(Соңы. Басы өткен санда)
– Тағы кімнің қатысы бар бұған? Түгел айт!
– Шаттықты өзің біліп отырсың. Сосын қасымдағы бала… Әскер… Бектібайдың інісі, Түктібай бар еді. Ол бірақ…
– Не бірақ? Айта бер, бөгелме.
– Айтсам, бір айдай болды-ау, Түктібай жоқ боп кетті. Шаттықтың қасында еді.
– Осы бесеуің ектіңдер ғой сораны? Әлде тағы біреулер бар ма?
– Не ғой, иә, бесеуміз ғой. Сосын Шаттық пен Түктібай басында қалған. Сол… жоқ боп кетіпті. Шаттық айтады Қызылордаға барам деп кетті деп. Білмедік не болғанын.
– Түсінікті. Кінәңді біліп тұрсың ғой.
– Білем ғой, білем. Біз пешкамыз. Соны ескерерсің, інім!
Көліктегі төртеу
Тысқа алып шыққанда, төбеден төнген шақырайған күн түнімен қараңғылықты қарманған көзін қарықтырып жіберді. Қай мезгіл екенін топшылай алмай, тізесі дірілдеп, тәлтіректеп құлап қала жаздағаны содан. Ендігі өмірі не боларын ойлағанда іші жидіп сала береді. Артқы есіктен шығарған екен. Өзін дедектетіп айдаған сержанттың алып келген жері аулада тұрған терезесі торлы «УАЗ». Есігін ашып, иегімен ішті нұсқады. Бұл созалаңдап мініп жатыр. Есігін тарс бекітті. Іште үп еткен леп жоқ. Пысынап сала берді. Темір торлы терезеден көрінген тыстағы еркін тіршіліктің енді өзіне түк қатысы жоғын ойлағанда, жон арқасынан суық тер білінді. Қолдары кісендеулі екі адамды айдап сержант келеді. Таныды. Ақбас Қайырбек пен Әскер. Оның соңын ала тағы біреуін алып шықты. Ол да көзіне оттай басылды. Бектібай ғой. Бәрі ұсталыпты. Осы сәт көңілінде қанағаттанарлық бір сезімнің пайда болғаны. Егер әшкере болған жағдайда, Бектібай орға жалғыз бұны итеріп тастап, өздері сүттен ақ, судан таза боп, құтылып кете ме деп қауіптенетін. Сүйенер тіректен ада жетім жанның көретіні сол ғой. Барлық жазаны жалғыз адамның арқалап кеткені әділдік пе?
Машина орнынан қозғалып кетті. «Қайда апарар екен? Әй, енді бәрібір, қайда апарса, онда апарсын. Көрмегені түрме емес. Көктемде Бектібайдың ұсынысына келіскенде, басын бәйгеге тігіп, не зауалға да тәуекел етпеді ме? Бектібайдың өзі төрт рет сотталған. Мынау бесінші. Түрмеден адам өлетін болса, әуелі осы Бектібай өлер еді! Дегенмен… әттең-ай, бір күн ерте қимылдағанымда ғой, ұстатпай кетер едім-ау» деп ойлады өкініштен өзегі өртенген Шаттық.
Жалағаштың көшелері түгесіліп, сортаң далалық басталды. Жол бойы селдіреген жыңғылды тоғай зымырап артқа жүгіреді. Ара-тұра кезіккен жантақты алқап көз алдында шыр көбелек айналып артта қалып жатыр. Бір кезде әспәлт жол түгесіліп, машина солға бұрылды. Толқынға тап келген қайықтай даланың қара жолымен терезесі торланған «УАЗ» қайқаңдап келеді.
Жанайқай
Төрт айдауылға қосақтап кісенделген төрт күдікті үңгір алдына келтірілді. Бектібай «менің кінәм жоқ» дегендей кеудесін керіп, еңсесін тік ұстайды. Шаттықтың көзі жалт-жұлт етіп, маңайындағыларға өшіге қарайды. Ақбас Қайырбек пен Әскердің еңселері түсіп кеткен. Олардың бұлайша жүнжіген себебі Барысбекке ғана мәлім. Бұл екеуі бұрын түрме көрмеген. Зәрелері зәр түбіне кетіп тұрғаны сондықтан.
– Қарасораны сен басқарып ектіріпсің. Әңгімеңді басынан бастап айт, – деді Барысбек Бектібайға сұрақ қойып.
– Мен басқарған жоқпын, мен ектірген жоқпын, – деді Бектібай бірден басын алып қашып.
– Мыналар сен дейді ғой.
– Жала жауып тұр. Бұрын наша шеккенім рас. Нашамен сотталғаным рас. Сондықтан бұларға «ұсталып қалсаңдар, Бектібайды көрсетіңдер» деп үйретіп қойған. Қазір мен нашадан тазамын, – деді Бектібай.
– Қайырбек, сен сөйле. Далдабайға Әскер екеуің неге келдіңдер?
– Шаттыққа ірәжки, май… азық-түлік әкелдік.
– Кім жіберді?
– Шаттық аш жатыр ғой.
– Кім жіберді деймін?
– Енді…
– Кеше Бектібай жіберді деп едің ғой.
– Қашан жібердім сені? – деді осы арада Бектібай киіп кетіп.
– Беке, сен не? – деп сөзге Шаттық араласты. – Жібергенің рас. Кетсек бәріміз бірге кетуіміз керек. Ұйымдастырып ектірген сен ғой.
– Пашол ты, – деп жекірді Бектібай орысша сөзді қазақтың жалпақ тіліне салып. – Бәрі келісіп алған мені айтуға. Сөйдеп айтқызып отыр біреу. Әй, жігіттер, өйдеп нақақ күйдірмеңдер адамды.
– Сораны егуге кімдер келді? Шаттық, сен айт!
– Бектібай бәрімізді әкелді. Қайырбек, Әскер сосын мен.
– Әскер, рас па?
– Рас. Сосын Түктібай аға.
– Айтпақшы, сенің Түктібай інің болыпты ғой, – деді Барысбек Бектібайға бұрылып.
– Өтірік айтады. Ол Қызылорда жақта… жұмыста…
– Сен Бектібайдың кластасысың ғой. Ашығын айтшы, – деп ақбас Қайырбекке бұрылды.
– Рас. Әуелі осында еді. Шаттықтың қасында. Кейін Қызылордаға кетіп қалыпты.
– Қашан кетті қалаға?
– Бір ай бұрын, – деді Шаттық.
– Сонымен еккен сендер. Кәне, көрсетіңдер егіндеріңді!
Шаттық пен ақбас Қайырбек алға түсті. Қалғандары соңынан қозғалды. Арна түбіне барғанда, Шаттық сораны қалай жабылып еккенін, құдықты қалай жабылып қазғанын баяндады. Қайырбек пен Әскер оның сөзін растап, мақұлдаумен шектелді. Бектібай болса, сораға қатысы жоқтай сазарып алған.
– Орып алған қарасораны кешегі жауабыңда кәріс алып кетті деп едің, – деді Барысбек бері шыққан соң. – Кәріс емес, Бектібай болып шықты ғой басқарушың.
– Кәріс деді ме? – деп елең ете қалды Бектібай. – Әуелі шынын айтқан екен. Әй, мен қашан алып кеттім?
– Білмеймін. Мен жоқта біреу жинапты. Мүмкін өзің шығарсың алып кеткен.
– Дамбаның топырағы бұзылыпты, бірдеңе көмген сияқтысың ғой, – деді әңгімеге араласпай үңгір маңайын асықпай барлап келген Шайзат Шаттыққа күрек ұстатып. – Өзің көмген жерді өзің қаз.
Ол жерге күректі ықылассыз батырып, қаза бастап еді, топырақ астынан қара түсті шалбар шықты. Екі балағын, белін түйіп тастаған. Томпайып тұр.
– Әне, – деп қуанып кетті Бектібай. – Ішіндегісін қара. Шөп қой. Бектібай алып кетті деген шөп. Жала жауып тұр демедім бе?
– Білем мен сенің пиғылыңды! – деді Шаттық Бектібайға түйіле қарап. Күректі білемдеп ұстап алыпты. Еркіне қоя берсең, қолындағысымен жіберіп ұрардай. – Жұмысыңды істетіп алып, орға итере салайын деп тұрсың ғой.
– Сөзді тоқтат! Тағы қайда көмдің шөпті? Көрсет! – деді Барысбек оны желкесінен нұқып.
Ол құрғақ топырақ астына жасырған қазынасының бірнешеуін тауып берді. Қолына түскен киімге, пакетке сала беріпті.
– Енді мына жерді қаз, – деді бұрын қазылғаны байқалып жатқан тұсты нұсқап. Шаттық кібіртіктеп, кісендеулі қолындағы күрекке сүйеніп сілейіп тұрып қалды. – Не қып тұрсың, қаз кәне!
– Бұл арада шөп жоқ, – деді ол бәсең сөйлеп. – Шөп басқа жерде.
– Сонда да қаз!
– Жоқ, қазбаймын! – деді Шаттық қолындағы күректі тастай салып.
Шайзат ақбас Қайырбекке иек қақты. Ол күректі қолына алып, қазуға кірісе бергенде Шаттық:
– Қазба деймін саған! Болмайды қазуға! – деп, кенет жанұшыра айқайлап жіберді. – Ол арада Түктібай жатыр! Түктібай!
Жасырылған мәйіт
Қайырбек оның айқайына қарамай, бұрқылдатып қаза берді. Топырақ астынан қаракөк алашаның шеті көрінді. Орауын жаза бастағанда өлексенің күлімсі исі мүңк ете қалсын. Анықтап қараса, адамның иістеніп, бұзылған бас сүйегі. Алақаны мен табанын қоса орапты. Аяқты тобықтан ажыратқан, қолды білезіктен бөлген. Куә болғандар бір сәт аңтарылып, тым-тырыс тұрып қалыпты.
– Кім өлтірді мұны? – деді Барысбек үнсіздікті бұзып.
– Бәрі өзінен. Конопляның жапырағын қуырып жейді де құтырады. Маған тиіседі сосын… қолымды бұрап, пышақ тақайды… өлтірем дейді. Сосын… мен де жедім сюзьмадан. Мылтықты оқтағанымды білем. Есімді жисам, жайрап жатыр, – деді Шаттық ақтала сөйлеп.
– Қалған денесі қайда?
Шаттықтың екі көзі қып-қызыл боп қанталап шыға келді. Шықшыты ойнап, тісін қарш-қарш қайрады. Айнала жауап күткен жандарға ішіп-жеп қарайды.
– Жеп қойдым! – деді сосын ысылдай сөйлеп. – Қуырдақ қып қуырып жедім! Тағы не айтайын? А-а! Тағы не керек сендерге?
– Бұл Түктібай емес, Түктібай Қызылордада, – деді Бектібай әлде де міз бақпай.
– Сен құтылып кетем деп ойлама! Төрт ай аш жүрдім сенің кесіріңнен. Ініңнің етін жегіздің маған. Омыртқасы жатыр анда.
– Тап әкеңнің аузы… Жауыз! Қалай жедің ағаңды? – деп ақбас Қайырбек оған кіжіне қарады.
– Боқтама! Сен де жегенсің! Қуырдақ есіңде ме? Өткенде мен қуырып берген. Әскер де жеді. Әй, айтсай сен, Әскер! Тұзы ащылау болып еді ғой.
– Шімірікпей қалай жедің адамның етін? – деп қалды сол арада біреу.
– Менің орнымда болсаң, сен де жейсің! – деп Шаттық әлгіге тісін қайрап, өшіге қарады. – Үш ай ет татпасаң, көрер ем жемегеніңді!
Осы кезде арнаны жағалап, шоқытып желген салт атты көрінді. Жұрт ошырыла соған қарасты. Тамыз айы түгесілмесе де, үстінде жұқа шапан, басына делдиген қалың қара қалпақ. Жуықтаған соң аттан түсіп, бері беттеді. Сақшы сержанттар оның жолын бөгеп жатыр. Анау жөнін айтқан болу керек, сержанттың біреуі бері жүгірді.
– Жылқы іздеген Қызылтамның адамы екен. Жоғын тауыпты. Қамыстың арасына матап тастаған дейді. Полицияның машинасын көріп бұрылдым дейді, – деп баяндады ол.
Барысбектің ойына осының алдында ғана қармақшылық әріптесі, қылмысты іздестіру бөлімшесінің бастығы Марат Есіловтің жылқы ұрлығына байланысты телефонмен айтқан хабары сап ете қалды. «Қызылтамнан шыққан жылқының ізі Далдабай жағына барғанда жоғалып кеткен» деп еді ол сонда. «Мынау сол болып жүрмесін?» деп ойлады. Жоқ қараған адамға жақын барып:
– Тапқан жылқыңызды бері алып келіңіз, – деп тапсырды. «Мыналардың сыбайласы емес пе екен?» деген қауіпті де ойлап қойды. Ол ұзай бере соңына аңду салғаны содан. Сонан өз-өзіне келе алмай тұрған Шаттыққа қайта төнді.
– Сенің тағы бір қылмысың ашылды. Жылқы ұрлапсың ғой!
Шаттық салт атты кеткен жаққа жалтақ-жалтақ қарап:
– Жылқыда шатағым жоқ, – деді міңгірлеп.
– Шатағың бар ма, жоқ па, қазір көреміз.
Өкініш
Бұжыр бет, шалғы мұрт жігіт ағасы сәлден соң бірі қаракер, екіншісі бозқасқа – қос атты жетегіне алып, салып ұрып жетті. Қаракер ат ерттеулі. Бөктеріншекке кенеп қап таңған.
– Мынау менің атым! – Бұжыр бет қаракерді нұсқады. – Үш күн болды, қаңтарып қойған жерден алып кетіпті. Ер менікі, ал мынау қапты… білмедім.
Қапты ақтарғанда ішінен бірер киім, су толы бес литрлік бөтелке, ыдыс-аяқ, бір дорба нан шықты. Оның астында қураған қарасораны нығыздап салып тастаған.
– Шөпті неге көмген десем, дайындалған екен ғой, – деді Шайзат басын шайқап.
Барысбек қаптан шыққан киімдерді аударыстырып қарады да, ақбас Қайырбектің алдына тастады.
– Кімдікі мынау? Тек шыныңды айт.
– Әй, мынау сенікі ғой,– деді ол Шаттыққа қарап.
– Қос атпен қайда кетпек болдың? Айт кәне? – деді Барысбек шүйлігіп.
Ол бірауық сазарып үнсіз тұрып қалды да:
– Айтпасам да болатын еді, бірақ ішіме сыймай барады, – деді дауысы қалтырап. Көз жанарына жас толып шыға келіпті. – Мынау Бектібай мені жетім деп пайдаланып жүр. Іздейтін ешкімі жоқ деп. Иә, мен жетіммін. Әке-шешем үш жасымда өліп қалған. Бұл өмірден еш жақсылық көрмедім. Мыналар үй алатын ақша берем деген. Соған сеніп келдім. Сөйтсем, бұлардың пиғылы басқа екен, – деп бөгелді.
Танауын тартып, көзін саусағымен сипап өтті.
– Түктібай айтты… бір рет сюзьма жегенде, «егінді жинап алған соң сенің көзіңді құртамыз» деп. Сосын… мен… одан да өзім ертерек жоқ болайын дедім. Тамды жаққа өтіп кетем бе деп…
Кемсеңдеп жылап жіберді. Көз жасы тарам-тарам болып төгілді.
– Кешіктім! Бітті! Бітті бәрі! Маған енді өмір жоқ, – деп полиция офицерлеріне жасты көзін жағалатып, тізерлей кетті. – Мені сотқа жібермеңдерші, ағалар! Мен алданып қалдым! Оңбай алдандым!
Барысбек кісендеулі қолын алға созып, жалбарына бастаған Шаттықты қолтығынан демеп тұрғызды.
– Тый жасыңды! Еркек емессің ба? – Жетелеп апарып, терезесі темір торлы «УАЗ»-дың есігін ашты. – Өмірді қайтадан бастау ешқашан кеш емес. Қолыңмен істегеніңді мойныңмен көтеруің керек! Кәне, отыр мұнда!
Шаттық танауы қусырылып Барысбекке бір қарады да, темір қорапқа сүңгіп кетті. Машина орнынан қозғалғанда, өзі төрт ай мекен еткен үңгірдің лаулап жанып жатқанын көрді.
Нұрлыбек САМАТҰЛЫ
(Қылмыскерлердің аты-жөні өзгертілді).