Әділетті қоғам құру — бүгінгі қазақ қоғамының басты құндылығы. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың соңғы үш жылдағы Қазақстан халқына Жолдауларының идеялық түпқазығы – Әділетті Қазақстан құру стратегиясына бағышталды.
Бұл саяси да тарихи құжатта: «Азаматтары, әсіресе жастары мәдениетті, жаңашыл әрі жасампаз ұлттың ұпайы түгел. Сондықтан біз өркениетті ел болуға кедергі жасайтын жағымсыз әдеттерден арылуымыз керек»-делінген.

Осы орайда Narxoz университеті Құқық және мемлекеттік басқару мектебі студенттеріне Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты Төрағасының орынбасары, 2-сыныпты мемлекеттік әділет кеңесшісі, заң ғылымдарының кандидаты Жақып Қажманұлы Асановтың оқыған қонақ дәрісі өтті. Жастардың саяси мәдениеті мен құқықтық, философиялық көзқарастарын қалыптастыруға ықпал еткен дәрістің берер білімі, көтетер жүгі салмақты.
Сенатор Ж.Қ. Асанов: «Әлем қарқынды өзгеруде, және мемлекеттік басқару бұл өзгерістерге сәйкес келіп қана қоймай, олардан озық болуы қажет», — дейді. Спикер заң саласындағы ең алғаш тәжірибесінен бастап, толысқа, орныққан кемел жасқа дейінгі кәсіби портфолиосын білім, білік және дағды атты ұштағанға тоғыстыра келе, осы қасиеттердің бәрі ізгілік пен адамгершілік әділ таразысынан елеп, екшеп, пайымдап барып шешім шығаруда деп атады.

Дәріске тиек болған тезис — жас адамның өмірлік мақсаты мен болашақ қызмет траекториясын саналы түрде саралап, талғап, өзінің мүмкіндіктері мен қарым-қабілетін бағыттау.
Бұл тұрғыда, салиқалы да сарабдал заңгер нағыз көшбасшы – тек процесті және адамдарды басқаратын адам ғана емес, ең алдымен, өзін-өзі басқарып, болашақты құра алатын тұлға деп таниды.
Дәрісті тыңдаған болашақ заңгер, саясаткер, дипломат мамандары рухтанып, дәріскердің сұрақтарына жарыса жауап беріп, өздері қызығы сұрақтар қойып, интерактивті қалыпта өрбіді.
Қазіргі мемлекеттік басқару бірқатар сын-тегеуріндермен бетпе-бет келуде деп атап өткен спикер бірнеше тұжырымдар ұсынды. Соның ішінде, мемлекеттік органдардың жұмыс тиімділігін арттыру, цифрлық технологияларды енгізу, халықпен өзара іс-қимылды жақсарту және шешім қабылдау үдерісінің ашықтығын қамтамасыз ету мәселелері ерекше орын алады. Бүгінгі таңда мемлекеттік менеджмент мамандардан басқарудың заманауи құралдары, табысты тәжірибелері мен тұрақты мемлекеттік институттарды дамытуға ықпал ететін стратегиялық тәсілдер туралы терең білімді талап етеді.

Дәрісті тыңдаған студенттердің бірі Хасанова Индира: Өте пайдалы, ақпаратқа толы және қызықты дәріс болды. Спикердің күрделі жағдайларды қарапайым түсіндіріп, оны күнделікті өмірдің бір бөлігі ретінде айтуы ұнады. Бізге ұсынған үш қағида соншалықты қиын емес, бірақ оған төзім, білім жән ізденіс керек. Мәселен, жаңа істі бастағанда тек қана бір ғана ең маңыздысына фокус қою. Өз ортаңнан кәсібін адал игерген мамандарды қолдап, командалық жұмыстарға жұмылдыра білу. Сондай-ақ озат құралдар мен технологияларды үйрену және тиімді пайдалана алу.
Бұл ойлар менің оқу мен жұмысқа деген көзқарасымды өзгертті. Енді мен басты нәрсеге назар аудару қағидасын күнделікті өмірімде қолданғым келеді, сондай-ақ мүмкіндіктер мен адамдарға мұқият болуды үйренуім қажет, — дейді.
Ал студент Құрманқұлова Әсел дәрістен алған әсерін спикердің бойынан табандылық пен үздіксіз білім алудың ең озат үлгісі мен мықты басшының болмысын таныдым дейді. Әсіресе, Ж. Асановтың сот жүйесіндегі тиімді жұргізген реформалары мен үшін терең зерттейтін кейс болды. Сондай-ақ, қылмыстық жазаларды ізгілендіру мен түрме тұрғындарының санын азайтудағы тәжірибесін көп жастар оқып, білсе екен. Бұл қоғамдағы әлеуметтік әділеттіліктің көрінісі әрі нәтижесі.
Жақып Асановтың дәрісі студенттерге, оқытушы, профессорларға құқықтық жүйе, басқару және реформалар туралы терең түсінік беріп, олардың болашақ кәсіби дамуына құнды үлес қосты.
Профессор Гүлмира Сұлтанбаева