Биыл Шымбұлақ тау шаңғы курортында баға екі есе қымбаттады. Бұған алматылықтар мен қала қонақтары шағымданып, әлеуметтік желілерде шу көтерді. Massaget.kz тілшісі оқиғаның мән-жайын анықтады.
Бұрын ересектерге арналған бір күндік билет жұмыс күндері 7600 теңге, демалыс күндері 11 400 теңге еді. Ал қазір баға аптаның барлық күнінде 17 500 теңге. Ал жастарға арналған тариф алынып тасталды.
Ал желі қолданушылары бұл жаңалыққа наразылық білдірді. Олардың пікірінше, билет бағасы мен Шымбұлақ курортындағы жағдай бір-біріне сәйкес келмейді. Демалыс орнының кемшілігі өте көп.
Шымбұлақ тау-шаңғы курортының басшылығы не дейді?
Massaget.kz тілшісі мегаполистің басты демалыс орнының бірінде демалу неге қымбаттағанын білу үшін курорт басшылығына ресми сауалмен жүгінді.
«Осы маусымда Шымбұлақ курорты скипасстар бағасын қайта қарастырып жатыр, осы шешімнің себептерін түсіндіргіміз келеді», — делінген жауапта.
Шымбұлақ тау шаңғы курорты ресми өкілдерінің мәліметінше, соңғы үш маусым бойы инфляцияның өскеніне және пайдалану мен инфрақұрылымды дамыту шығындарына қарамастан, скипасстардың бағасы өзгермеген. Сондықтан курорт қонақтарының қауіпсіздігі мен жайлылығын қамтамасыз етіп, қызмет сапасын жақсарту үшін баға қайта қаралып отыр. Оған қоса барлық шығынның шамамен 40 пайызы көтергіштер, қар тығыздаушы машиналар және жасанды қармен қамту жүйелері сияқты еуропалық жабдықтар мен техникалардың қызмет көрсетуге жұмсалады. Ал жақында өндірушілердің қызметтері мен қосымша бөлшектерінің бағасы 60 пайызға өскен, ол да курортты қамтамасыз ету шығындарының индекстелуін талап етеді.
«Кейінгі жылдары курортқа келушілер саны айтарлықтай артып, жылына 1,5 миллионға жетті, ол өткізу қабілетін үш есеге арттырады. Салдарынан:
— Инфрақұрылымның тозуы, оның ішінде: көтергіштер, трассалар және қармен қамту жүйелері;
— Қосымша шаралар мен шығындарды талап ететін шара-қонақтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету;
— Қызмет көрсетуші инфрақұрылымды арттыру (жаңа дәретханалар салу, бар қызметтерді және сәйкес инфрақұрылымды кеңейту)
— Біз аса мән беретін нәрсе — келушілердің жайлылығы», — делінген ресми жауапта.
Осы тұста курорт басшылығы инфрақұрылым мен сервисті жақсартуға белсенді түрде инвестиция салынып жатқанын алға тартты. Оның ішінде:
- Орта станциядағы жаңа павильонның құрылысына;
- Жаңа кафелер мен мейрамханалардың ашылуына;
- Трассаларды жоғары деңгейде дайындауға мүмкіндік беретін 6 заманауи қар тығыздаушы машинаны сатып алуға;
- Жаңа ілмекті көтергішті орнатуға;
- Қолайсыз ауа райында да сапалы қар төсемін жасау үшін 24 қар пушкасын алуға;
- Трассаларды жасанды қармен қамту жүйесін кеңейтуге.
«Шымбұлақ республикалық және халықаралық жарыстарды өткізу объектісі болып қала беруі үшін және елдегі қысқы спорт түрлерін қолдауы үшін спорттық инфрақұрылымға инвестиция жасауды жалғастырып жатырмыз. Сондай-ақ баға өссе де, Шымбұлақ еуропалық курорттарға қарағанда арзан және жаңартуларды есептегенде ТМД-ның басқа курорттарымен бір деңгейде тұр. Мәселен:
- Швейцария (Церматт): 93 евро (≈51 000 теңге);
- Франция (Вербье): 83 евро (≈46 000 теңге);
- Аустрия (Ски Арльберг): 78 евро (≈42 900 теңге);
- Ресей (Роза Хутор): 44 евро (≈24 400 теңге);
- Әрменстан (Myler): 35 евро (≈19 200 теңге);
- Өзбекстан (Амирсой): 27 евро (≈16 000 теңге)
- Гүржустан (Гудаури): 23 евро (≈13 000 теңге);
- Қырғызстан (Каракол): 18 евро (≈10 000 теңге);
Сонымен Шымбұлақ тау шаңғы курортында демалу қаншаға түседі?
Алматыдағы тауға шыққанда қолданатын керек-жарақтарды жалға беретін дүкеннің бірінде шаңғы жабдықтарының жиынтығы бар. Оның бағасы 23 жастарға дейінгі жастарға — 6 990 теңге, 24 жастан асқан адамдарға — 8 990 теңге. Жиынтыққа шаңғы немесе сноуборд, бәтеңке, күртеше және шалбар, дулыға, көзілдірік, қолғап, SKI-pass карта кіреді.
Сонымен Шымбұлақ тау шаңғы курортында демалуға 23 жасқа дейінгі екі ересек адам жеке көлігімен барса, жанармайды есептемегенде, киімді жалға алуға 13 980 теңге (6 990(2х), абонементті ең төменгі бағамен түнгі сырғанаудан алса 21 000 теңге (10 500(2х), ең жоғарғы бағамен толық күндік сырғанауды алса 35 000 теңге (17 500(2х)болады. Осылайша Шымбұлақ тау шаңғы курортында бір күн демалуға 34 980 немесе 48 980 теңге кетеді.
Ал жеке көлігі жоқ адамдар курорт аумағына дейін таксимен немесе қоғамдық көлікпен барады. Таксидің бағасы әртүрлі, ол ауа райына, кептеліс дәрежесіне және тағы басқа факторға байланысты анықталады. Ал қоғамдық көлікпен барса, әдетте Абай — Достық даңғылдарының қиылысынан нөмірі 12 маршрутқа отырып барады. Оның құны адам басына — 120 теңге.
Егер Шымбұлақ тау шаңғы курортында демалуға 24 жастан екі ересек адам баратын болса, киімді жалға алуға 17 980 теңге (8 990(2х) кетеді. Бұл бағаны 21 000 немесе 35 000 теңгеге қосқанда, барлығы — 38 980 немесе 52 980 теңге жұмсалады.
Айта кетейік, демалыс кезінде тамақтанатын болсаңыз, баға айтарлықтай өзгереді.