Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің 16-тарауы азаматтарға, заңгерлерге және мемлекеттік органдарға әкімшілік істерді қай сот қарайтынын нақты айқындауға мүмкіндік береді. Бұл тарауда соттардың құзыреті мен юрисдикциясы, сондай-ақ істерді бір соттан екіншісіне беру тәртібі жан-жақты реттелген.
Негізінен, әкімшілік істерді «мамандандырылған аудандық және оған теңестірілген әкімшілік соттар» қарайды. Егер іс республикалық маңызы бар қалада, облыс орталығында немесе астанада қаралуы керек болса, бірақ талап қоюшы басқа өңірде тұрса — ол өз тұрғылықты жеріндегі сотқа жүгінуге құқылы.
Сонымен қатар, жария-құқықтық даулар (мысалы, мемлекеттік орган әрекеттеріне шағымдар) да әкімшілік соттардың қарауына жатады.
Егер дау әскери басқару органдарына немесе әскери бөлімге қатысты болса, істі «әскери сот» қарайды. Бірақ бұл істер басқа әкімшілік соттардың құзыретіне кірмейтін жағдайлармен шектеледі. Егер әскери сот жоқ аймақта осындай дау туындаса, оны әдеттегі мамандандырылған әкімшілік сот қарайды.
Облыстық соттар әкімшілік істерді «апелляциялық тәртіпте» қарайды.
Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты бірінші сатыдағы соттың қағидалары бойынша Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының шешімдері мен әрекеттеріне (әрекетсіздігіне), Орталық референдум комиссиясының шешімдері мен әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) дау айту туралы әкімшілік істерді қарайды.
Жалпы ереже бойынша, әкімшілік іс «акт шығарылған жерде немесе жауапкердің орналасқан жері бойынша» қаралады.
Қазақстан Республикасының шегінен тысқары жерде шығарылған әкімшілік акт астананың мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотында қаралуға жатады.
Бірақ ерекше жағдайлар бар:
Егер акт шетелде қабылданса — іс Астанадағы әкімшілік сотта қаралады.
Егер акт электронды форматта шығарылса — іс талап қоюшының тұрғылықты жері бойынша қаралады.
Егер талап әкімшілік органның филиалына қатысты болса — талап филиал орналасқан жерде беріледі.
Эксаумақтық (экстерриториялық) соттылық және тараптардың таңдау қағидаты Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің 107-бабымен реттелген.
Бұл бап сот жүйесіндегі жаңа әрі маңызды қадам — «эксаумақтық соттылықты», яғни «істерді географияға тәуелсіз кез келген соттың қарауына беру мүмкіндігін» заңдастырады.
Егер тараптар келіссе немесе талап қоюшы сот отырысы басталмай тұрып сұраса, іс Қазақстан бойынша кез келген сотта қаралуы мүмкін. Бұл тәсіл сыбайлас жемқорлықтың тәуекелдерін азайтуға, жергілікті ықпалдан тәуелсіз шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді.
2025 жылдың 1 наурызынан бастап Қазақстанда әкімшілік істер бойынша эксаумақтық соттылықтүсінігі қолданысқа енді. Яғни, мемлекеттік мекемені жауапқа тартуға ниет білдірген талап қоюшы істі еліміздің кез келген қаласында қарау туралы өтініш бере алады. Бұл жергілікті биліктің соттарға ықпалын жойып, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтады. Әкімшілік істер кездейсоқ түрде Қазақстанның кез келген сотына автоматты түрде жіберілуі мүмкін. Демек, дау қай жерде туындағаны маңызды емес болуы да мүмкін.
Бұл мүмкіндік, ең алдымен, әділетсіздікке тап болу қаупі жоғары азаматтарды қорғауға бағытталған. Мысалы, егер азаматтың оппоненті — мемлекеттік орган болса, талап қоюшы өзі сот ісінің қайда қаралатынын таңдауға құқылы. Мұның бәрі жергілікті қысымнан, жемқорлық ықпалынан арылуға көмектесіп қана қоймай, жемқорлық тәуекелдерін азайтуға, соттың бейтараптығына деген күмәнді сейілтуге және жалпы сот жүйесіне деген сенімді арттыруға бағытталған.
Егер іс бастапқыда дұрыс емес сотта қаралғаны белгілі болса немесе судьялардың алмасуы қажет болса, іс басқа сотқа берілуі мүмкін. Мұндай шешімді сот шығарады және оған шағым жасауға болады.
Егер соттар арасында «бұл істі кім қарайды?» деген дау туындаса, оны жоғары тұрған сот шешеді. Егер дау әртүрлі өңірлік соттар арасында болса — Жоғарғы Сот шешім қабылдайды.
Қазақстан — құқықтық мемлекет құру жолында нақты және батыл қадамдар жасауда. Енді әділ сотқа жүгіну құқығы тұрғылықты жерге де, лауазымға да тәуелді емес. Азаматтар үшін сот — бұрынғыдан да жақынырақ әрі әділ болуға бет алды. Бұл жаңашылдық — әкімшілік әділет саласындағы кең ауқымды реформаның бір бөлігі және Қазақстанның сот жүйесін халықаралық стандарттарға жақындатуға бағытталған нақты қадам.
Бұл реформалардың барлығы азаматтардың құқығын қорғауға және әділ сот төрелігіне қолжетімділікті арттыруға бағытталғандығын айта кеткен жөн.
Алматы гарнизонының
әскери сот әкімшісінің бас маманы
Бекболатова Балжан Серікбайқызы