Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі баспасөз брифингін өткізді. Брифингте еліміздегі байланыс пен интернет сапасын арттыру мақсатында жасалған жұмыстар есебі мен алдағы жоспарлар айтылды.
Шараға министр Жаслан Мәдиев, оның орынбасарлары Асхат Оразбек пен Мәлік Олжабеков, сондай-ақ комитет басшылары қатысты. Байланыс пен интернет сапасын арттыруға бағытталған жұмыстардың аралық есебімен Телекоммуникациялар комитетінің төрағасы Ержан Мейрамов таныстырды. Осыдан бір ай бұрын министр Жаслан Мәдиев Үкіметке осы тақырып бойынша есеп берген еді. Бұл жолғы брифингте өткен айдың қорытындысы беріліп, алдағы жоспарлар талқыланды. «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасының негізгі міндеттерінің бірі – республикалық және облыстық маңызы бар автомобиль жолдарын мобильді интернетпен қамтамасыз ету. Қазақстанда 25 мың шақырымға жуық республикалық маңызы бар жолдар бар. Министрлік облыс әкімдіктерімен және ұялы байланыс операторларымен бірлесе отырып, аталған жолдардың интернетпен қамтылуына талдады. Қазіргі уақытта 2025–2026 жылдары құрылысы жоспарланатын 243 антенналық діңгек құрылымдарының жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленуде. 17 АМҚ үшін оң сараптамалық қорытындылар алынды (бұрынғы 13-пен салыстырғанда), 180 АМҚ үшін құжаттаманы әзірлеу жалғасуда (бұрын 153). Жолдарды интернетпен қамту көлік саласын цифрландыру, қауіпсіздікті арттыру, логистика мен қозғалысты басқаруды жақсарту, сондай-ақ инфрақұрылым мен қызметтерді дамыту үшін өте маңызды. Цифрлық даму министрлігі де коммуникациялық олқылықтарды жою бойынша белсенді жұмыс жүргізуде. 2023 жылы Астанада осындай 67 аймақ болса, оның 52-сі жойылды. Қалған 31 нысанда қазір жұмыс жалғасуда. Премьер-Министрдің тапсырмасы бойынша мұндай шаралар еліміздің басқа өңірлерінде де өткізілмек. Сонымен қатар, бүгінде Starlink технологиясы арқылы 1729 ауыл мектебі спутниктік интернетке қосылған. Ұлттық қауіпсіздік комитетімен келісу аясында төтенше жағдайларды жою кезінде интернетке қолжетімділікті қамтамасыз ету үшін 70-ке жуық абоненттік терминалды қоса алғанда, пилоттық жобаны кеңейту жоспарлануда.
– Мамыр айының басындағы жағдай бойынша мектептерге 600-ге жуық Starlink терминалдары таратылды, бүгінде олардың саны 1729-ға жетті. 1 қыркүйекке дейін мектептерде барлығы 2000 Starlink орнатылады, – деді Жаслан Мәдиев. Спикер бірақ шекараға жақын орналасқан 136 мектеп бұл жүйеге компанияның ішкі тәртібі бойынша қосыла алмайтынын жеткізді. Басты себеп – мектептердің Ресей мен Қытайға жақын орналасуы.
– Егер бұл мәселе техникалық тұрғыдан шешілмесе, Starlink-ті басқа мектептерге үлестіреміз. Бірақ біз бұл мектептердің Starlink-тен интернетпен қамтылғанына мүдделіміз, – деді Жаслан Мәдиев брифингте. Баспасөз брифингінде спикерлер журналистердің сұрақтарына жауап берді. Министрлік халықты жетістіктері мен жоспарлары туралы хабардар ету үшін осындай шараларды тұрақты түрде өткізіп тұруды көздеп отыр.
Нұрбол ЖЫЛЫС, «Заң газеті»


