Адами капиталға салынған инвестиция – экономикалық өсімнің негізгі қозғаушысы. Елімізде денсаулық сақтау саласын жаңғырту жұмыстары еңбек нарығын дамытуға, өңірлердің әлеуетін күшейтуге және фармацевтикадағы импорттық тәуелділікті азайтуға бағытталып отыр.
Еңбек нарығындағы сұраныс
Соңғы жылдары медицина мамандарына деген қажеттілік айқын сезілді. 2025 жылы медициналық жоғары оқу орындарын 10 530 жас маман тәмамдайды. Оның 1333-і ауылдық ұйымдарға жіберіледі, бұл 2024 жылға қарағанда екі есе көп.
Ауыл аймақтарын дәрігерлермен қамтамасыз ету үшін 8,5 млн теңге мөлшеріндегі көтермеақы енгізіліп, 254 маман қолдауға ие болды. Соның нәтижесінде дәрігер тапшылығы 19%-ға, орта медицина қызметкерлері тапшылығы 13%-ға төмендеді.
Интернатура мен резидентураның жаңа бағыттары ашылып, 20-дан астам мамандық бойынша кадрлар даярлау күшейтілді. Сонымен қатар халықаралық бағдарламалар енгізіліп, қос дипломды білім беруді дамыту басталды. Бұл шаралар өңірлік еңбек нарығын теңгерімді дамытып, экономикалық белсенділікті арттыра түспек.
Импортқа тәуелділікті азайтады
Мемлекет дәрі-дәрмек өндірісін ұлғайтуға басымдық беріп отыр. 2024 жылы фармацевтикалық өнімдер көлемі 21,8%-ға өсіп, инвестициялар 2 есе артты. Экспорт 32,9%-ға жетіп, 52,1 млн АҚШ долларын құрады.
Отандық дәрілер үлесі 2029 жылға қарай 50%-ға жеткізілмек. Бүгінде 210 отандық өндіруші тіркелген, оның 43-і дәрі-дәрмек шығарады. Pfizer, Roche және AstraZeneca сынды жаһандық компаниялармен ұзақ мерзімді келісімдер жасалып, 2 466 өнім атауы бойынша жеткізу қамтамасыз етілді.
Шекті бағаларды төмендету нәтижесінде халықтың дәрі-дәрмекке қолжетімділігі артып, тек ТОП-20 препарат бойынша 12 млрд теңге үнемделеді деп болжануда.
Цифрлық жаңғыру
«Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» жобасы аясында 601 жаңа МСАК нысаны салынды, тағы 54 нысан іске қосылады. 8 аудандық аурухана көпбейінді жүйеге көшітілді.
Цифрландыру саланы жаңа деңгейге көтерді. Атап айтсақ, медициналық қызметтердің 87,3%-ы автоматтандырылған, Face ID және «Цифрлық құжат» енгізілді, сондай-ақ бірыңғай медициналық төлем жүйесі іске қосылды және медициналық деректердің ортақ қоймасы жасақталуда. Бұл – шығындарды қысқартып, есептіліктің ашықтығын қамтамасыз етеді, мемлекеттік бюджет тиімділігін арттырады.
Денсаулық сақтау реформалары ел экономикасын нығайтудың маңызды құралы. Өйткені білікті мамандар еңбек өнімділігін арттырады. Жаңғырған инфрақұрылым өңірлердің дамуын қолдайды. Ал отандық фармацевтика импортты азайтып, экспортты ұлғайтады. Цифрлық медицина болса бюджет тиімділігін күшейтеді Яғни, денсаулыққа салынған инвестиция –экономикалық қуатты арттыруға салынған капитал.


