Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті – еліміздің жетекші жоғары оқу орындарының бірі ретінде сапалы білім беру бағытын басты басымдықтардың қатарына қояды. Университеттің негізгі мақсаты-бәсекеге қабілетті, білімді, жан-жақты дамыған мамандар даярлау.
Бұл бағыт Біріккен Ұлттар Ұйымы айқындаған Тұрақты даму мақсаттарының бірі ТДМ 4: сапалы біліммен қамтамасыз ету қағидаттарымен толық үндеседі.Қазіргі жаһандану дәуірінде білім беру жүйесі қоғам дамуының негізгі қозғаушы күшіне айналды. Әлемдік бәсекелестік жағдайында мемлекеттердің даму деңгейі ең алдымен адами капитал сапасымен өлшенеді. Ал адами капиталдың негізі сапалы білім. Сондықтан сапалы білім беру тек білім беру ұйымдарының ғана емес, тұтас қоғамның ортақ міндеті.ТДМ 4-тің басты мақсаты баршаға тең әрі сапалы білім алу мүмкіндігін қамтамасыз ету және өмір бойы оқыту идеясын дамыту. Бұл мақсат қазіргі білім беру жүйесіне жаңа талаптар жүктейді. Бүгінгі таңда білім алушы тек теориялық біліммен шектелмей, алған білімін тәжірибеде қолдана алатын, сыни ойлайтын, дербес шешім қабылдайтын тұлға болуы тиіс.Осы тұрғыдан алғанда, ҚазҰУ білім беру бағдарламаларын үнемі жаңартып, оларды халықаралық стандарттарға сәйкестендіру бағытында жүйелі жұмыс жүргізуде. Университетте цифрлық технологиялар кеңінен енгізіліп, оқу үдерісі заманауи талаптарға сай ұйымдастырылған. Интерактивті сабақтар, онлайн платформалар, ғылыми-зерттеу жобалары білім сапасын арттырудың маңызды құралдарына айналған.Сонымен қатар, университетте академиялық еркіндік қағидаттары жүзеге асырылып, студенттердің өз бетімен білім алуына кең мүмкіндік жасалған. Білім ордамыздың студенттері тек білім алып қана қоймай, ғылыми зерттеулермен айналысып, халықаралық бағдарламаларға қатысу арқылы өз білімдерін жетілдіруде.
Сапалы білім беруде оқытушылардың рөлі ерекше. Университетіміздің оқытушылары жоғары білікті, тәжірибелі мамандар. Олар білім алушыларға тек теориялық білім беріп қана қоймай, олардың кәсіби және тұлғалық дамуына ықпал етеді. Оқу ордамызда студенттер тек оқу аудиториясында емес, сонымен қатар тәжірибелік сабақтар, кәсіби тәжірибелер, жобалық жұмыстар арқылы өз білімдерін нақты өмірде қолдана біледі деп есептеймін. Кәсіпорындармен, ғылыми-зерттеу орталықтарымен ынтымақтастық, тағылымдамалар сапалы практикалық білім берудің негізгі элементтері болып табылады. Сапалы білім берудің негізі білікті оқытушылар.Біліктілікті арттыру курстары, шетелдік тәжірибе алмасу, кәсіби конференцияларға қатысу – оқытушылардың білім деңгейін арттырып, студенттерге сапалы білім беруіне ықпал етеді. Білім беру процесінде тәрбие мәселесі де назардан тыс қалмайды. Қазіргі қоғамға тек білімді емес, сонымен қатар жауапкершілігі жоғары, адамгершілігі мол, отансүйгіш азаматтар қажет. Университет қабырғасында студенттердің азаматтық позициясы қалыптасып, әлеуметтік белсенділігі артады.ТДМ 4 аясында білім беру сапасын арттыру тек оқу орындарының міндеті емес. Аталған процеске студенттердің өздері де белсенді қатысуы тиіс.
Сапалы білім беру-жарқын болашақтың кепілі. Елдің дамуы мен тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін білім беру жүйесіне ерекше көңіл бөлу қажет. Білімді, саналы, шығармашыл ұрпақ ғана Қазақстанның тәуелсіздігі мен елдігінің мәңгілік болуына үлес қоса алады. Сапалы білім қоғамның тұрақты дамуы мен азаматтардың өмір сүру деңгейін арттырудың негізгі факторы. Сапалы білім беру жүйесін қалыптастыру арқылы Қазақстан дамыған елдер қатарына қосылуға ұмтылуда
Темірболат Н.
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
Заң факультеті қылмыстық
құқық, қылмыстық іс жүргізу және
криминалистика кафедрасының
аға оқытушысы, з.ғ.к.
Бакиева К.А
Заң факультетінің студенті


