12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

Сот шешімін түсіндірудің маңызы зор

Қай кезде де сотқа жүктелер жауаптылық төмен болмаған. Өйткені сот елдегі әділдік пен тура төреліктің өлшемі, азаматтардың болашаққа деген сенімінің негізі. Осындай ауқымды міндет атқарғандықтан, сот саласын дамытуға, жандандыруға қатысты реформалар бір сәт те тоқтаған емес. Сот шешімдерін түсіндіруге байланысты бастаманың қолға алынуы да осы үздіксіз жүргізілген реформалардың жемісі. 

  Жаңашылдықтардың тәжірибеге енгізілуіне ең алдымен Президент жолдауларындағы тапсырмалар түрткі болса, екіншіден, судьялар съездеріндегі міндеттер мен межелер бағдар болып отыр. Сонымен бірге, бастамалардың жүзеге асуына көп жағдайда қарапайым халық тарапынан айтылған талап-тілектердің көмектесетінін айта кеткеніміз жөн. 

Әсіресе, соттарда тұрақты жүргізілетін сауалнамалардың көмегі көп. Мұндай сауалнамалар сот  саласындағы жетістіктер мен кемшіліктерді сараптап, ізденістер  мен іркілістерді бағалауға, азаматтардың пікір-лебізіне құлақ түріп, ашық диалог орнатуға көмектеседі. Сот шешімдерін түсіндіру де – тараптардың талабы. Себебі, соттағы шешімнің түсініксіз болуы судьяның да, сот саласының да жұмысын жоққа шығарып қоймай, халықтың төрелікке деген сенімін азайтады.

Сот шешімі – судья жұмысының ең түпкі нәтижесі. Шешім шығарғанға дейін судья істің ақ-қарасын анықтап, тараптарды теңдей сөйлетіп, дәлелдер мен куәгерлер сөзін пайымдап, заңнамаларды електен өткізіп өз түйінін жасайды. Әрине, шешімге екі тараптың бірдей риза болатын кезі сирек. Дегенмен, сот өз шешімінің заңдылығын, негізділігін түсіндіріп, салдары туралы сауатты уәж айтса, сөзге тоқтамайтын, өзінің қателігін түсінбейтін адам аз. «Жақсы сөз жараны да жазады», «Жол қуған кәдеге жолығады, сөз қуған бәлеге жолығады», «Ауыр істің салмағы білекке түсер. Ащы сөздің салмағы жүрекке түсер» дегенді де дана бабаларымыз өмір көргеннен айтса керек.

Сот шешімін түсіндірудің маңызы зор, пайдасы орасан. Біріншіден, шешімді күрделі заң терминдерімен түсіндіргеннен, қарапайым, ұғынықты етіп жеткізу – азаматтардың шешімнің түпкі мақсатын білуіне көмектеседі. Екіншіден, сот жұмысын қорытындылайтын бұл құжат халықтың құқықтық білімін көтеруге, заңдарды түсінуіне сеп болады. Үшіншіден, сот шешімін түсіндіру судья мен тараптар арасын жақындататын, екіжақты диалогты жолға қоятын тетіктің бірі. Әрі ең негізгісі өзінің шешімін түсіндіру арқылы судьялардың әр сөзді дұрыс қолданып, әр қадамын сауатты жеткізуге қатысты кәсіби дағдысы қалыптасады. Осы арқылы судьялар тіл байлығын дамытуға, сөздік қорын молайтуға ұмтылады. Заңның тілінде ғана емес, қарапайым азаматтардың тілінде сөйлеуге үйренеді.

Сот шешімін түсіндіру бойынша ілкімді жоба 2018 жылдың 15 қаңтарынан басталғаны белгілі. Міне, содан бері бұл бағытта нақты тәжірибе қалыптасты. «Сот шешімі» туралы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2003 жылғы 11 шілдедегі № 5 нормативтік қаулысы толықтырылып, «Жарияланғаннан кейін судья қабылданған шешімнің мәнін, уәждері мен құқықтық салдарларын ауызша түсіндіреді, ол туралы сот отырысының хаттамасында белгі жасалады» деген өзгеріс енгізілді. Осы құжатты басшылыққа алған судьялар өзінің шығарған сот шешімін, үкімін, қаулысын жариялап қана қоймай, азаматтарға жан-жақты түсіндіріп келеді. Сондай-ақ азаматтар тарапынан туындаған сұрақтарға жан-жақты, тыңғылықты жауап беруді де судьялар жақсы дәстүрге айналдырған. Жалпы сот шешімін түсіндірген кезде тараптарға сұрақ қоюға мүмкіндік берген дұрыс. Сот алаңында жауабы жоқ сұрақ қалмағаны орынды. Қабылданған шешімнің мәнін, мағынасын, салдарын, заңды күшін, орындау міндеттілігін, әр істің санаттылығына байланысты нақты түсіндіргенде тараптардың сотқа, судьяға да реніші болмайды.

Сотқа қатысушы тараптардың барлығы заңгер емес. Сондықтан құқықтық терминдердің мағынасына қатысты түсінбеушілік бірінші сатыдағы соттың шешіміне шағымдануға түрткі болатын кез көп. Ал сот актілерін процеске қатысушыларға қарапайым тілмен, көзбе-көз түсіндіру тараптардың көңіліндегі күдікті тыятыны анық. Бұл жаңашылдық қазір жемісін беріп, сот шешіміне қанағаттанушылар санының көбейгені қуантады. Осының өзі сот шешімін түсіндіруге қатысты жобаның өзін-өзі ақтағанын көрсетсе керек.

Өмірбай Нұрсұлтан Әбілқасымұлы, 

Түркістан облысы кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы

Жаңа кассациялық соттың маңыздылығы

Мемлекет басшысы 1 шілде 2025 жылдан бастап қылмыстық, азаматтық...

Кассациялық сот

Елімізде сот жүйесінің транспартенттілігін және тиімділігін арттыруға бағытталған реформалар...

Ұзақ жыл мемлекеттік қызметте жұмыс жасауға көмектесетін құндылықтар

       Мемлекеттік қызметке жұмысқа орналасқан кезде айлығым 4000 теңгеге...

Еліміздің Ата Заңына 30 жыл!

Биыл Ата заңымыздың қабылданғанына – 30 жыл. Қазақстан Конституциясы...

Сот кабинетінің ерекшелігі

Қазіргі уақытта ғылым мен техника қарыштап, дамыған елдерде қағазбастылықтан...