Алматыда төрт ай бойы жүзеге асырылған Skill All әлеуметтік жобасы өз мәресіне жетуде. Бұл уақыт ішінде жоба 2000-нан астам қала жастарына тегін білім берді. Алайда статистикадан бөлек, жоба астарында адамдардың жеке өмірлік оқиғалары жатыр. Біз SMM-эксперт Зарина Асанхановамен сұхбат жүргізе отырып, оның курс барысында 80 жас маманға тек ұстаз емес, нағыз ментор бола алғанын білдік.
Жоғары оқу орнының кез келген түлегінен сұрасаңыз, мансап жолының басында ең қажеттісі — бұл ұмтылыс емес, өз-өзіне деген сенімділік пен резюмеде жазылатын нақты тәжірибе. Жастар саясаты басқармасының қолдауымен жүзеге асқан Skill All әлеуметтік жобасы мәселені екі бағытта шешуді мақсат етті: білім беру мен алынған дағдыларды бірден тәжірибеде қолдану.
«Оларға жетіспейтіні — талант емес, мүмкіндіктер», — дейді SMM-маман Зарина Асанханова. Оның портфолиосында кез-келген маркетологтың арманы бола алатын Sxodim Fest, Magnum сияқты жобалар және Nestle, InDrive секілді алпауыттармен жұмыс тәжірибесі бар.
Осындай брендтермен жұмыс істеген маманның әлеуметтік курсқа келуі күтпеген шешім болып көрінуі мүмкін. Бірақ Зарина бұл ұсынысты еш ойланбастан қабылдаған.
«Үлкен жобаларда сен тек үлкен механизмнің бір бөлшегісің. Ал бұл жерде студенттің көзіндегі шабытты көргенде, алған білімін сол сәтте қолдана бастағанын байқағанда — мүлде басқа энергия сезіледі. Бұл жаңа бастамалар мен жас дарындарды өркендету энергиясы. Мен оның бір бөлігі болғаныма қуаныштымын», — дейді ол.
Заринаның курсы нағыз әлеуметтік мансап баспалдағына айналды. Digital саласында еш тәжірибесі болмаған 80 жас маман бірнеше апта ішінде контент-жоспар, стратегия, таргетинг әлеміне терең бойлады.
Зарина үшін ең маңызды нәтиже — емтихан емес, оқушыларының шынайы жобалары.
«Қатысушылардың басым бөлігі өз күшін іс жүзінде байқап көрді. Біреуі — жергілікті теңіз өнімдері дүкенінің Instagram парақшасын жүргізеді, біреуі — ірі туристік компанияға контент жасайды. Тіпті бір студент алғашқы миллион қаралымын жинады. Нәтижелер сөзсіз-ақ бәрін айтып тұр», — дейді ментор.
«Оқыту — қолдану» қағидасы, ұйымдастырушылардың пікірінше, Skill All жобасының басты формуласы. 30 қарашада аяқталатын жоба SMM-нен бастап кондитерлік іске дейінгі түрлі бағыттар бойынша 2000-нан астам адамды қамтыды. Ал digital бағытының нәтижелері әлеуметтік желілерде пайда болып бірден көзге көрінеді.
Қазіргі таңда қала әкімдігі жобаны қорытындыланып жатқанда, оның шынайы нәтижелері Instagram-да айқын көрінеді: жаңа креативті кеңістіктің парақшасын жүргізіп жатқан жастар болмасын, өзінің алғашқы табысы жайлы бөліскен студенттер болмасын — мұның барлығы болашаққа деген ұмтылысқа толы, білімге құштар және кез-келген берілген мүмкіндікті пайдалануға дайын алматылық жастардың нақты бейнесі.


