Елімізде жүзеге асырылып жатқан «Дені сау ұлт» ұлттық жобасы төрт бағытты қамтиды. Соның ең бастысы медициналық көмекке қолжетімділік пен қызмет сапасын арттыруды, екіншісі, эпидемиялық болжау мен ден қоюдың заманауи жүйесін қалыптастыруды көздейді. Бұдан кейінгі бағыттар отандық фармацевтика саласын жақсартуға, салауатты өмір салтын ұстанатындар қатарын көбейтуге, сондай-ақ, бұқаралық спортты дамытуға арналған. Мемлекетіміз үшін азаматтарының денсаулығы әрқашанда алдыңғы орында, оған халық денсаулығына Конституциямен (29-бабымен) кепілдік берілгені дәлел. Жоғарыда аталған бағыттар аясында республикамыздың барлық өңірінде нәтижелі жұмыстар атқарылуда. Бұл ретте Ақмола облысын ерекше айтуға болады. Мысалы, осы өңірде 2023–2025 жылдарға 38 медициналық нысанның құрылысы жоспарланып, қолға алынды. Ақмолалық дәрігерлер халыққа қызмет көрсетуде алдыңғы орында деуге толық негіз бар. Олардың қатарында білікті мамандар жетерлік. Солардың бірі Ақмола облысы денсаулық сақтау басқармасы жанындағы Бастапқы медициналық-санитариялық көмек көрсету орталығының врач-гинекологі, 24 жылдан бері халық денсаулығын жақсартуға мінсіз үлесін қосып жүрген тәжірибелі дәрігер Шынар САРИЕВАНы әңгімеге тартқан едік.
– Шынар Чарипханқызы, сіздің дәрігерлік жолды таңдауыңызға кім ықпал етті, не себеп болды?
– Абай облысының Мақаншы ауылында туып-өстім. Бала кезімде ақ халатты абзал жандарға қызыға қарадым. Бала көңіліме мен де солардай болсам деген арман ұялады. Оның үстіне анам да менің дәрігер болуымды қалады. Мектеп бітірген соң ойланбастан Семей қаласындағы медициналық университетке түстім. Алғашқы еңбек жолымды Солтүстік Қазақстан облысының Уәлиханов аудандық ауруханасында бастадым. Жолдасым да дәрігер. Бір ауданда ол жалғыз врач-анестезиолог болса, мен жалғыз гинеколог болдым. Әрі аудандық перзентхананың меңгерушісі қызметін атқардым. Ауылдық жерде біз 12 жыл еңбек еттік. Құдайға шүкір, бес баламыз бар. Балалар өскеннен соң Көкшетау қаласына көшіп келдік.
– Қай саланы алсақ та жас мамандар ауылға барғысы келмейді, бұл жағдай немен байланысты деп ойлайсыз?
– Өз басым жастардың ауылға барғысы келмейтінінің басты себебін мамандықтарын сүймейтіндігімен, алға қойған мақсаттарының нық еместігімен байланыстырамын. Өйткені, нағыз дәрігерлікті қалаған адам ауыл, қала деп бөлмейді. Өйткені, дәрігерлікті 6-7, тіпті, 9-10 жыл оқиды. Сондықтан, жастар осыншама уақытының жемісін халыққа бергені абзал. Байқап жүргеніміздей, қазіргі жастар қаладағы қарапайым аурухана мен емханаға дәрігер болғысы келмейді. Көбісі үлкен компанияларға, мысалы, фармацевтикалық, т.б. мекемелерге кетеді. Соның салдарынан дәрігерлер жетіспейді. Мемлекетіміз ауылда еңбек еткісі келетін жас мамандарға қолдау шараларын тиімді ұйымдастыруда. Үймен қамтамасыз етеді, қаржылай көмек береді. Биылдан бастап ауылға баратын жас мамандарға жеті миллиондай қаржы берілмек. Біз оқу бітіргенде мұндай жағдай болмаған. Ауылға барып мол тәжірибе жинадық. Ештеңеден қорықпадық. Жоғары жауапкершілікті сезініп, бар күш-жігерімізді, көңілімізді халықтың денсаулығына бөлдік. Дәрігерлікті қалайтын әрбір жас бүкіл бір елдің денсаулығына жауапкершілік алатынын ұғынуы тиіс. Мақсат тек диплом алу емес, одан да жоғары болу керек. Сонда ғана жас мамандар жай-күй таңдамай Гиппократ антына адалдық танытады.
– Өзіңіздің жұмысыңызға да тоқталып өтсеңіз?
– Қазіргі күні бастапқы медициналық-санитариялық көмек көрсету орталығында еңбек етемін. Жүкті және жүктілікке дайындалып жүрген қыз-келіншектерді қабылдап, олардың күтініп, ем алуларына барлық мүмкіндікті жасаймыз. Ана мен бала денсаулығы өте күрделі мәселе. Осы ретте болашақ аналардың денсаулығын қадағалап, қолымыздан келген көмекті көрсетеміз. Биыл Ақмола облысы бойынша штаттан тыс кәмелеттік жасқа толмаған қыздардың гинекологі болып арнайы бұйрықпен бекітілдім. Алдағы қыркүйек айында 11 жастағы қыздардан бастап жатыр мойны обырына қарсы вакцинациялау жүреді. Жасөспірім қыздардың өз денсаулықтарына жіті қарауы, сондай-ақ, бұл тұрғыда сауаттандыру мақсатында мектептер мен лицейлер, колледждерге барып лекциялар оқимыз. Әртүрлі семинарлар өткіземіз. Жүктіліктің алдын алу бойынша кәмелеттік жасқа жетпеген қыздармен әңгімелер жүргіземіз. Ақмола облысында ана мен бала денсаулығына жіті көңіл бөлінген.
– Аурудың алдын алуда халыққа қандай кеңес айтар едіңіз?
– Әрбір адам өзінің денсаулығына салғырттық танытпауы тиіс, әсіресе, ата-аналар балаларының бойындағы кез келген өзгерісті елеусіз қалдырмасын. Дәрігерге ауырып келу шарт емес, сау адамның өзі жылына кемі екі рет тексеріліп отыру керек. Өкінішке қарай, бізде адамдар ауырғанда ғана келеді. Барлық емханаларда скринингтер жүргізіледі. Арнайы шақырғанның өзінде келмейтіндер бар. Бұл дұрыс емес. Скринингте қауіп факторлары мен ауру ерте анықталып, асқынуға тосқауыл қойылады. Қазақстанда ақысыз медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі шеңберінде скринингтің 11 түрі жүргізіледі. Орта Азия елдерінде мұндай мүмкіндік жоқ. Азаматтарымыз осыны пайдалануы тиіс. Яғни, олардың скринингтен өтуі Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы кодекспен де міндеттелген. Артур Шопенгауер айтқандай – біздің бақытымыздың оннан тоғызы денсаулығымызға байланысты. Азаматтар осыны ұмытпаса екен деймін.
– Сіздіңше жауапкершілігі мол, жүгі ауыр саланың мамандары неге баса мән беруі керек?
– Адамның өміріне жауапкершілік алу оңай емес. Дәрігердің қателесуге хақысы жоқтығы осы себепті айтылған. Осы жолды таңдаған әрбір жан үнемі ізденіп, ем жүргізу тәсілдерін жетік меңгеруге міндетті. Бізге адамдар өз денсаулығы мен өмірін сеніп тапсырады. Сенім үдесінен шығу дәрігер атаулыға әрқашан да сын.
– Уақыт тауып, ой бөліскеніңізге үлкен рақмет!
Түймегүл ИБАШЕВА, «Заң газеті»


