Құқықтық мемлекеттің маңызды міндеттерінің бірі – дауларды әділ, тиімді және барынша бейбіт жолмен шешу. Осы тұрғыдан алғанда, бітімгершілік институты сот төрелігінің маңызды бағыты ретінде танылып, қоғамда дауларды реттеудің балама тәсілі ретінде кеңінен қолданылуда.
Бітімгершілік – тараптар арасындағы дауды сотқа жеткізбей немесе сот барысында татуластыру арқылы шешуге бағытталған рәсімдер жиынтығы. Қазақстан Республикасында бітімгершілік рәсімдері «Медиация туралы» Заңмен, Қазақстан Республикасының Азаматтық процессуалдық кодексімен және Әкімшілік рәсімдік-процессуалдық кодекспен реттеледі.
Бітімгершілік рәсімдерінің түрлері ол,
біріншіден, медиация – бейтарап медиатордың көмегімен тараптардың келісімге келу рәсімі. Бұл тәсіл азаматтық, әкімшілік және кейбір қылмыстық істерде қолданылуы мүмкін.
Екіншіден, тараптардың татуласуы – сот талқылауы барысында тараптардың өзара келісімге келуі.
Үшіншіден, партисипативтік рәсім – адвокаттардың қатысуымен дауды реттеу механизмі.
Сот төрелігінде бітімгершіліктің артықшылықтары ол уақыт үнемдеу. Себебі, сот процестері ұзаққа созылуы мүмкін, ал бітімгершілік тәсілдері дауды тез арада шешуге мүмкіндік береді және қатынастарды сақтайды, әсіресе, бизнес, отбасы және еңбек дауларында тараптардың өзара қарым-қатынасын бұзбай, компромиске келуі маңызды. Сонымен қатар, соттың жүктемесін азайтады, яғни дауларды сотқа дейінгі реттеу жүйесі соттардың жұмысын жеңілдетеді.
Әкімшілік сот ісін жүргізуде бітімгершілік рәсімдерінің қолданылуы жаңа серпін алуда, тараптарға медиация, татуласу келісімдері, партисипативтік рәсімдер арқылы дауларды шешуге мүмкіндік береді. Бұл әкімшілік органдар мен азаматтар арасындағы қақтығыстарды бейбіт түрде шешуге ықпал етеді.
Соңғы жылдары елімізде медиация институты белсенді түрде дамып келеді. Медиациялық орталықтар құрылып, мекемелерде татуластыру кабинеттері ашылды.
Бітімгершілік – заманауи құқықтық мемлекеттің маңызды құралы. Ол сот жүйесінің тиімділігін арттырып, қоғамдағы дауларды әділетті, жылдам және бейбіт жолмен шешуге мүмкіндік береді.
Шалқар аудандық сотының төрағасы С.Дәріқұлова