spot_img
spot_img

Асқақ арманға жетелеген білім ордасы

Халық пен халықты,

адам мен адамды

теңестіретін нәрсе – білім!

Мұхтар Әуезов

   Иә, адамзат пайда болғалы бері білім-ғылымның адам өмірінде алатын орны айрықша. Кез келген елдің даму көрсеткіші де, кез келген адамның тұлғалық сипаты мен өзгелерден озықтығы да, кез келген  мәдениеттің үздік үлгілері де  білім арқылы көрініс табады. Тек осы фактор арқылы ғана бізді қоршаған ғалам ғажайыпқа айналуда.

   Еліміз азаттығын алғаннан кейінгі алғашқы мақсат әлемнің алпауыт елдерімен терезесі тең, алып мемлекетке айналу болды. Ал бұл мүддеге жеткізетін бірден–бір күш білім күші екені айдан анық. Сондықтан, Қазақстан үнемі жастардың болашағына мән беріп, мол сенім артуда. Бұл үмітті ақтау біз, жастар үшін, парыз деп білемін.

  Ұлы мұратқа жетелеген  үлкен жолда біз білім нәрімен сусындап жатқан ҚазҰУ – киелі мекен, қара шаңырақ. Бұл ұядан қанша дарын түлеп ұшып, өмірден өз орындарын тапты, ақ армандары мен мақсаттарын орындады және талай биіктерді бағындыруда. Сондықтан мен үшін де Әл- Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің студенті атану зор жетістік әрі үлкен абырой  болды. Бұл оқу орнына түсуді оқушы күнімнен армандаған едім.  Сол себепті де өзім білім алып жатқан осынау  құтты мекен  жайында қысқаша айтып өтуді жөн көрдім.

   Дәл өзімдей  мыңдаған жастардың арманына айналған бұл оқу орны- бүгінгі таңда Қазақстандағы ғана емес, сонымен бірге, Орталық Азиядағы жетекші университеттердің бірі де бірегейі. Қазақ  Ұлттық Университеті- республикадағы  барлық жоғары білім беру жүйесінің тірегі және білікті  мамандар мен білімді студенттердің ордасы. 1934 жылы іргесі қаланған білім ордасы күннен- күнге әлемдік білім беру жүйесінде өзіндік орнын айқындап келеді. Оның  дәлелі ретінде,  белгілі QS  World University Ranking   халықаралық рейтинг агенттігінің 2017 жылы жариялаған зерттеу қорытындысына сәйкес, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті әлемдегі үздік 800 университет арасында 236-орынды иемденіп, ең үздік 250 университет қатарынан  көрінді. Ал биыл ҚазҰУ әлемдегі ең мықты 200 университеттің құрамына еніп, абыройымызды одан сайын асқақ етті.

  Қарқынды әрі жүйелі даму бағыты халықаралық білім беру стандарты бойынша қабылданған  университет білікті мамандарды даярлауға, өндіріске енгізілетін іргелі және қолданбалы зерттеулерді дамытуға бағытталған кең көлемдегі ғылым, білім, рухани-тәрбиелілік, инновациялық және өндіруші негізіне ие. Бұл оқу орны ертеңгі ел тірегі жас ұрпақты майталман маман ретінде ғана емес, қоғамда өзіндік орнын таба білетін саналы азамат етіп қалыптастыруда да  айрықша рөл атқарып отыр. Университетте жастардың жарқын болашағы үшін барлық жағдай жасалған. Атап айтсақ, еліміздегі  ең ірі кітапханалардың бірі- Әл-Фараби кітапханасы, Интернет орталығы, «Керемет» студенттерге қызмет көрсету орталығы, Ө.Жолдасбеков атындағы студенттер сарайы – бәрі де білім алушы студенттердің игілігі үшін ерекше орындар болып саналады. Сонымен бірге, университет құрамында 20 ғылыми-зерттеу институты, 14 факультеттің құрамындағы 98 кафедра және Технопарк жұмыс істейді. Сондай-ақ ҚазҰУ- еліміздегі территориясы ең үлкен университет, таза ауамен тыныстап, бой сергітемін деген адамға бақ секілді. Осының бәрі оқу ордасының мерейін одан әрі  асқақтата түсетіні сөзсіз.

    Және де осындай құт мекенде дарынды әрі белсенді  студенттер өте көп болғандықтан олардың көшбасшылық қабілеттерін, ұйымдастырушылық қасиеттерін дамыту мақсатында жастар ұйымдары комитеті жұмыс істейді. Оның құрамына «Сұңқар» студенттер кәсіподағы, студенттер Сенаты, «Көмек» еріктілер қозғалысы, студенттер кеңесі, Болон үдерісі бойынша студенттік бюро, студенттердің ғылыми қоғамы кіреді. Қазіргі уақытта университеттегі барлық мерекелік іс-шаралар тікелей аталған жастардың қатысуымен өтеді.

   Ал мен осы білім ордасындағы Заң факультетінің студентімін. Заңгер мамандығы – бүкіл өміріңді арнап және өз таңдауыңды мақтан етерлік, қиын әрі күрделі, алайда өте қызықты және мәртебелі мамандық. Осы салада жұмыс істеу менің бала күнгі арманым  болатын.

1934 жылы ҚазҰУ  іргетасы қаланғанда, алғашқылардың бірі болып ашылған заң факультеті бүгінге дейін көптеген жаңару мен өзгерістерді басынан өткерді. Қазіргі таңда заң факультетінде құқықтану және кеден ісі мамандықтары бойынша мамандарды дайындайды. Студенттерді даярлау үдерісі орта білім және жоғары білім негізінде жүзеге асырылады. Сонымен қатар заң факультетінің студенттері магистратура және PhD докторантурасына түсуге мүмкіндіктері бар. Бүгінде заң факультетінің ең күрделі ғылыми-тәжірибелік мәселелерді шешуге мүмкіндік беретін жақсы ғылыми әлеуеті бар. Факультетте бір ҚР ҰҒА академигі, 30 докторлар мен профессорлар, 80-нен аса ғылым кандидаттары, доценттер, сонымен қатар ҚР Парламенті, ҚР Үкіметі, ҚР Президерті Әкімшілікгі, ҚР Жоғары Соты, Құқық қорғау органдары мен ғылым Академиясынан жоғары тәжірибелі мамандар жұмыс жасауда. Олардың басым көпшілігі шет тілдерін меңгерген, АҚШ, Еуропа, Туркия және өзге де мемлекеттерде тәжірибе алмасып, білімін толықтырып келген мамандар.

   Біздің факультетімізде Қазақстан СОРОС қорының қолдауымен Студенттік заң клиникасы ашылды және үздік студенттер халыққа заң кеңесін беру арқылы табысты жұмыс жасауда. Заң факультетінде- студенттік өмір қызықты әрі мазмұнды. Әрдайым спорттық жарыстар және түрлі конкурстар ұйымдастырылып тұрады.

  Мақтан етерлік тағы бір жайт Заң факультеті түлектерінің арасында ҚР сот және құқық қорғау органдары, прокуратура органдары, ІІМ, қаржы полициясы, ҚР Әділет министрлігі басқармаларының басшылары аз емес.

  Заң факультетіне қатысты маңызды пункттердің бірі- мұнда сыбайлас-жемқорлыққа қарсы «Саналы ұрпақ»,  «Сот-сараптама орталығы» сынды студенттер клубы жұмыс істейді. Мұндағы негізгі мақсат- студенттермен күш біріктіре отырып, даулы мәселені жоюдың жолдарын қарастыру, әртүрлі тәжірибе, сраптамалар арқылы миссияларды орындау, жемқорлыққа қарсы тұру, еліміздің әлеуетін шынайы білімге негіздей отырып көтеру.

  Міне, мен осындай қасиетті қара шаңырақта білім алып жатырмын. ҚазҰУ тек үздік мамандар ғана дайындап қоймай, нағыз тұлға, адамгершілігі мол, өзінің елін сүйетін, тілі мен ділін сүйетін, оның құндылықтарын бәрінен биік қоя білетін, өресі биік, нағыз адам деген атқа лайық ұл-қыздарды тәрбиелеуде. Осы үшін біз туған жерге, туған елге, дәл осы киелі мекенге мәңгілік қарыздармыз. ҚазҰУ-ым – мақтанышым!

Меруерт БИСЕНОВА,

Гульзагира АТАХАНОВА,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Қылмыстық құқық,

Қылмыстық іс-жүргізу және криминалистика

кафедрасының оқытушылары.

Нурмухамед НУРСАБИТОВ,

Заң факультетінің 1 курс магистранты.

ҚазҰУ студенттері су мәселесі талқылады

  Қазақстан Республикасының тұрақты даму саласындағы халықаралық міндеттемелеріне сәйкес,...

ҚазҰУ студенттерінің белсенді өмірі

  Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті тек жоғары білім...

ҚазҰУ-сапалы білім берудің үлгісі

    Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті (ҚазҰУ) – Қазақстандағы...

ҚазҰУ-еліміздің болашақ көшбасшыларын тәрбиелейтін оқу ордасы

      Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті (ҚазҰУ) – Қазақстанның...

ҚазҰУ студенттері кедейлік мәселесін талқылады

Кедейлік-жалпыұлттық өзекті мәселе        Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Заң...