Әуелі оқ атылды…
Біреуі қашты…
Біреуі қалды…
Сосын пышақ салынды…
Әлде, бәрі керісінше болды ма?
1.Автобус «Ақшолақ» ауылына қапталдас салынған бірнеше асхананың ең шеткі тұсына келіп тоқтады. Жолаушылар тегіс жапырлап сыртқа ұмтылды. Алдыңғы үшінші қатарда отырған сақал-мұрты қарасұр келбетіне одан сайын сұс үймелеткен ер кісі тапжылмастан отыра берді. Артқы жақтан орын алған ұзынтұра жолаушы әлгіге қарайлап аз-кем тұрды да ортаңғы есіктен сыртқа шықты. Тепкішке сүрінді ме, әлде төбесі шығар есіктің маңдайшасына тиіп қалды ма, шайқалақтап барып, бойын түзеді. Дәретханаға қарай барар жолда алдыңғы орындықта отырған адам ұзынтұраның сұлбасына сезіктене қарады.
2.Көзі ілініп кеткен екен. Иығына тиген қолдан селк етіп оянды.
–Ағасы, сәл ары жылжисыз ба?
Жас жігіттің қолынан майлы бәліштің иісі бұрқ ете қалды. «Қалайша ұйықтап қалдым?..».
Әлгі ұзынтұра жолаушыны көзбен ұзатып салған соң, кірпігін сәл жұмған сияқты еді. Қатты ұйықтап кетіпті. Бойын тіктеп, орындықтың арқалығына шалқалай тірелді де терезе жаққа көз тастады. Жаңа әлгіндегі қарақұрым жолаушының бәрі жоқ. Қаз-қатар тоқтаған автобустар да сирексіп қалыпты. Жүргізушінің жанында жаңағы ұзынтұра темекісін құныға сорып, бірдеңе айтып тұр. «Осыны қай жерден көрдім?».
–Тамақ та ішпедіңіз. Сыртқа да шықпадаңыз. Бір жеріңіз ауырып келе жатқан жоқ па?
Оң жағына жайғасқан жас жігіт сампылдап сөйлеп қалған-ақ екен.
–Бәрі дұрыс. Алаңдама.
–Сонымен, тойға бара жатырмын дедіңіз бе?
–Иә.
–Мен де тойға бара жатырмын.
–Оң болсын!
–Қай жерге барасыз?
–Шәуілдір.
–Мен де сонда барамын.
–Қалып қойған ешкім жоқ па? Автобус жүргізушісі салонға қарай мойнын созып, қатты дауыстады.
–Әркім қасындағы адамның бары-жоғын түгендесін.
Жолаушылар бір-бірін түгендеп болысымен, автобус орнынан ақырын қозғалды.
- «Осының түрі таныс сияқты. Қайдан көрдім мұны?..». Ұзынтұра орнына жайғасқан соң да көпке шейін алдыңғы орындықта отырған қарасұр кісіні қай жерден ұшыратқанын есіне түсіре алмады. Ойша өз өмірінде жолыққан жандардың бірсыпырасын еске алды.
–Енді Шымкенттің «Біржан» базарына дейін еш жерге тоқтамаймыз. Кино көретіндеріңіз бар ма?
Жүргізушінің қарлығыңқы дауысына жолаушылардың ешқайсысы елп ете қойған жоқ.
–Кино көрмесеңіздер, салондағы жарықты өшіремін.
«Жарықты жағып қойса, киноны қалай көреді жұрт?» Қарсұр кісі курткасының жағасын көтеріп, кепкасын көзіне дейін түсірді де ұйықтаудың қамын жасады. Шын мәнінде, оның ұйқысы қашып кеткен еді. Қасындағы жас жігіт сұрақтың астына алып, мазалай бермесін деген пиғыл.
Арт жақтағы жолаушының да көзі талайға дейін ілінбеді.
«Мынаны бір жерден көргенім анық. Бірақ қай жерден көрдім?..».
- Ұзын жолдың бір пайдасы – адам өзімен өзі қалады. Оңаша ойға шомуға мүмкіндік бар. Қарасұр кісі кірпік ілмей отыр. «Мына інішек сөзуар екен. Сұрақты бастырмалатып жіберді. Өзі ақкөңіл, аңғал-ау шамасы». Қасындағы жігітке көзінің қиығымен барлай қарап еді, ол танауы таңқиып, қалың ұйқыға кетіпті. Қолындағы пластик құты екеуінің ортасына құлапты. Аузы жөндеп жабылмаған ба, курткасының оң жақ қалтасына су тиіпті. Құтыны алып, аузын мықтап бекітті де жігіттің алдындағы орындықтың көлденең қалтасына сүңгітті.
«Қанша жыл өтті? 1989…Қыркүйектің нешесі еді? 28-і. Бүгін – 2019-дың 27-сі..».
Қарасұр кісі көзін жұмып ойға шомды. «Тура отыз жыл!..».
- Отыз жыл бұрынғы оқиға кино ленталары сияқты көз алдынан зу-зу етіп өте бастады.
Күміскүл – келісті келіншек еді. Күлкісі қандай! Маржандай тістерін көрсетіп, жайнаң қағатын. Кездейсоқ жолықты. Мал ұрлығы көбейген соң, аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы мұны шалғайдағы малшыларды аралап келуге тапсырма берген.
–Жолдас Қайырбеков! Қазір қойшылардың малын, үйір-үйір жылқысын ұрлаушы ұйымдасқан қылмыскерлер ұят-аятты қойды. Түсіп жатқан шағым көп. Райкомның бірінші хатшысы шат-шалекейі шығып отыр. Ешкімді аяйтын емес. Орталық газеттердің біріне фельетон шыққан ба?..Ұрыларды ұстау керек! Жауапқа тарту керек! Тапсырма сол! Дереу жолға шығыңыз!
–Құп болады!
–Осы тапсырманы орындасаң, анау иығыңа бір жұлдыз қосылады. Соны ұмытпа, лейтенант!
Бастықтың тапсырмасын орындау үшін Қызылқұмдағы малшылар үйіне бір емес, бірнеше мәрте барған. Із кескен. Қойшылардың әңгімесін тыңдаған. Біраз дерек жинаған. Әйтсе де Аққұмдағы жалғыз үй мұны магнитше тарта берген. Онда Күміскүл бар еді. Бірде барғанында күйеуі әлі орала қоймаған екен. Оңаша қалған.
–Мына диірменді жылжытып жібересің бе? Мұнда қою керек еді…
Келіншектің өтінішін орындап оң жақ босағада тұрған диірмен тастарын көрсеткен жеріне қойды.
–Өзің қарулы екенсің! – деген Күміскүл. – Қыз-қырқынның талайын құлатқан шығарсың…
–Өздері құлағысы кеп тұрса, қара күшсіз де құлатуға болады ғой.
–Ештеңеден тайсалатын түрің жоқ қой…
–Бәрі де бұйрыққа байланысты….
–Сөзге беріксің бе?
–Берген сертке байланысты.
–Серт бересің бе?
–Бергенге – береке деген…
–Өзің бәлесің ғой, нені тұспалдап тұрсың?
–Ішің сезіп тұрған шығар. Жігіт келіншекті қапсыра құшақтап алды. Келіншек қолын қақпады. Кеудеден итермеді.
Төрт рет кездесті. Төртінші барғанда ғой, бәлекетке тап болғаны…
- Шым-шытырық
1..Қызылқұмдағы қанды оқиға. Мерген. Көрші қойшыны өлтіру…
2..Ары қарай Қарақалпақстанға, одан Тәжікстанға өту. Ауғанстанда болу.
3..Киллер. Тапсырыстар…
4..Полицей. Зейнетке шығуына бір ай қалған. Баяғы істі көтереді. Ойланып қалады…Мергенді көріп қалу…
5.Той. Терезе сыртынан тамашалау. Сыртқа темекі тартуға шыққанда сұлбасын байқап қалады…
- «Баламның тойына бара жатырмын…». Ол менің інім ғой. Сонда?.. «Әкеміз бір болғаны ма?..».
7.Екі баланың да әкесі бір адам…Қойшы белден қалған. Қызғаныш…
8..Полицей аңдиды. Автобуста арт жақта отырады…
- .Тойхана іргесіндегі атыс. Кісі өлімі…«Балам, арыңды сақта!..».
Гүлзина БЕКТАС
[ratings]