Сот актілерін жолдау және орындалуын қадағалау: маман тәжірибесіндегі маңызды тетіктер

Қылмыстық сот ісін жүргізудің нәтижесі мен әділдіктің салтанат құруы тек үкім немесе қаулы шығарумен ғана шектелмейді. Кез келген сот актісі заңды күшіне енген сәттен бастап уақтылы, дәл және мүлтіксіз орындалғанда ғана өз мақсатына жетеді. Осы жауапты кезеңде сот мамандарының, соның ішінде сот мәжілісінің хатшылары мен сот әкімшілігі қызметкерлерінің атқаратын жұмысы ерекше мәнге ие. Өйткені сот актілерін тиісті мекемелер мен тараптарға жолдау, олардың заңда белгіленген мерзімде орындалуын бақылау — сот төрелігінің тиімділігін айқындайтын басты тетіктердің бірі.

Сот актісі шығарылғаннан кейін ең алдымен құжаттарды процеске қатысушыларға табыстау және жолдау жұмыстары басталады. Қылмыстық іс жүргізу заңнамасына сәйкес үкімнің немесе қаулының көшірмелері сотталған адамға, ақталған тұлғаға, қорғаушыға, мемлекеттік айыптаушыға, сондай-ақ өтініш білдірген жағдайда жәбірленуші мен азаматтық талапкерге заңда көрсетілген нақты мерзім ішінде тапсырылуы немесе жолдануы тиіс. Егер сотталушы күзетпен ұстауда отырса, сот актісінің көшірмесі тергеу изоляторының әкімшілігі арқылы қолхатпен табысталып, бұл туралы тиісті растама іс материалдарына тігіледі. Бұл ретте сот маманынан аса жоғары мұқияттылық талап етіледі. Себебі құжаттың кешігіп жолдануы немесе мекенжайдың қате көрсетілуі тараптардың апелляциялық шағым беру құқығына кедергі келтіріп, процессуалдық мерзімдердің бұзылуына әкеп соғуы мүмкін. Сондықтан әрбір іс бойынша тараптардың нақты деректерін, электрондық мекенжайларын және құжаттың жеткізілгенін растайтын белгілерді тексеру — маман тәжірибесіндегі бұлжымас ереже.

Апелляциялық шағымдану мерзімі өткеннен кейін немесе жоғары тұрған сот сатысының қаулысы шыққан соң сот актісі заңды күшіне енеді. Дәл осы сәттен бастап маман жұмысының ең жауапты әрі көпсалалы кезеңі — құжаттарды орындауға жолдау басталады. Қылмыстық істер бойынша шығарылатын сот актілерінің сипаты әртүрлі болғандықтан, оларды орындайтын органдардың ауқымы да кең. Мәселен, бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған жағдайда үкімнің заңды күшіне енгені туралы өкімдер мен қажетті көшірмелер қылмыстық-атқару жүйесі мекемелеріне, ал бас бостандығын шектеу, шартты түрде соттау немесе қоғамдық жұмыстарға тарту жазалары бойынша құжаттар тұрғылықты жері бойынша пробация қызметіне жолданады. Сонымен қатар айыппұл өндіру, процессуалдық шығындарды, жәбірленушілерге өтемақы қорына мәжбүрлі төлемдерді немесе жәбірленушіге келтірілген материалдық залал мен моральдық зиянды өндіру бөлігінде атқару парақтары толтырылып, мемлекеттік және жеке сот орындаушыларына жіберіледі.

Бұдан бөлек, қылмыстық істер бойынша негізгі жазамен қатар тағайындалатын қосымша жазалар мен өзге де процессуалдық шешімдердің орындалуы да жіті бақылауды қажет етеді. Атап айтқанда, белгілі бір лауазымды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан, көлік құралын басқару құқығынан айыру туралы мәліметтер тиісті уәкілетті мемлекеттік органдар мен ішкі істер бөлімдеріне жолданады. Ал қылмыстық іс бойынша алынған заттай дәлелдемелердің тағдыры — оларды иесіне қайтару, мемлекет кірісіне айналдыру немесе жою туралы шешімдер де нақты орындаушы мекемелерге бағытталып, орындалу актісі алынғанға дейін бақылауда тұрады. Көптеген тармақтан тұратын сот актісінің бірде-бір бөлігі назардан тыс қалмауы үшін маман үкімнің қарар бөлігін әріппе-әріп тексеріп, әрбір орындаушы органға қажетті құжаттар топтамасын сауатты рәсімдейді.

Бүгінде сот жүйесіндегі цифрландыру тетіктері сот актілерін жолдау мен орындалуын қадағалау жұмысын едәуір жеңілдетіп, ашықтықты арттырды. Электрондық құжат айналымы жүйелері мен ведомствоаралық ықпалдастық арқылы сот актілері мен электрондық атқару парақтары уәкілетті органдарға санаулы минуттар ішінде жолданып, олардың қабылданған уақыты нақты тіркеледі. Бұл қағазбастылықты азайтып, құжаттардың пошта арқылы ұзақ жүруіне жол бермейді. Алайда заманауи ақпараттық жүйелер қаншалықты жетілгенімен, процестің дұрыс жүруі ең алдымен маманның кәсіби жауапкершілігі мен ұқыптылығына байланысты. Дерекқорға енгізілетін мәліметтердің дәлдігі, жеке сәйкестендіру нөмірлерінің, төлем деректемелерінің, өндірілетін сомалар мен қолданыстағы заң баптарының дұрыс көрсетілуі құжаттың еш кедергісіз орындалуына тікелей әсер етеді.

Сот актісін жолдаумен жұмыс аяқталмайды, оның нақты орындалғаны туралы ресми хабарламаны алу және іс материалдарына тіркеу — қадағалау кезеңінің басты шарты. Сот маманы жолданған әрбір өкім мен атқару парағының бақылау карточкасын жүргізіп, орындаушы органдардан жауаптың уақтылы келуін тұрақты түрде тексеріп отырады. Тәжірибеде кейбір мекемелерден растама құжаттардың кешігуі немесе қосымша ақпарат сұрату жағдайлары да кездеседі. Мұндай кезде маман белгіленген мерзімді өткізіп алмай, тиісті мекемелерге еске салғыш хаттар жолдап, телефон арқылы байланыс орнатып, істің аяғына дейін жеткізілуін қамтамасыз етеді. Тек барлық орындаушы органдардан ресми растау құжаттары алынып, іс жүргізу ережелеріне сай рәсімделгеннен кейін ғана қылмыстық іс толық аяқталған болып есептеліп, сот мұрағатына тапсырылады.

Қорыта айтқанда, сот актілерін жолдау және олардың орындалуын қадағалау — сырт көзге байқала бермейтін, бірақ сот төрелігінің беделі мен тиімділігі үшін орасан зор маңызы бар күнделікті еңбек. Әрбір құжаттың уақтылы жетуі, әрбір талаптың мүлтіксіз орындалуы азаматтардың бұзылған құқықтарын қалпына келтіруге, мемлекет мүддесін қорғауға және заң үстемдігін қамтамасыз етуге қызмет етеді. Осы бағыттағы маманның тиянақтылығы, заң талаптарын терең білуі және іске деген адалдығы сот билігіне деген қоғам сенімін нығайтудың берік негізі болып қала береді.

Маңғыстау облысының қылмыстық істер жөніндегі
мамандандырылған ауданаралық сотының
бас маманы – сот мәжілісінің хатшысы
К.Чигантаев

Қылмыстық процесс қатысушыларының өтініштерімен жұмыс: сыпайылық пен заң аясындағы жауап

Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотқа келіп түсетін әрбір...

Конституциялық қағидаттар – құқықтық мемлекеттің берік негізі

Конституция – мемлекеттің негізгі заңы ғана емес, елдің құқықтық...

«Құрылыс және тағы да құрылыс!»: шетелдік БАҚ Қазақстанның инфрақұрылымға инвестиция салу тәжірибесі туралы

Еуропалық EU Reporter басылымында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға...

Строительство Almaty SuperSki набирает темпы, запуск курорта намечен на декабрь 2028 года

Казахстан занял первое место в Центральной Азии по индексу...