Алматы қаласында Еуразиялық тау курорттары альянсы (ЕТКА) мен Андоррадағы ең ірі тау курорттары желісі – Grandvalira Resorts Andorra арасында Өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды. Қол қою рәсімі 24 ақпанда, сейсенбі күні Алматыда өтіп жатқан III Еуразиялық тау курорттары альянсының фестивалі аясында өтті.
Құжат Grandvalira-ның Альянс құрамына қосылу ниетін және тау туризмі саласында көпжақты ынтымақтастықты дамытуға дайын екенін растайдыі. ЕТКА атынан меморандумға Альянстың бас хатшысы Андрей Кукушкин, ал Grandvalira Resorts Andorra атынан Тау бизнесін дамыту директоры Роман Серра қол қойды.
«Бұл меморандумға қол қою – ЕТКА-ның халықаралық ықпалдастығын күшейтіп, еуропалық курорттық желілермен ынтымақтастық аясын кеңейтудегі маңызды қадам. Алдағы уақытта операциялық басқару, кластерлік даму, қауіпсіздік, қызметтерді цифрландыру, маркетинг және тұрақты даму бағыттарында үздік тәжірибелер алмасу жоспарланып отыр», — деді ЕТКА бас хатшысы Андрей Кукушкин.
Еуразиялық Альянс өңірдегі келесі жетекші курорттарды біріктіреді: Shymbulak Mountain Resort (Қазақстан), Oi-Qaragai Mountain Resort (Қазақстан), Amirsoy Mountain Resort (Өзбекстан), Rosa Khutor (Ресей), Shahdag Mountain Resort (Әзербайжан), сондай-ақ MONA Yong Pyong (Оңтүстік Корея).
«Қазақстан және Shymbulak үшін Grandvalira-мен ЕТКА аясындағы әріптестік – өңірдің жаһандық тау туризмі жүйесінің ажырамас бөлігіне айналып келе жатқанын айқындайтын тағы бір дәлел», – деді Shymbulak бас директоры Ринат Абдрахманов журналистерге берген сұхбатында.
Меморандум қол қойылған сәттен бастап күшіне енді. III Еуразиялық тау курорттары альянсының фестивалі барысында ЕТКА мүшелері сондай-ақ Еуразия кеңістігіндегі тау туризмі индустриясының тұрақты дамуының ортақ қағидаттарын айқындайтын стратегиялық құжат – Жасыл хартияға қол қойды.
Хартия тау экожүйелерін сақтау, климаттық әсерді азайту, табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану және экологиялық жауапкершілікті ескер отырып басқару тәжірибелерін дамыту бойынша курорттардың ортақ жауапкершілігін бекітеді.



