Нұр-Сұлтан әуежайындағы желілік полиция бөлімінің қызметкерлері құжаттары мен миллион теңгесі бар файлды тауып, иесіне қайтарды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Полицияның хабарлауынша, Стамбул-Нұр-Сұлтан халықаралық рейсімен келген Ресей Федерациясының азаматы байқаусызда файлын жоғалтып алған.
«27 қараша күні таңертең 2002 жылы туған азамат Назарбаев халықаралық әуежайына келді. Әуе кемесінен шығып, осы әуежайда орналасқан айырбастау пунктіне бет алға, онда ол ұқыпсыздығының кесірінен 1800 АҚШ доллары және 50 мың Ресей рублі сомасында ақшасы мен құжаттары бар файлын қалдырып кеткен. Терминалдан шығып, таксиге отырып, қонақ үйге кеткен. Жоғарыда аталған мүліктің жоғалғаны туралы білмеген», — деп хабарлады желілік полиция бөлімі.
Бөлім қызметкерлері файлдан құжаттарды тапты, оған сәйкес ресейлік азамат виза алу үшін АҚШ-тың Нұр-Сұлтандағы елшілігіне жүгінгенін анықтаған. Олар елшілікке қоңырау шалып, ақпарат беріп, желілік полиция бөлімінің сенім телефонына қайта қоңырау шалуды сұраған.
«2 сағаттан кейін ер адам қоңырау шалды. Ол құжаттары мен ақшасы жоқ болғандықтан, желілік полиция бөлімі қызметкерлерінен жоғалған файлды өзі орналасқан қонақ үйге әкелуді сұрады. Ақша мен құжаттар иесіне толық көлемде қайтарылды. Жеке уақытын есептемей, қызметтік борышын өтеген полицейлерге азамат ерекше алғысын білдірді», — деп хабарлады полицияда.
Нұр-Сұлтан әуежайындағы желілік полиция бөлімі барлық елорда тұрғындары мен қонақтарынан, сондай-ақ жолаушылардан өз заттарына қырағы болуды сұрайды. Мүлік ұрлығының алдын алу мақсатында барлық құнды заттарды өзімен бірге сақтау және қараусыз қалдырмау ұсынылады.