spot_img
spot_img

СИНТЕТИКАЛЫҚ ЕСІРТКІ АЙНАЛЫМЫНА ТОСҚАУЫЛ КЕРЕК

Соңғы ресми ақпараттарға сүйенсек, елімізде есірткіге тәуелді 23,5 мың адам тіркеуде тұр. Ал бейресми дерек көздері бұл көрсеткіш әлдеқайда жоғары екенін айтады. Яғни, түрлі қоғамдық ұйымдардың есебінше есірткінің құрығына ілінгендердің саны анығында 120 мыңнан асып жығылатын көрінеді. Статистикалық мәліметтерді салыстырар болса, соңғы бес жылда есірткіге еліткендердің саны 35 пайызға дейін төмендегенін аңғаруға болады. Солай бола тұра, соңғы бес жылдықта елімізде есірткімен байланысты 19 мыңдай қылмыс тіркелген.

Елімізде есірткі тектес заттарды тұтушылардың азаюы бұл мәселені күн тәртібінен алып тастауға болады деген сөз емес. Өйткені, бүгінгі ақпараттық технологиялардың дамыған заманында есірткі заттарын дайындау, тарату, саудалау, насихаттаудың жолдары барынша кеңейе түсуде.  Сәйкесінше, әлемде есірткі тұтынумен байланысты көзқарас та, жағдай да бұрынғыға қарағанда түбегейлі өзгерген. Мамандар қоғамдық иммунитет қалыптасып қалған «әдеттегі» есірткілердің орнын неғұрлым қауіпті синтетикалық есірткі түрлері басып жатқанын да жасырмайды. Мәселен, ҚР Ішкі істер министрлігі 2019 жылы жалпы салмағы 11 килограммға тең 408 синтетикалық есірткі заттары деректерін анықтаған. Белгілі болғандай бұл синтетикалық есірткілердің тұтыну үшін дайындалғаны анықталған. Яғни, қуануға әлі ерте.

Осы орайда, елімізде есірткімен байланысты проблемаларды реттейтін заңнамаларды қайта қарау, қажет жерлерін қатайту мәселесі біраз жылдан бері қызу талқыланып келген-ді. Солардың бірі әрі маңыздысы есірткі заттарын жарнамалау және саудалаумен байланысты десек, жуырда ҚР Ішкі істер министрлігі 2020 жылдың 11 қаңтарынан бастап есірткіні насихаттайтын және сататын интернет сайттардың сілтемесін таратуға байланысты қылмыстық заңнамаға енгізілген өзгерістер күшіне енгенін хабарлады. Дәлірек айтқанда, «Қылмыстық кодекске есірткіні насихаттау немесе жарнамалау үшін қылмыстық жауапкершілік белгілейтін жаңа 299-1-бап енгізілді. Ол бойынша үш жылға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген. Егер осы қылмыс топпен, бірнеше рет, білім беру ұйымдарында немесе адам көп жиналатын орында, бұқаралық ақпарат құралын немесе электрондық ақпарат ресурсын пайдаланып, қызметтік жағдайын пайдаланып жасалса 3 жылдан 6 жылға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі жаза белгіленеді» — делінген аталған құзырлы органның баспасөз хабарламасында.

Сондай-ақ, аталған қылмыстық заңнамаға «электрондық ақпараттық ресурстарды пайдалану арқылы» — деген жаңа ұғым еніп отыр. «Бұл шаралар есірткіні таратудың жаңа әдістері бойынша жазалау үшін қажет. Бұл дегеніміз, интернет технологияны – сайттарды және әлеуметтік желі Instagram, Telegram, Facebook, сондай-ақ электронды төлем жүйелерін (QIWI, «Яндекс деньги» және т.б.) пайдалану», –  деп түсіндірді ҚР ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаменті бастығының орынбасары Нұртай Әбілмәжінов.

Тағы бір айта кетерлік жәйт, мұндай қылмыс түрлері енді ауыр және аса ауыр қылмыстар санатына жатады. Бұл дегеніміз, санатына сай жазасы да күшейеді деген сөз. Түсіндіре кетсек, электронды ақпараттық ресурстарды пайдалану арқылы есірткі өткізгендер енді 10 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылса, дәл осы әдіспен басқаларды есірткі қолдануға көндіргендер 3 жылдан 8 жылға дейін темір торға тоғытылады. Сол сияқты, жаңа ақпараттың технологиялардың көмегімен есірткі өндірісінде пайдаланылатын заттардың айналымын жүзеге асырғандар 7 жылдан 10 жылға дейінгі бас бостандығынан айыру жазасын арқалайды.
Рас, бүгінде заманауи ақпараттық техно­ло­гияларсыз таңымыз атып, күніміз батпайтындай жағдайға жеттік. Бұл ғаламтор әлемімен тығыз байланысты ХХI-ғасырдың ең үлкен артықшылығы көрінгенмен, кей-кейде «қасіретіне» айналуы мүмкін екенін де естен шығармауымыз керек. Себебі, әлемді алаңдатқан есірткі саудасы мен одан келетін қауіптің алдын алу шаралары да заманға сай болуы шарт. Өйткені, шекараның арғы жағында жатып-ақ саудасын дөңгелететіндердің қулығына құрық бойлату оңай болмай тұр. Олар шетелде тіркелген мессенджерлер, бақыланбайтын әлеу­меттік желілер, анонимді төлем жүйелері арқылы ты­йым салынған препараттарды сатудың жаңа байланыссыз әдістерін іздейді. Осы ретте, тиісті органдар не істеп жатыр немесе қайда қарап отыр дегенге келсек, жыл сайын елімізде Ішкі істер министрлігінің пәрменімен түрлі есірткі заттарын жарнамалайтын немесе сататын 4,5 мыңнан астам сайт бұғатталады екен.

Сондай-ақ, заңнамаға ІІМ-нің бастамасымен бақылаудағы есірткі заттарының тізімін барынша қыс­қа мерзімде жаңа психобелсенді заттар­мен толықтыруға мүмкіндік беретін түзетулер енгізілді. Бұл тізімдер қазір барлық белгілі есірт­кілер мен олардың аналогтарын қамтиды. Аталған министрлік есірт­кіні өткізгені үшін жауапкершілікті кү­шейту бойынша қылмыстық заңнамаға түзетулер әзірлеумен қатар, қылмыстың құра­мын нақтылау мақсатында заңға жаңа «электрондық ақпараттық ресурс­тарда есірткі құралдары мен психотроптық заттарды өткізу, жіберу немесе өткізу мақсатында дайындау, сатып алу, сақтау, тасымалдау туралы ұсыныстарды орналастыру» деген жаңа саралау белгілерін енгізді.

Аталған жаңа заң талаптары есірткі сайтта­ры­ның электронды мекен-жайлары бар граффити-жазуларды қалдыру, есірт­кі сайттарын әкімшілендіру, сон­дай-ақ электронды ресурстар ар­қылы есірткілерді өткізу сияқты әрекет­терді қылмыстық іс жүргізу саласына енгізуге мүмкіндік береді.

Жалпы, есірткіні немесе психотроптық заттарды заңсыз дайындау, өңдеу, имеденіп алу, сақтау, тасымалдау, жөнелту немесе сату әкімшілік және қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғатыны баршаға мәлім. Мәселен, ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 420, 421, 422 және 423-баптары осы есірткі затының заңсыздығына арналған. Атап айтқанда, 420-бапта көрсетілген алқаптар мен жерлерге өсіп тұрған жабайы сораларды жоймау және шара қолданбу жеке тұлғалар үшін – он, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – қырық, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – жетпіс, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне бір жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.

 

Камила ЫСҚАҚОВА,

«Заң газеті»

Жұмыс режимін сақтау бойынша жиын өткізілді

2024 жылдың 10 желтоқсанында Мемлекеттік органдарда жұмыс уақыты режимін...

КОДЕКС СУДЕЙСКОЙ ЭТИКИ

Судьи Республики Казахстан, основываясь на Конституции Республики Казахстан (далее...

Харассмент: за молчаливым барьером

Актуальность данной темы в современном обществе невозможно переоценить. За...

Полиция «Альфард» жүргізушілеріне түсіндірме жүргізді

Түркістан облысы Полиция департаментінің бастығы Мұрат Қабденовтың тапсырмасымен жеке...

Жастардың құқықтық санасын, рухын оятып, мәдениетін дамыту керек

Сыбайласқан жемқорлық атты дерттен арылу және жойу жолын жастардың...