Сонымен Сенат сайлауы мәреге жетті. Өткен сенбіде, яғни 14 қаңтарда өткен бұл саяси додада Парламенттің жоғарғы палатасына өтетін жаңа есімдер белгілі болды. 55 үміткердің ішінен оза шауып, сенатор атанғандардың қатарында екінші рет осы мәртебені иеленіп отырғандар да, жаңадан келіп отырғандар да бар. Қайта сайланған сенаторлар – Шымкент қаласынан Нұрлан Бекназаров, Жетісу облысынан Амангелді Төлемісов, Алматы облысынан Жанболат Жөргенбаев, Ұлытау облысынан Советбек Медебаев.
Жалпы Сенат – республиканың заң шығару қызметін жүзеге асыратын ең жоғары өкілді орган. Оның алғашқы шақырылымының жұмысы 1996 жылдың қаңтарында басталды. 2021 жылдың 15 қаңтарында жиналған жетінші шақырылым қазір күшінде. Онда 2018 және 2020 жылдары сайланған, 2017 және 2019 жылдары Президент тағайындаған Сенат депутаттарының өкілеттігі конституциялық нормаларға сәйкес жалғасты. Бірақ «Қаңтар оқиғасынан» кейін, яғни, наурыз айында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Сенаттың құрылу тәртібі мен қызметін қайта қарау жөніндегі ұстанымын жариялап, ондағы президенттік квотаны 15-тен 10-ға дейін қысқартатынын, ал Қазақстан халқы Ассамблеясынан бес депутат ұсынылатынын мәлімдеді. 26 қарашада өткен ұлықтау рәсімінде «Жоғарғы палата депутаттарының сайлауы конституциялық реформаны іс жүзінде жүзеге асырудың жалғасы болады. Соның нәтижесі бойынша Сенат депутаттарының бір бөлігі бәсекелестік пен жариялылық қағидаттары негізінде жаңаратын болады», деген еді. Сондай-ақ, Сенаттың жаңа шақырылымының өкілеттігі кеңейтілетінін айтқан еді. Соған сәйкес енді Жоғарғы Сот судьяларымен қатар, Конституциялық сот пен Жоғары Сот Кеңесінің төрағалары лауазымдарына үміткерлер Жоғарғы палатаның келісімімен анықталатыны белгілі болып отыр. Өткен жылдың 26 қарашасында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев сайланған Сенат депутаттарының конституциялық мерзімінің аяқталуына байланысты Парламент Сенаты депутаттарының сайлауын 2023 жылғы 14 қаңтарға тағайындау туралы Жарлыққа қол қойды. Жалпы Конституция бойынша Сенатқа әр облыстан, республикалық маңызы бар қаладан және астанадан екі депутат сайланады. Кандидаттарға қойылатын талаптар Конституцияның 33 және 51-баптарында, сондай-ақ «Сайлау туралы» заңның 4-бабында көзделген. Парламент Сенатының депутаттығына кандидаттарды ұсыну 2022 жылғы 29 қарашада басталып, 16 күнге созылды. Орталық сайлау комиссиясы төрағасының айтуынша, республика бойынша барлығы 130-дан астам үміткер құжатын тапсырды. Олардың сайлау бюллетеньдеріне тек 55-і енгізілді. Ал, республика бойынша сайлаушылар тізіміне 3168 мәслихат депутаты тұр. «Сайлау туралы» заңға сәйкес 2022 жылғы 24 желтоқсанда сағат 18:00-де Парламент Сенатының депутаттығына кандидаттарды тіркеу тоқтатылды. 13 қаңтарда сағат 00:00-де кандидаттардың сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары аяқталды. Сайлау күні Орталық сайлау комиссиясының интернет-ресурсы арқылы сайлаушыларды тіркеу және дауыс берудің алдын ала қорытындыларын шығару бойынша онлайн мониторинг қызметтері жұмыс істеді. Соның арқасында ел бүгінде өзінің жаңа сенаторларының есімін біліп отыр. Бүкіл ел бойынша Сенат депутаттарын сайлаудың қорытындыларын Орталық сайлау комиссиясы сайлау өткізілген күннен бастап жеті күннен кешіктірмей, 2023 жылғы 20 қаңтардан кешіктірмей жариялайды. Жалпы сарапшылардың айтуынша, бұл сайлау үміткерлерге бір мандат бойынша өзін өзі ұсынуға жол ашқандықтан, демократиялық қағидаттарға сай өтті. Соның арқасында Сенат құрамы елдің дамуына елеулі үлес қосып жүрген, білікті, тәжірибелі, патриот жандармен толықты. Олар аймақтағы халықтың мұң-мұқтажына баса көңіл бөліп, түйткілдердің тиімді шешілуіне оң ықпалын тигізетін болады. Сенаттың жұмысын жандандырып, оған жаңа тыныс, тың серпін береді.
А.ТҰРМАҒАНБЕТОВА, «Заң газеті»


