12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

Шәймерден ЕСЕНКЕЛДИЕВ:«СОТТАЛҒАНДАРДЫ ҚОҒАМҒА БЕЙІМДЕУДІҢ БАСТЫ ТЕТІГІ – ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ»

Шәймерден ЕСЕНКЕЛДИЕВ, Қызылорда облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің бастығы, әділет подполковнигі:

− Шәймерден Тәжіқұлұлы, аймақтағы түзету мекемелерінің қазіргі жағдайы қалай?

− Қызылорда облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің құрылымына ЗК-169/5 аралас қауіпсіздік мекемесі, қауіпсіздігі барынша төмен ЗК-169/4 мекемесі, ЗК-169/1 тергеу изоляторы және  9 пробация қызметі кіреді. Қазір бұл мекемелерде 1000-ға жуық азамат жазасын өтеуде. Біздің негізгі мақсатымыз сотталған азаматтардың жазасын өтеуін қадағалап қана қоймай, түзеліп қоғамға қайта қосылуына, жаза мерзімі аяқталған соң ел қатарлы тіршілік етуіне қолдау жасау. Оқимын деген сотталушының оқуына жағдай жасап, жұмыс істеймін десе жұмыс тауып береміз. Бір сөзбен айтқанда, жаза басқан адамның қайта ойланып, түзеліп кетуіне барлық мүмкіндікті жасаймыз.

─ Жұмыспен қамту бағытында атқарылған шаралар оң нәтижесін беріп отыр ма?

─ Еңбек адамды тәрбиелейді. Сотталғандарды қоғамға қосудың басты тетігі – жұмыспен қамту. Еңбек етіп, ақша тапқан адамның алға қойған мақсаты, арманы болады. Сондықтан сотталушыларды барынша еңбекпен қамтуға тырысамыз. Арасында жұмыс істеп, жалақы алып, тәртібін дұрыстап, отбасына мерзімінен бұрын оралып жатқандар да бар. Бүгінде ҚАЖ департаментінің түзеу мекемесінің аумағында 463 адам жұмыспен қамтылған. Оның 61-і шаруашылық қызметінде және 273 сотталған 22 жеке кәсіпкердің қарауында арнайы келісім-шартпен жұмыс істеуде. Ағаш цехы, темір бұйымдарын жасау, бетон құю цехтары қарқынды жұмыс істеп тұр.

 −  Жазасын өтеп жатқандар қандай білім алуда, кімдер дәріс беріп жүр?

− ЗК-169/5 қауіпсіздігі аралас  мекемесіндегі сотталғандар арасында кәсіптік білім алғысы келген 75 азамат осы оқу жылында ағаш ұстасы, тігінші, газ-электр дәнекерлеуші мамандықтары бойынша білім алуда. Бұл азаматтарға М.Ықсанов атындағы Қызылорда политехникалық колледжі,  Смағұл Ысқақов атындағы Қызылорда құрылыс және бизнес колледжі мен «Қызмет көрсету және сервис» колледжінің  оқытушылары  онлайн түрде дәріс береді. Өткен оқу жылында ЗК-169/5 мекемесінде жазасын өтеп жүрген 62 азамат  арнаулы білімін дәлелдейтін құжат алды. Оның ішінде 23-і ағаш ұстасы, 22-сі тігінші, 17-сі газ-электр дәнекерлеуші мамандығын алды. Мамандықтары бойынша диплом алған азаматтар жаза мерзімі аяқталғанша осы мекемеде ақылы жұмысқа орналасып, жалақы алып, қылмыспен келтірген шығындарын өтеуде. Бұл азаматтар жақсы оқығаны үшін ай сайын 28 323 теңге көлемінде шәкіртақы алып тұрды. Жеті жылда әр түрлі мамандық бойынша 200-ден астам сотталған азамат арнаулы кәсіптік диплом алған.

 

─ Түзеу мекемесінде орта білім алып жатқан азаматтар да бар. Қолына аттестат тигеннен кейін оларға қандай мүмкіндік беріледі?

─ Бүгінде 36 сотталған азамат түзеу мекемесінің ішінде жасақталған  мектепке қабылданды. Олардың 2-еуі 7 сыныпта, 2-еуі 8 сыныпта,  6-ауы 9 сыныпта білім алып жүр. 10 сыныпта 11, ал 11 сыныпта 15 азамат оқып жатыр. Мекеменің  ішкі күн тәртібіне сәйкес сотталғандардың сабақ кестесі, оқу жоспары бекітілген. Қазіргі уақытта карантиндік шектеулерге байланысты кейс технологиясына сәйкес оқытушылар қашықтан білім беруде. Яғни мәтіндік, аудиовизуалдық оқу-әдістемелік материалдармен танысып, интернет желісі қосылған арнайы кабинетте қашықтан білім алуда. Мекеме әкімшілігі сотталғандарды оқу-құрал жабдықтарымен толықтай қамтамасыз етті. Мектептің материалдық-техникалық базасы жасақталған, кітапханада мыңнан аса кітап қоры бар. Күн тәртібіне орай бір мезгіл кітапханада үй тапсырмасын орындайды.  Өткен оқу жылында 9 сотталған негізгі орта білім, 11 сотталған  жалпы білім алғанын растап аттестатқа ие болды. Ал әрі қарай қандай бағытты таңдап, өмірін жақсы жаққа өзгерту адамның өзіне байланысты. Олардың жоғары білім алуға да, жұмысқа тұруға да мүмкіндігі бар.

−Бостандықтағы азаматтарға ең төменгі жалақы 42500 теңге деп белгіленген, ал түзеу мекемесінде бір сотталғанды ұстауға мемлекеттен айына шамамен 90 мың теңге кетеді екен. Бұл мемлекетке шығын емес пе?

− Түрменің аты – түрме. Тәртіп бар. Талап бар. Оның бәрі сотталғанның түзеліп қоғамға қосылуы үшін жасалуда. Жұмыс істеп тапқан айлықтарын көпшілігі туыстарына, балаларына жолдайды. Одан қалды дүкен бар. Тұрмысқа қажетті заттар алады. Жегісі келген тамақтарын алып жейді. Мемлекеттік және жеке талап-арыздары бойынша қарызын қайтарып жатқандар да бар.

Жоғары жалақы алу – сотталған адамның отбасымен байланысын үзбеуіне үлкен себеп. Әр ай сайын баламның киіміне, тамағына деп әйеліне, анасына, бауырларына ақша береді. Бұл оқшауда болса да отбасындағы ер азаматтың парызы. Қамқорлық танытып, түзеліп шығуға асығады. Тіпті күн санап жүретіндер де бар. Тәртіп бұзбаса отбасына оралады ғой.

Қылмысына қылмыс қосып алудан сақ болуды да ескертеміз. Тәртіпке бағынбаса айыпты болады. Бір ғана телефонның өзімен жарты сағатта бірнеше қылмыс істеуі мүмкін. Үйін ойлаған адам өзін тәртіпті ұстайды. «Тәрбиелі − тәртіптің құлы, тәртіпті − елдің ұлы» деп Бауыржан Момышұлы айтқандай басты орында – тәртіп. Өзін ғана емес жақындарын, болашағын ойлау қажет.

 − Жазасын өтеп жатқан жастармен жиі жүздесесіз бе?

− Жұмыс бабымен барған сайын жастармен жүздесуге тырысамын. Жастық шағым қор болды деп жабығып жүретіндер де аз емес. Араларында қоғамға, қалыпты өмірге оралуды армандайтын көп. «Сендер әлі жассыңдар, жазаларыңды өтеп шыққан соң қапасқа қайта оралмауға тырысыңдар. Жігерлеріңді жасытпай, қайратты болыңдар. Ертең үйленіп бала-шағалы боласыңдар. Жақсы жар бола білулерің қажет. Балаға дұрыс тәрбие беретін әке болуды ойлаңдар. Қылмыстың түбі − қорлық. Кіммен араласып жүрсіңдер, оның ісі сені неге жетектеп апарады? Әрбір қадамдарыңа есеп беріп үйреніңдер. «Жақсымен жүрсең жетесің мұратқа, жаманмен жүрсең қаласың ұятқа» деген сөз бар. Жақсы орта таба біліңдер» деп өз кеңесімді айтудан жалықпаймын.

  ─ Істі болған лауазымды тұлғалар, қалталы азаматтарға түзеу мекемесінде барлық жағдай жасалған дегенді жиі естиміз. Шынымен де сотталғандарға қандай да бір артықшылық беріле ме? Әлде ақылы қызметтер қарастырылған ба?

─ Қызылорда облысындағы түзету мекемелерінде ақылы орындар жоқ. Талап пен тәртіп бәріне ортақ. Жазасын өтеушілердің бұрынғы лауазымына, атағына, қаржылық мүмкіндігіне қарамаймыз. Бұл жерге түсті ме, көптен бөлінбей бірге тамақтанады, бірге жуынуға барады. Дәрі-дәрмектер де бірдей беріліп, серуенге бәрі бірге шығады.

− Сотталғандарды жұқпалы індеттен сақтандыру бойынша қандай жұмыстар атқарылып жатыр?

− Сотталғандардың денсаулығы жіті бақылауда. Күніне екі мезгіл серуендейді. Мекемеге қабылданған сотталғандар 14 күн мерзімде сұрыптау бөлмесінде ұсталу кезінде толықтай медициналық тексерістен өткізіледі. Жан-жақты тексерулерден кейін қандай да бір ауру белгілері байқалса, жедел медициналық көмек алады. Бұрыннан ауырып жүрген адамдарға ем-домына сәйкес диеталық тағамдар бөлінеді. Жұқпалы аурулардың алдын алу үшін санитарлық тазалық жұмыстары жиі жүргізіледі. Туберкулез немесе басқа да ауруға шалдыққан сотталған бөлек оқшауланады. Туберкулезбен ауыратыны анықталса, өзге облысқа емделуге жолданады. Жазылып кеткенше көпке қосылмайды. Сонымен қатар, әлемдік пандемияға байланысты сақтық шаралары қатаң сақталып отыр.

− Жат діни ағымды насихаттап істі болғандар да бар. Олар басқалардың діни-нанымына қауіпті емес пе?

− Иә, сотталғандар арасында жат дінді насихаттағаны үшін істі болған азаматтар да бар. Олардың басқаларға үгіт-насихат жүргізбеуі қатаң бақылауда. Мұндай жандар бөлек орында және әркез жіті қадағаланып тұрады. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің, ішкі саясат басқармасының, дін орталығының теологтарымен бірлесіп іс-жоспар жасалған. Кестеге сай теолог мамандар сотталушыларға дәріс береді. «Дін ұстай алсаң қасиетің, ұстай алмасаң қасіретің» демекші, сотталғандардың дұрыс діни сауат алуына барлық мүмкіндікті қарастырамыз. Ішкі тәртіп ережелеріне қайшы келмесе сотталушының бос уақытында намаз оқуына да тыйым салынбаған.

Пробация қызметіндегі сотталғандармен жұмыс қалай жүргізілуде?

Қалалық және аудандық пробация қызметінің есебінен 9 айда 2038 қоғамнан оқшаулаумен байланысты емес жаза түріне сотталғандар өткен. Олардың 135-і әйел, 5-еуі кәмелет жасқа толмаған. Барлығы да тегін әлеуметтік көмек алады. Медициналық, психологиялық, құқықтық көмектерге жүгініп, жұмысқа орналасуға қолдау сұрағандар бар. Көпшілігі жұмыс орындарының квотасы арқылы, әлеуметтік жұмыс орындарына,  қоғамдық жұмыстарға  РМК «Еңбек» филиалына пробация қызметінің бастамашылығымен орналасып, нәпақасын тауып жүр. «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасы негізінде 84 сотталған жұмысқа орналасқан.

− Мемлекеттік бағдарламаның да шапағаты тиіп жатқан болар?

− Әрине, «Еңбек» РМК нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының қаржылай емес қолдау операторы ретінде ұйымдастырған жобаға қатысты. Сотталғандар «Бастау Бизнес» кәсіпкерлік негіздерін оқып, сертификат алып, жоба қорғап, қайтарымсыз грант иеленді. Жыл басынан бері есепте тұрған 21 адам қайтарымсыз грант алып, өз кәсіптерін ашты. Олардың шаштараз, бал арасын асырау, мал шаруашылығы, бағбаншылық, бетон өңдеу цехы, компьютер жөндеу орталығы сияқты кәсіп түрлерін игеріп, өмірден өз орнын тауып отырғаны қуантады.

− Қоғамда алаяқтық қылмыстың көбейіп кеткені белгілі. Жазасын өтеушілер арасында да ондай қылмысы үшін сотталғандар бар болар. Сіздің ойыңызша оңай олжалы болғысы келгендерге қалай тосқауыл болуға болады?

− Халыққа көрсетілетін мемлекеттік қызметтер ашық болуы керек. Қалада да, ауылда да халықты көбірек ақпараттандыру керек. «Бес жүз мың берсең, балаңды оқуға түсіріп беремін, бір миллион берсең үйіңді алып беремін» деп алдап ақша алатындар әлі де азаймай тұр. Істерімен танысқанда олар бір уақытта бірнеше адамды осылай алдаған екен. Оңай олжа оңдырмасы белгілі. Әп-сәтте қомақты қаржы ұстап қарық болғанымен, бұл өтеуі бар үлкен қылмыс. Абай Құнанбайұлының «тамағы тоқтық, жұмысы жоқтық, аздырар адам баласын» деген.

«Заң газетінің» оқырмандарына айтарыңыз бар ма?

− Осы сәтті пайдалана отырып оқырмандарға қылмыс жасаудан сақ болыңыздар деп ескертемін. Қылмыстың өтеуі – жаза. Болашақта жастарымыз қылмыс жасамаса екен. Елімізде мүлдем түзеу мекемелері болмасын деп тілеймін. Және барша кәсіпкерлерді бізбен бірлесіп жұмыс істеуге шақырамын. Түзеу мекемелерінің аумағынан түрлі өндірістік цех ашып, сотталушыларды жұмысқа шақыруға болады. Кәсіпкерге тиімді тұсы ғимаратты жалға алу ақысын талап етпейтін, күзетшіні қажет етпейін цех аша алады.

Сұхбатыңызға рақмет!

БІЗДІҢ АНЫҚТАМА
Шәймерден ЕСЕНКЕЛДИЕВТІҢ құқық қорғау саласында қызмет етіп келе жатқанына жиырма жылға жуықтады. Еңбегінің арқасында әр жылдары «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл», «Астанаға 20 жыл» төсбелгісімен, ҚР Әділет органдарында «ҚАЖ үздік қызметкері», «ҚАЖ органдарындағы мінсіз қызметі үшін», «Ішкі әскерлер қызметінің үздігі», ҚР ІІМнің «Ішкі істер органдарындағы мінсіз қызметі үшін» медальдарымен марапатталған. 

P.S.

Бұрын темір тордың арғы жағында не болып жатқанын білмейтін едік. Қазір бұл оқшау аймақта жариялылық бар. Жазасын өтеушілер жалақы алып жарқын өмірге ұмтылуда. Білім алып, еңбек етіп қоғамға қайта ораламын деген әрбір  сотталушыға түзеу мекемелері бар мүмкіндікті жасап отыр. Абақтыда үйренген кәсібін бостандыққа шыққан соң да дөңгелетіп кеткендер көп екен. Бостандықта алшаң басып жүрсе де, баласына алимент төлей алмай жүргендер қаншама? Белгілі кәсіпке машықтанған сотталушы қоғамға қайта қосылса, қол қусырып жүрмесі анық.

Гүлбану МАҚАЖАН,

Қызылорда облысы

Есть ли выход из трудового рабства?

Во всем мире торговля людьми остается глобальной проблемой, затрагивающей...

Еще одна победа

С двумя золотыми медалями и статусом двукратного победителя чемпионата...

Советхан СӘКЕНОВ, құрметті демалыстағы судья: «ӘДІЛДІК ЖОҚ ЖЕРДЕ МЕМЛЕКЕТ ДАМЫМАЙДЫ»

– Советхан Сәкенұлы, құрметті демалысқа шыққаныңыз құтты болсын! Зейнетке...