«Заң және тәртіп» тұжырымдамасында ел азаматтарының құқықтық сауаттылығын арттыру басты орынға қойылса, бұл мәселеге сот жүйесінің қызметкерлері де айрықша назар аударып отыр. Соттар заң нормаларын ел халқына жан-жақты түсіндіру, сол арқылы олардың заңға деген құрметін нығайту мақсатында бұқаралық ақпарат құралдарына түрлі тақырыпта материалдар жариялауда. Жұртшылыққа ұсынып отырған мақала осы бағытта өрбиді, яғни, сотқа қатысу тәртібі түсіндіріледі.
Азаматтық іс жүргізу міндеттеріне жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін, бостандықтарын қорғап, қалпына келтіру, қоғамда заңға және сотқа құрметпен қарауды қалыптастыру жатады. Осы себепті, сотқа қатысушылардың барлығына бірдей міндетті ережелер қарастырылған. Мәселен, сот отырысына қатысу тәртібі процеске кешікпей келуден басталады, сонымен бірге ғимараттағы қауіпсіздікті сақтау, осы ретте міндеттелген қағидаларды қатаң басшылыққа алу барлық сотқа қатысушыдан талап етіледі.
Соттың шақыртуына себепсіз келмеудің өзі сотты құрметтемеу болып саналатынын азаматтар білулері тиіс. Сот ғимаратына кіретін әрбір адамның жеке құжаты тексеріліп, күмәнді заттар алып кіруіне тыйым салынады. Мұндай шаралардың соттағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуде маңызы зор.
Азаматтық процестік кодекстің талабына сәйкес, сот залындағылар судья кіргенде орындарынан тұрады. Осы кодекспен шешiм шығармай аяқталатын істегі сот шешiмiн немесе ұйғарымын сот қатысушылары орындарынан тұрып тыңдауы, сондай-ақ, судьяға «құрметті сот» деп сөйлеуі әрі техникалық байланыс құралдарының сот процесіне қатысу ерекшеліктеріне қарай қолданылатыны нақтыланған.
Сот шешімі мемлекет атынан қабылданады, сондықтан, тараптар процесс барысында әр сөзі мен іс-әрекетіне жауапкершілікпен қарап, тыныштық сақтауға басқа қатысушыларға құрметпен қарауға баса мән бергендері жөн. Сот залында дауыс көтеру, өзге қатысушылардың сөзін бөлу, өздігінен шығып кету, дөрекілік таныту заңға қайшы, осы себепті, сот процесінің қалыпты жағдайда өтуіне кедергі келтіргендерге жауапкершілік көзделген.
Мысалы, сот процесіне қатысушылардың бірі іс талқыланып жатқан кезде тәртiп бұзса оған алдымен ескерту жасалады. Тәртiптi қайталап бұзса, сот ұйғарымымен сот талқылауына немесе оның бiр бөлiгiне қатыстырылмайды. АПК-нің 188-бабына сай, процеске қатысушы сот талқылауы кезінде сотты құрметтемеу әрекетін жасаса, оған 120-бапта белгіленген тәртіппен әкімшілік жаза қолданылады. Тәртіп бұзушының әрекеттерінен қылмыстық құқық бұзушылық белгілері анықталған жағдайда қылмыстық жауапқа тартылады.
Сотқа қатысушылардың сот залына уақытылы келуі, келе алмайтын жағдайда оның дәлелді себебін көрсетіп, алдын ала хабарлауы, сыртқы және бас киімін шешіп кіруі, ұялы телефонын өшіріп қоюы сынды әрекеттері олардың заңға деген құрметімен қоса құқықтық мәдениетін көрсетеді. Заңның үстемдік құруы барлық мемлекет үшін басты құндылық десек, мемлекет атынан шешім қабылданатын сот процестеріне қатысатын әрбір адам заң талабына бағынып, сотты құрметтеуге, оның шешімдері мен үкімдерін, қаулыларын, т.б. құжаттарын уақытылы орындауға міндетті.
Жалпы алғанда, сот залында тәртіп сақтамағандар үшін көзделген жауапкершілік азаматтардың сот алдындағы теңдігі мен сот төрелігінің міндеттерін іске асыру мақсатында қолданылады.
Халқымызда «Өзгеге жасаған ізетің – өзіңе жасаған құрметің» деген нақыл болса, батыр бабамыз Бауыржан Момышұлы «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бас иген құл болмайды» деді, мұндай мағынасы терең, мәні кең қанатты сөздер тек сот залында ғана емес, жалпы қоғамда тәртіп сақтау қажеттігін меңзейді. Өркениетті мемлекетті қалайтын әрбір адам ең алдымен өзін құқықтық тұрғыда жетілдіруі қажет. Олай дейтініміз, құқықтық мәдениеті мен сауаты жоғары азаматтары басым мемлекеттің заңы әрқашанда үстем болады.


