Қар көшкіні қаупі жоғары кезеңде Shymbulak тау курорты фрирайдерлерді, тау туристерін және қысқы белсенді демалысты ұнататын қонақтарға таудағы жеке қауіпсіздік мәселесіне жауапкершілікпен қарауға шақырады. 24 желтоқсан күні, Алматы қаласында Shymbulak Outdoor бөлімшесі «Қар көшкіні қаупі жоғары кезеңде таудағы қауіпсіздік» атты ашық кездесу ұйымдастырды.
Іс-шара барысында құтқарушылар, альпинистер және шаңғы гидтері маңызды ақпаратпен, мысалы қар көшкіні қаупін бағалау, қауіпсіз фрирайд, төтенше жағдайларда алғашқы медициналық көмек көрсету және басқа да маңызды ақпарат бойынша практикалық кеңестерімен бөлісті.
Кәсіби құтқарушы, Shymbulak Outdoor резиденті Юрий Сергеев тау курорты Shymbulak тарапынан қар көшкініне қарсы қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін қабылданып жатқан шаралар туралы айтып берді.
«Курорт қызметтері “Қазгидромет” РМК-ның Шымбұлақ қар-көшкін станциясымен, Қазақстанның көшкін қауымдастығымен, ТЖМ және тиісті бейінді қызметтермен тұрақты өзара байланыста жұмыс істейді. Біз қар жамылғысының тұрақтылығын жүйелі түрде бағалап отырамыз және қажет болған жағдайда қонақтар мен курорт қызметкерлері үшін қауіп-қатерді барынша азайту мақсатында арнайы қар көшкініне қарсы жабдықтарды пайдалана отырып, беткейлерде профилактикалық жұмыстар жүргіземіз», — деді Юрий Сергеев.
Shymbulak-та сырғанауды жоспарлау кезінде райдерлерге курорт аумағындағы ескерту белгілері мен ақпараттық стендтерге, беткейлердегі белгілеулерге, сондай-ақ курорттың ресми сайтында және әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларында жарияланатын хабарламаларға назар аударуға кеңес береді. Онда қазіргі қар көшкіні мен қауіп деңгейі туралы ақпарат тұрақты түрде жарияланып отырады.
География және су қауіпсіздігі институтының аға ғылыми қызметкері, Shymbulak Outdoor резиденті Виталий Жданов көшкін жағдайға әсер ететін факторлар мен қар жабындысының түрлері туралы айтты. Ол еліміздің статистикасына сәйкес, қар көшкінінен зардап шеккендердің 80%-ы туристер, шаңғы спортымен айналысатындар және альпинистер екенін атап өтті. Жданов тауға шығудан бұрын тек ТЖД-нің дауылды ескертулерін бақылап қана қоймай, сонымен қатар География және су қауіпсіздігі институты тәжірибелік форматта тұрақты түрде шығаратын қар көшкіні бюллетеньмен танысуды да ұсынды.
KMGA кәсіби шаңғы гиді, тәжірибелі фрирайдер Дарья Пономарева кездесуге қатысушыларға фрирайдердің негізгі жабдықтары – бипер, зонд және күрек екенін еске салды. Осындай құралдар ғана қар көшкінге тап болған жағдайда аман қалуға көмектеседі. Дарья қар көшкіннен зардап шеккендердің 90%-ы оны өздері шақырғанын атап өтіп, қар көшкіні кезеңде кез келген қарлы беткей қауіпті болуы мүмкін екенін айтып өтті.
Танымал альпинист, ҚР құрметті альпинизм шебері Максут Жумаев қар көшкіні тоқтаған кезде тірі қалған зардап шеккендердің 90%-ын құтқаруға болатынын қосты. Әр қосымша минут сайын аман қалу мүмкіндігі тез азаяды. Мысалы, қар көшкіні түскеннен кейін 2 сағат өткенде тек 2% зардап шеккендер ғана аман қалады. Сол себепті зардап шеккенге көмек көрсете алатындар тек оның тобының мүшелері болады – құтқарушылардың оқиға орнына жетуі әдетте әлдеқайда көп уақытты талап етеді. Жумаев қар көшкініне тап болған жағдайда қалай аман қалуға және адамдарды қалай құтқаруға болатыны туралы практикалық кеңестерімен бөлісті. Сондай-ақ, қыста тауға шығуға мұқият дайындалудың, сәйкес жабдықты таңдаудың, маршрутты дұрыс жоспарлаудың, қауіптерді бағалаудың және қауіпті бедерде абайлап қозғалудың аса маңызды екенін атап өтті.
Барлық спикерлер көшкін қауіпсіздіктің басты қағидасын айтты: «Көшкіннен аман қалудың ең жақсы жолы – оған түспеу». Бұған қол жеткізу үшін қауіпсіздік шараларын сақтау және қыстық жорықтарға мұқият дайындалу қажет.


