыр. Соған Ақтөбе қаласындағы бес мүмкіндігі шектеулі жанға ел алдында жүрген, атақты әншілермен жұп болып ән айту бақыты бұйырып отыр. Біреуге болмайтын нәрсе көрінгенімен бұл мен үшін үлкен мәртебе. Маған өз жерлесім Мәдина Сәдуақасова өнер көрсету бұйырыпты. Қазір дайындалып жатырмыз. Сол секілді талпынған адамға мүмкіндіктер есігі ашылады дегім келеді.

Әңгімеңізге көп рахмет! Аман болыңыз! 

Ерзия Ерсұңқар

5571 әскери бөлімінде профилактикалық сабақ өтті

Ағымдағы жылдың 3 маусым күні - Қазақстан Республикасы ІІМ Оңтүстік...

Ұлы Абай — ілімдегі алтын тақтың иесі

        Әлем мойындаған Ұлы Абай - ілімдегі алтын тақтың иесі!...

Ерлан Қарин: Жүргізіліп жатқан саяси бағыт салмақты қоғамдық қолдауға ие

Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин «Орталық Азия — Қытай: аймақтық әріптестіктің...

Абайдың нақыл сөздері – рухани биіктікке бастар жол

Абай Құнанбаевтың нақыл сөздері — қазақ халқының рухани дүниесіндегі баға жетпесқазына. Ол — тек ақын емес, ойшыл, ұстаз, кемеңгер тұлға....

Мемлекеттік қызметшінің әдебі

Мемлекеттік қызметшінің әдебі деген ұғымның маңызы зор. Өйткені мемлекеттік...