Шымкент жыл сайын қарқыны бәсеңдемейтін, керісінше үнемі алға ұмтылатын, демографиясы да, экономикасы да серпінді дамып келе жатқан мегаполис екеніне биылғы брифингте көзіміз жетті. Орталық коммуникациялар қызметі алаңында сөз алған Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков шаһардың әлеуметтік-экономикалық ахуалына кең көлемде тоқталып, жоспарланған жобалармен таныстырды.
Əкімнің айтуынша, биылғы 10 айда Шымкенттің экономикасы 14,8 пайызға өсіп, рес публика бойынша алғашқылардың қатарында тұр. Сауда, байланыс, өнеркəсіп, құрылыс, инвестиция – барлық секторда өсім бар. Жыл басынан бері 982 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, қала мегаполис ретіндегі мүмкіндігін толық көрсеткен. «Біздің негізгі байлығымыз – еңбекқор халық пен тұрақты өсімге деген жігер.
Шымкент инвестор үшін де, тұрғын халқы үшін де тартымды қалаға айналып келеді», – деді әкім. Өңдеу өнеркәсібі – экономиканың драйвері Соңғы үш жылда 150 млрд теңгенің 40 индустриялық жобасы іске қосылып, 2,5 мыңнан астам жұмыс орны ашылған. Биыл іске қосылған ең ірі жобалар: QazAlpack – жылына 2,2 млрд дана алюминий құты шығаратын өндіріс, Sauran Bricks – 300 мың м³ газдалған бетон өндіретін жаңа зауыт. Инвестор қызығушылығын арттыру үшін қалада екі жаңа индустриялық аймақ салынып, тағы үш аймақ кеңейтілген. Алдағы жылдары бұл аймақтарда 900 млрд теңгенің 300 жобасы жүзеге асырылып, 13 мың жаңа жұмыс орны құрылмақ. Ірі инвестициялар жылыжайлар, мұнай-химия, қалдықты энергияға айналдыру жобасына бағытталып отыр. Соңғы үш жылда Шымкентке 2 трлн теңгеден астам инвестиция тартылды. Әкімдік әзірлеген жаңа пулда 4,6 трлн теңгенің 221 жобасы бар. Ең ірі жобалардың бірі – Alsera KZ түрік компаниясының 650 гектар аумақтағы алып жылыжай кешені. Бүгінде оның алғашқы 42 гектары өнім бере бастады. Ал Шымкент МӨЗ 2030 жылға дейін қуатын 6 млн тоннадан 12 млн тоннаға дейін арттырғалы отыр. Шағын және орта бизнес – негізгі қозғаушы күш Белсенді кәсіпкерлік субъектілері 128 мыңнан 141 мыңға өсті. Биыл кәсіпкерлердің 1971 жобасы мемлекеттік қолдауға ие болды. Кәсіпкерлерге арналған 45 мың м² өндірістік алаң – «Промпарк» жобасы аяқталып, онда 50 шағын өндіріс орналасты. Осының арқасында тұрғындарды жұмыспен қамтуда да ілгерілеушілік бар. Атап айтқанда 34 мың адам тұрақты жұмыс тапты. Осы тұрғыда үш ауысымды мектеп мәселесінің толығымен шешілгенін айтуға болады. «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында жаңа мектеп құрылысының қарқыны жоғары. 12 жаңа мектеп ашылып, үш ауысым мүлде жойылды. Мектептердегі қауіпсіздік пен ашықтықты қамтамасыз ету үшін қаладағы барлық білім ошағы интеллектуалды бейнебақылау жүйесіне (Айқын), тегін тамақтануды бақылайтын «Әлеуметтік әмиянға», үйірмелер үшін ваучерлік жүйеге, қаржыны ашық қадағалайтын «QARQYN» платформасына қосылды. Сонымен қатар Президент резиденциясының ғимараты балалар лагеріне айналды. Үш жылда қалада 14 жаңа медициналық нысан ашылды. Емханалардың жүктемесі азайды. Жедел жәрдем бөліміне 40 жаңа көлік алынып, екі аурухана күрделі жөндеуден өтті. 150 орындық оңалту орталығының құрылысы жүріп жатыр, ал жаңа перзентхана жобасы дайын. Жолдар рекордтық көлемге жетті Былтыр 270 км жол салынса, биыл 1000 км жол жөнделіп, оның 97%-ы аяқталды. Бұл – Шымкент тарихындағы ең ірі инфрақұрылымдық серпіліс. Қала қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін түнгі жарықтандыру мәселесі де өзекті болып тұр. 2023 жылға дейін жыл сайын 9714 көшенің 115 көшесі жарықтандырылған. Соңғы екі жылда осы бағыттағы жұмыстар 40 есе ұлғайтылып, 4686 көше жарықтандырылды. Жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 100%-ға дейін жеткізілмек. Шымкентте биыл 45 жаңа сквер жасалып, олардың жалпы саны 90-ға жетті. Қошқарата өзені абаттандырылып, қалада алғашқы лазерлік-отты шоу фонтандары іске қосылды. Бұрынғы 45 гектарлық қоқыс полигонының орнында экосаябақ салынып жатыр. Онда амфитеатр, жасанды көл, спорт аймақтары бар. «Бадам» су қоймасының жағалауында «Omir Shymkent» экотуризм жобасы жүруде. Жол қиылыстарындағы интеллектуалды бағдаршамдар (331 нүкте), заңсыз құрылыс пен қоқыс орындарын анықтайтын дрондар жүйесі, 4 425 камера, QR-код арқылы ұсыныс жіберу платформасы – Шымкентті «ақылды қала» форматына жақындатқан нақты қадамдар. Әкімнің айтуынша, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидаты бойынша қала тұрғындарының әр ұсынысы есепке алынады. Халықтың тұрмысы тұрақты назарда Шымкент халқы тұрмысының сапасын арттыру мақсатында инженерлік және жол инфрақұрылымын дамыту, баспанамен қамту, экологиялық таза орта құру бағытында жұмыс та белсенді атқарылуда. Мәселен, «Қызылжар –2», «Ақжайық», «Тұран» шағын аудандарында 11 мыңға жуық халық таза ауыз сумен қамтылды. Демеушілер есебінен ұңғыма арқылы су ішіп отырған Текесу және Айкөл елді мекендеріне 32 шақырым су құбыры тартылып, орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылды. Өңірдегі электр энергиясы тапшылығын азайту мақсатында «Қазығұрт» қосалқы станциясының қуаттылығы ұлғайтылып, 40 мыңға жуық тұрғын мен өндіріс орындарын үздіксіз электр энергиясымен қамтуға мүмкіндік туды. Десе де өңірге инвестиция тарту үшін инженерлік желілердің қуаттылығын әлі де арттыру қажет. Ол үшін «Қызылсу» қосалқы станциясын салу жоспарда бар. 6 қосалқы станция және 3 газ тарату станциясын салу қолға алынды. Жылумен қамтуда пилоттық жоба ретінде акустикалық резонанс әдісіндегі жасанды интеллект арқылы роботтық кешенді қолдана отырып, жылу құбырларына диагностика жүргізілді. Ол құбырларды дәлдікпен сканерлеу арқылы қауіпті учаскелерді анықтап, жөндеу шығындарын 75%-ға дейін үнемдеуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ жергілікті әуежайдың жаңа ұшу-қону жолағын салу жұмыстары басталды. Бұл жолақ қаланың логистикалық әлеуетін арттырып, өңірлік хаб ретінде дамуына серпін береді. Биыл Шымкентте 1 млн 375 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру көзделген. Оның 982 мың шаршы метрі берілді. Дегенмен, халық саны ұлғайғандықтан, қазір тұрғын үй кезегінде 90 мыңнан астам халық тұр. 3808 пәтерлі 61 әлеуметтік тұрғын үй құрылысы жүріп жатыр. Жыл соңына дейін 2574 пәтерлі 34 тұрғын үй пайдалануға беріледі. Әлеуметтік осал топтарға 1523 пәтер сатып алынды. Брифингте айтылған деректер Шымкенттің тек бүгінгі емес, ертеңгі келбетінің де айқын екенін көрсетеді. Қала – инвестиция келетін, жұмыс орындары ашылатын, мәдениеті жаңғырған, инфрақұрылымы жүйелі түрде жақсарып келе жатқан үлкен мегаполис. Шымқаланың тыныс-тіршілігімен жанжақты таныстырған әкім Ғабит Сыздықбеков: «Біздің басты мақсат – Шымкентті өмір сүруге жайлы, инвестиция салуға тиімді қала ету. Бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасады» деп сөзін қорытты.
Айша ҚҰРМАНҒАЛИ, «Заң газеті»


