Сот төрелігін жүзеге асыруда судьяның қызметімен қатар, сот отырысының хатшысына жүктелетін міндеттің де маңызы зор. Сот отырысының хатшысы — сот процесінің дұрыс әрі белгіленген тәртіппен өтуін қамтамасыз ететін жауапты мамандардың бірі.
Хатшының жұмысы сот отырысы басталған сәттен ғана емес, оған дейінгі дайындық кезеңінен басталады. Ол сот отырысына қатысушылардың тиісті түрде хабардар етілуін қадағалап, сот отырысының уақытында өтуіне қажетті ұйымдастырушылық жұмыстарды атқарады.
Сот отырысы барысында хатшы болып жатқан барлық процестік әрекеттерді мұқият тіркеп, сот отырысының хаттамасын жүргізеді. Бұл ретте бір сөзді немесе бір деректі назардан тыс қалдырмау, әрбір мәліметті дәл әрі сауатты рәсімдеу — үлкен жауапкершілікті талап етеді.
Сот хаттамасы — жай ғана құжат емес. Ол сот отырысының барысын көрсететін маңызды процессуалдық құжаттардың бірі. Сондықтан хатшыдан ұқыптылықпен қатар, заңнаманы білу, сауатты жазу, зейінділік және жоғары жауапкершілік талап етіледі.
Кейде сырт көзге сот отырысының хатшысы тек құжат толтырып, жазба жүргізетін маман сияқты көрінуі мүмкін. Алайда оның атқаратын жұмысы әлдеқайда ауқымды. Әрбір сот отырысының ұйымдасқан түрде өтуіне, процестік құжаттардың талапқа сай рәсімделуіне хатшының еңбегі тікелей ықпал етеді.
Бұл қызметте кәсіби біліммен бірге сабырлылық пен бейтараптықтың да маңызы ерекше. Себебі сот залында әртүрлі жағдайлар орын алуы мүмкін. Осындай сәттерде хатшы өз міндетін сапалы атқарып, қызметтік әдепті сақтай білуі қажет.
Сот отырысының хатшысы — сот жүйесінің көзге көп көріне бермейтін, бірақ сот төрелігінің сапалы жүзеге асуына өзіндік үлес қосатын маңызды буын. Оның әрбір жазбасы, әрбір рәсімдеген құжаты – заң талаптарының сақталуына бағытталған жауапты еңбектің нәтижесі.
Сондықтан сот отырысының хатшысы болу — жай ғана қызмет емес, үлкен жауапкершілікті, тиянақтылықты және кәсіби адалдықты талап ететін міндет.
Қызылорда қаласының әкімшілік
құқық бұзушылықтар жөніндегі
мамандандырылған сотының
бас маман сот отырысының хатшысы Р.Рысбаев


