Алматы қаласының Алмалы аудандық сотында Санжар Боқаевқа, оның жиені Мадияр Қалменовке және жеке мобилографы Ұлан Нүсіпқожаға қатысты қылмыстық іс бойынша кезекті сот отырысы басталды. Сотталушыларға алаяқтық, қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру, ұрлық, ағаштарды заңсыз кесу және көрінеу жалған ақпарат тарату айыптары тағылып отыр.
Санжар Боқаевқа аталған бес баптың барлығы бойынша айып тағылса, Мадияр Қалменов алаяқтық және қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастыру эпизодтары бойынша, ал Ұлан Нүсіпқожа ұрлық, ағаштарды заңсыз кесу және көрінеу жалған ақпарат тарату фактілері бойынша айыпталуда.
Бұған дейін, 27 қазанда өткен сот отырысында куәгерлерден жауап алынған болатын. Олардың айғақтары мемлекеттік айыптау тарапының нұсқасын, яғни «ҚазТрансГаз» кәсіподағының қаражаты есебінен автошеру ұйымдастыруға арналған шарттардың жалған сипатын толық растады.
Атап айтқанда, кәсіподақтың бұрынғы төрайымы Зәуреш Маханова жобаға «BM Trust» және «We Can» компанияларын тарту бастамасын Санжар Боқаев көтергенін мәлімдеді. Оның айтуынша, Мадияр Қалменов алдын ала әзірленген, сомалары көрсетілген шарттарды әкеліп отырған, ал орындалған жұмыстардың актілерін ол жеке Боқаевтың кабинетінен өзі алып кетіп жүрген.
Сондай-ақ, 2018 жылы «ҚазТрансГаз Өнімдері» ЖШС-нің корпоративтік даму және активтерді басқару департаментінің директоры қызметін атқарған Талғат Арыстанбаев сотта куәлік етті. Ол автошерудің ұйымдастыру жұмыстарымен іс жүзінде тек «We Can» компаниясы айналысқанын растады.
Еске сала кетейік, бұған дейін Ұлан Нүсіпқожаның адвокаты өз қорғауындағы азаматтың тағылған айыптарды мойындауға және болған оқиғаның мән-жайлары, соның ішінде Санжар Боқаевқа қатысты жайттар туралы айғақ беруге дайын екенін мәлімдеген болатын.


