12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

Сейітқазы КЕШУОВ, Агроинженерия ғылыми-өндірістік орталығы басқарма төрағасы, техника ғылымдарының докторы, ҚР ҰҒА академигі: «ӨЗ НАРЫҒЫМЫЗДЫ ҚОРҒАЙ АЛМАЙ ОТЫРМЫЗ»

– Сейітқазы Асылсейітұлы, ауыл шаруашылығын жаңа техникамен қамтамасыз етпей, бұл саланы орнықты дамыту мүмкін емес. Әлі күнге дейін бұл салада ілгерілеушілік байқалмайды. Оның себебі неде?
– Рас айтасыз. Бұл мәселені Елбасы да, Мемлекет басшысы да бірнеше рет қозғаған. Өндіріс техникамен дұрыс жабдықталмаса, технологиялық процестерді орындайтын машиналар жетіспейтін болса ондағы жұмыс өнімділігі мен өнім сапасы ғана емес, жалпы ауылдың әлеуметтік-экономикалық жағдайының түзелуі екіталай. Тіпті мүмкін емес. Біздің Агроинженерия ғылыми-өндірістік орталығы (АҒӨО) осы мәселемен 1948 жылы құрылғаннан бері айналысып келе жатыр. Бұл шеті-шегі жоқ жұмыс. Ауыл шаруашылығында қолданылатын техника мен өзге құрал-жабдықтың түрінің өзі мыңдап саналады және олар үздіксіз жетілдіруді қажет етеді. Біздің ғылыми-зерттеу жұмысымыздың бағыттары: – өсімдік шаруашылығы, мал
шаруашылығы және ауылшаруашылық өнімдерін қайта өңдеу салаларында ғылыми-техникалық прогресті жылдамдатуға бағытталған іргелі, қолданбалы зерттеулер мен тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар;
– ауыл шаруашылық процестерін механикаландыруға арналған алдыңғы қатарлы және импорт алмастырушы құралдарды ғылыми-маркетингтік негіздеу, жасау және өндіріске ендіру;
– машиналар технологиялық кешендерін оптималды құрылымдары мен құрамдарын қалыптастыру әдістемелерін жасау мен оларды аймақ жағдайында тиімді қолдану жолдарын анықтау.
Нақты жұмыстар топырақ өңдеу, дәнді және азықтық дақылдарды өсіру мен жинау, ауылшаруашылық өнімдерін өңдеу, ауыл шаруашылығы процестерін цифрландыру, электрлендіру және автоматтандыру, энергия үнемдеу, жаңармалы энергия көздерін пайдалану бойынша жүргізіліп жатыр. Орталықтың Ақкөл және Қостанай қалаларында орналасқан филиалдары бар. Жұмыстар зертханаларда, конструкторлық бөлімдерде, сынақ зертханаларында және тәжірибелік өндірістерде жүргізіледі Жасыратыны жоқ, ауылшаруашылық техникаларын жасау саласы тәуелсіздік жылдары алға басудың орнына кері кетіп, барымыздың өзінен айырылып қалдық. Бұрын ондаған толыққанды өндіріс орны бар еді. Қазір 30 шақты өндіріс орны бірте-бірте көтеріліп келе жатыр. Қаржыландыру мәселесіне байланысты бір кездері жасаған машиналары мен құралдары республикаға ғана емес, күллі Одаққа әйгілі болып, тіпті шетелдерге шығарылатын біздің Орталықтың жай-күйі де жеңіл болған жоқ. Биылға дейінгі Орталық қарайтын Ауыл шаруашылығы министрлігінен тікелей ғылыми-зерттеу жұмыстарына алатын қаржы бюджетіміз 20% аспайды. Негізгі қаражатты өзіміз табамыз.
– Ауыл шаруашылығы өндірісіне нақты не ұсына аласыздар?
– Біздің тұтынушыларға ұсынған техникалар тізімінде кемінде 20 шақты машинаның түрі бар. Бірақ фермерлерге тікелей машина сату Орталықтың алдына қойылған негізгі міндет емес. Біз ішкі жоспарымыздың негізінде машиналарымызды тәжірибелік нұсқа ретінде ғана сатамыз. Өндіріс орындарына бәсекелес болмауымыз керек. Тәжірибелік цехымыз да машиналарды сериялап шығаруға арналмаған. Бірақ шаруалар қажет десе біз бас тартпай, құнын нарықтағы бағадан асырмай, уақытымен жасап бере аламыз. Тек бір қиындық бар. Біреу сепкішті сұраса, екіншісі культиваторды, үшіншісі тағы басқасын сұрайды. Цехқа бір күні ананы, келесі күні басқаны жасау оңай емес, сапаны да қамтамасыз ету қиындайды. Біздің негізгі мақсатымыз орталықта ойлап табылып, жасалған және сыналған машиналардың конструкторлық құжаттарын зауыттарға өткізу. Ал осы құжаттарды пайдаланып машинаны өндіріске қоюды ұстап тұрған нәрсе мемлекетіміздегі ауыл шаруашылығы техникасын жасау саласының қалпына келе алмай жатқандығы. Өндіріс орнының біразы енді аяққа тұрып келе жатқанымен, көбі жеңіл жолға түсіп шетелдің машиналарын жинаумен ғана шұғылдануда. Олардың алдына әрдайым локализация деген мәселе қойылады. Бұл осында құрастырылатын машинаның құрылымдық бөлшектерін, құрамдық агрегаттарын өзімізде шығару үшін жасалып отыр. Бірақ біздің ойымызша бұл бағытта жасалып жатқан жұмысқа қанағаттануға болмайды. Зауыттар локализация шығындарына машинаны жинағанда кеткен жұмысшылардың жалақысын, кәсіпорынның коммуналдық шығындарын және тағы басқаларды қосады. Ал шын мәнінде машинаның құрамына кіретін біздің өзімізде шығарып жатқан бөлшектер өте аз. Бизнесті де түсінуге болады. Машина жасау саласында нені болса да жаңадан жасап шығару үшін заманауи техника, технологиялар қажет. Оларды қымбат бағамен сырттан импорттау керек. Шығарған өнім көптеген данамен тұрақты түрде сатылып жатқанның өзінде, шыққан шығынды қайтару мерзімі ең кемінде 10-15 жылды құрайды. Кеңес дәуірінде де ол 20 жылға дейін созылып кететін. Сол себепті қазір оған шыдайтын кәсіпкер жоқ деуге де болады.
– Машина жасау өндірісіне әлемде ерекше көңіл бөлінеді. Көбіне өндірісшілер мемлекеттің қолдауы­на сүйенеді. Қазақстанда да қомақты қаржы жұмсалуда. Алайда нәтиже жоқ. Бұған не істеу керек?
– Бұл күрделі және кешенді мәселе. Өзімізді зауыт иесінің орнына қойып көрейікші. Өндіріске қомақты қаржы салып машиналарды шығара бастадық дейік. Енді жұмысшыларға жалақы төлеуіміз және банктен алған кредитімізді жаба бастауымыз қажет, коммуналдық шығындарымыз бар, өндірісті жаңартып отыруға қаражат жинауымыз, пайда да табуымыз керек емес пе, тағы да басқаларын айтпағанда. Осыларды орындау үшін жасаған машиналарымыз толығынан сатылып отыруы, қаражат айналымы қажет. Практикада, сату мүмкіндігі шектеулі болғандықтан зауыт қиналады. Себебі біздің нарықта шетел өнімдерінің бәрі де бар. Кім келіп нені сатам десе де ерікті. Ал енді ғана аяғына тұрып келе жатқан біздің зауыттар тәжірибелі білікті фирмалармен бәсекеге түсуге шыдамайды. Өндірістің жүрмей жатқан негізгі себебі сол деп есептеймін. Біз әлі де өз нарығымызды қорғай алмай отырмыз.
– Президент биылғы Жолдауында үкіметке агроөнеркәсіпті дамытудың ұлттық жобасын жасауға тапсырма берді. Оған өз тараптарыңыздан
қандай ұсыныс бердіңіздер?
– Бұл жоба қысқа уақытта жасалып жатыр. Кеше ғана бізге Ауыл шаруашылығы министрлігінен білім және ғылым саласы бойынша ұсыныстарыңызды беріңіздер деген хат келді. Бұл бағытта ғылыми-зерттеу жұмыстарын ұйымдастыру мәселелері бойынша ойларымызды дайындап жатырмыз. Ауыл шаруашылығы машиналарын жасау саласына талдау жасап көрдік қой, бізде осы сұрақтармен айналысатын және шетелді зерттеп жүрген ғалымдарымыз бар. Көршілес Өзбекстанның ауыл шаруашылығында қолданатын техниканың 80-85%-ы өздерінікі. Олар Германияның бір фирмасымен келісіп зауыт салды, локализациясы жоғары. Соның нәтижесінде техниканы жөндеу және бөлшектермен қамтамасыз ету жүйесі де дұрыс жолға қойылған. Ашық нарық саясаты бір жағынан дұрыс та шығар. Бірақ қай жұмыс болса да оның екі жағын да қарастыру керек. Көшеде жүрген жеңіл көліктер сияқты, бізде ауыл шаруашылығы техникасы да әртүрлі. Жүздеген мың доллар тұратын кешенді сепкіштер, тракторлар, комбайндар неше түрлі фирмалардікі. Солтүстіктегі кейбір ірі фермерлерде бірнеше сепкіш кешені болса, әрқайсысы әрқилы фирманың өнімі болуы мүмкін. Ал бір мезгілде әртүрлі фирмамен қатар жұмыс істеу деген қиын нәрсе ғой. Біздіңше біріншіден бір-екі ірі фирмалармен тиянақты келісімге отыру керек. Кеңес одағы кезінде итальяндық ФИАТ-пен келісімге отырып ВАЗ зауытын салып, жылына 660 мың жеңіл машина шығара бастаған соң ғана халықтың жекеменшік машинасы бола бастады. Екінші, мысалы біз өзіміз комбайнды жасай алмаймыз. Оған біраз жыл және көп қаржы керек. Әрине алдыға нақты мақсат қойсақ оған жетуге болады. Бірақ біздің нарыққа ол тиімді болмауы мүмкін. Ал тракторға ілетін, тіркейтін машиналарды өзімізде жасауға мүмкіндігіміз бар. Бізге сонымен шұғылдану керек деп есептеймін. Содан кейін бұл зауыттарды аяғынан тұрып кеткенше демеп, ішкі нарықты қорғау керек. Тіпті жағдайды айтып ДСҰ-мен де келісуге болатын шығар деп ойлаймын.
– Қазір ауыл шаруашылығы техникаларының тозуы қай деңгейде?
– Олардың шамамен 80%-ы орташа есеппен 14-20 жыл бұрын шығарылған. Егер техниканың пайдалану мерзімін 10 жыл деп есептесек, жыл сайын техниканың 10% жаңарып отыру керек. Қазіргі қарқынмен оған қашан жетеріміз белгісіз.
– Техниканы өзімізде жасап лизингпен таратуды қолға алуға не
кедергі?
– Финанс лизингіне көп шаруалардың қолы жете бермейді. Ірі шаруашылықтардың жағдайы біршама жақсы болғанымен, олардың да мүмкіндігі шектеулі. Бұлар негізінен солтүстіктегі астық өндірушілер. Техникамен қамтамасыз ету мәселесі, әсіресе 88 мыңнан астам жері 50 гектарға дейін фермерлік және шаруа қожалықтары үшін барынша маңызды. Оңтүстік өңірде ондай қожалықтардың саны 90%-ға жетеді және олардың жартысының жер көлемі 10 гектарға дейін, оның үстіне 1,6 млн жеке шаруашылықтар бар. Олар оңтүстіктегі ауыл шаруашылығы өнімінің 70 пайызын беріп отыр. Қолдарындағы техникалар жоқтың қасы. Оны сатып алуға қауқарсыз. Сондықтан мұндай шағын шаруа қожалықтарына кіші габаритті тиімділігі жоғары техникаларды әкеліп, ұсыну қажет деп есептеймін. Мәселен, қазір Беларусь-80 тракторының құны 9,4 млн теңге болса, біздің ұсынғалы отырған кіші габаритті трактор 14 түрлі тіркемесімен бірге 16 млн теңге тұрады екен. Бұл техниканы ТМД, Еуропа елдері мен Қытайдан трансфер жасап, біздің жағдайға бейімдеп Қазақстанда шығаруға әбден болады.
– Орталықта осы уақытқа дейін жасалған техника мен технология өндіріске қалай сатылды?
– Біз зерттеліп сынақтан өткен 10- нан астам машинаның конструкторлық құжаттарын бірнеше зауыттарға өткіздік. Олар жасап шығарамыз деп өз тірліктерін жасауда. Әрине өндіріске енді қойылған машина бірден барлық жағынан қанағаттанарлық боп шықпайды. Біз шамамыз келгенше өз деңгейімізде сынадық, ол жеткіліксіз. Тіпті сериямен шығарыла бастаған машиналардың сенімділігін тиянақты түрде зерттеп олқы тұстарын қайта түзеп отыру керек. Оның бәрі көптеген данасын шығарған соң ғана көрінеді. Зауыттар көбіне сондай жұмыстан
қашады бізде. Машина жасау және пайдалану саласында тағы да бір күрделі мәселе бар. Ешқандай машина жасайтын өндіріс машинаның бөлшектері мен механизмдерін толығынан өзі шығармайтыны белгілі. Мысалы подшипниктер, резеңкеден жасалған өнімдер, гидравликалық жүйелер тағы басқалар мамандандырылған өндірістерде шығарылады. Жалпы, ол тиімді. Бірақ олар негізінен Қазақстанда шығарылмайды. Ал біздің нарыққа жеткізілген біразының сапасы ешқандай сынды көтермейді. Мысалы біз топырақ өңдейтін машиналардың жаңа түрлерін шығарамыз. Бұл техниканың жер астында жүретін жұмыс бөлшектерін сырттан әкелеміз. Ол «болат-45» сияқты мықты материалдан жасалуы керек. Алайда оны орындық жасайтын «болат-5»-пен жасап әкеп сатып жатыр. Оның қысқа уақытта дымы қалмайды. Ал импортты бөлшектер мен механизмдердің сапасын дұрыстап тексеріп жатқан ешкім жоқ. Біздің шаруалар әбден қиналып жатыр. Бірақ ештеңе істей алмаймыз. Үкімет сырттан келетін бүкіл тауарларды сертификаттау жүйесін ретке келтіруді енді ғана қолға алуда.
– Естуімше, қойдың жүнін өңдейтін машиналардың жаңа үлгісін жасап жатыр екенсіздер. Оның жобалық нұсқасы жасалған ба?
– Соған енді жақындап келе жатырмыз. Бізді Ауыл шаруашылығы министрлігі де қолдап отыр. Алдағы үшжылдықта оны ары қарай жалғастырамыз. Оның болашағы өте зор деп есептейміз. Бұл аса күрделі нәрсе емес, ары қарай жетілдірсек, өндіріс орындары іліп алып кетеді деп ойлаймын. Нәтижесін 2022-23 жылдары көріп қалармыз. Біз тек жүн өңдеуді ғана емес, қой шаруашылығын цифрландыру, механикаландыру, энергиямен қамтамасыз ету проблемаларын кешенді түрде шешсек деп отырмыз.
– Ғылыми орталықта жұмыс жасайтын кадрларды жаңарту жағы қалай шешілуде?
– Ғылыми кадрлардың орта жасы қазір дұрысталды. Қажетті жас мамандарды Қазақстандағы жоғары оқу орындарынан жинадық. Қазіргі проблема жас мамандар мәселесі емес, білікті мамандар мәселесі. Көп жағдайда жастардың білімдері жетіспей жатады. Жасыратыны жоқ білім және ғылым саласының жалақысы төмендеу болды ғой. Қабілетті жастар көп жағдайда еріксіз басқа салаларға кетіп қалды. Ал қисын бойынша ең ақылды адам ғылымда отыруы керек қой. Жастардың біліктілігі жетпей жатқандықтан жобаларды да, ғылыми есептерді де негізінен қарт ғалымдар жасайды. Бізде ғана емес бүкіл Қазақстандағы жағдай осындай, әсіресе инженерия саласында. Біз бірнеше жыл болды оншақты жас маманды таңдап алып, олар әлеуметтік жағдайын дұрыстай алатындай және тұрғын үй кезегіне тұра алатындай қылып жалақысын тағайындадық. Қажет болса төлемақысыз жатақхана береміз. Оларға жеке-жеке ғылыми біліктілігін жоғарылату жоспарын жасап қойдық, не істедің деп есеп сұрап отырамыз. Ағылшын тілі оқытушыларын шақырып сабақ өткіземіз. Сондай-ақ 10 млн теңгеге дейін қаржысын төлеп бір жігітімізді шетелде докторантурада оқытып жатырмыз. Бұдан бөлек Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетімен келісімшартқа отырып магистрант, докторанттарды да оқыта бастадық. Биыл бізге 20 бакалавр, 12 магистр, 4 докторантты бекітіп берді, оларды біріге отырып өзіміздің орталықтың негізінде дайындай бастадық. Қаражат боп жатса әлі де біраз жастарды жұмысқа аламыз.
– Сұхбатыңызға рақмет.
Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ,
«Заң газеті» 

Алтынбек НУХҰЛЫ, Парламент Сенатының депутаты: «ҚАБЫЛДАНҒАН ӘРБІР ЗАҢ МАҢЫЗДЫ»

– Биылғы жылы қандай маңызды заңдар қабылданды? – Қазақстан...

Есть ли выход из трудового рабства?

Во всем мире торговля людьми остается глобальной проблемой, затрагивающей...

Еще одна победа

С двумя золотыми медалями и статусом двукратного победителя чемпионата...