Алдағы уақытта Қазақстан мен Ресей арасындағы сауда қатынасы жаңаша форматта дамиды,енді бұл қарым-қатынас цифрлық форматқа ауысады.
Болашақта сауда айналымында, алыс-берісте қағаз құжаттар азайып, бұған дейін үлкен кедергілердің негізі болған тексеріс шаралары алынып тасталады. ҚР Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов осылай деп мəлімдеді. – Қазір бірнеше пилоттық жоба іске асып жатыр. Солардың бірі ретінде 11 ақпаннан бастап навигациялық пломба енгізілді. Елдер арасындағы транзиттік көліктерге навигациялық пломба орнатылып, олар онлайн бақыланып отыр. Соның арқасында физикалық тексерулер алынып тасталды. Бұл жоба оң нəтиже көрсетіп жатыр. Оны ары қарай да дамыта береміз, – деді ол. Тағы бір маңызды жоба аясында теміржолдағы қозғалысты қағаз құжаттардан арылтып, электрондық форматқа көшіруге белсене кірісу істері қолға алынады. – Бұл жоба да жүзеге асырылып жатыр. Соның арқасында рəсімдеу үдерісі 30 минуттан 10 минутқа қысқартылды. Сондай-ақ Еуропа бағытындағы транзит ұлғайып жатыр. Бұл мақсаттағы жұмыстар əлі де жалғасады. Алдағы уақытта екі ел арасындағы сауда айналымы, тауар тасымалы толықтай электронды форматқа ауыстырылады, – деді Е.Біржанов. Оның сөзінше, инфрақұрылымды дамыту да назардан тыс қалмайды. – Тағы бір бағыт – инфрақұрылым. Екі ел арасындағы бекеттерді жаңғыр ту жұмыстары жүргізіліп жатыр. 30 бекет заманауи талаптарға сай болады. Осы жобаның арқасында бекеттердегі жолдар кеңейтіледі жəне жаңа техникалық құралдар тексеру үдерістерін жеңілдетеді. Мұның бəрі тауар айналымын кедергілерден арылтады, – деді Қаржы вице-министрі.
Ж.ҚҰДАЙБЕРГЕН


