«Салауатты сана» жобасы өмірге жолдама алды

Зиянды әдеттерге тәуелділік бүгінде қоғамның дерті болып тұр. Адамның еркін билеп, ессіз әрекетке апаратын мұндай өмір салты талайдың тағдырын талқандап жатқан жайы бар. Мәселен, елімізде құмар ойындары құрығына  түскендер саны  400 мыңға жетіпті. Ал, құқық қорғау органдарының мәліметінше, шамамен 200 мыңға жуық кәмелеттік жасқа толмаған бала басқа адамның атынан букмекерлік кеңселерге бәс тігіп, ойнайды екен.  Еліміздегі ажырасулардың 40 пайызына осы лудомания тікелей себеп.Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа баратындардың дені де құмар ойынға шалдыққандар.​ Өкінішке қарай, бұл дерт қазір әскерде де кең етек алған. ​Сол секілді елімізде қылмыс жасайтындардың 20 пайызы лудомандар екен. Ал, нашаға тәуелділер саны 18 мыңнан астам. Бұл тек наркологялық есепте тұрғаны ғана. ҚР ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаменті бастығының орынбасары Бақытжан Әмірхановтың айтуынша, есірткіге байланғандардың   Қазақстандағы саны 200 мыңнан асып кетуі мүмкін. Ең қорқыныштысы олардың арасында әйелдер мен балалар бар. Бүгінде тіркеуде тұрған нашақорлардың 1,5 мың әйел болса, 66-сы кәмелетке толмағандар. Ал іс жүзінде бұл көрсеткіш 10 есеге көп болуы мүмкін. Сол секілді бардың берекесін кетіретін ысырапқорлық, Отанның бастауы шаңырақты шайқалтатын тұрмыстық зорлық-зомбылық, адамзаттық құндылықтардың жауы — вандализмнен де қоғам зардап шегуде. Мұндай теріс әдеттерге ымырасыздық қоғам санасында берік орнығып, олармен күрес әрбір азаматтың қасиетті парызына айналуы керек. Өйткені, бұл әдеттер сапалы ұлт ретінде қалыптасып, бәсекеге қабылетті мемлекет болу мұратымызды тежейтін қауіпті факторлар. Сондықтан осы  теріс құбылыстарға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев үнемі назар аударып, олармен күрестің пәрменді сипат алуын міндеттеп келеді.  Президент биыл өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының 23 сессиясында сөйлеген сөзінде бұл мәселеге айрықша тоқталды.   Онда Президент «Ассамблея нашақорлық, құмарпаздық (лудомания), тұрмыстық зорлық-зомбылық, вандализм және ысырапшылдық сияқты әлеуметтік кеселдермен күресуде маңызды роль атқарады. Қауіпсіз өмір сүру үшін  осындай қатерлі  құбылыстардан біржола арылуымыз керек. Бұл әсіресе, ұрпақтың болашағы  үшін айрықша маңызды. Біз балалар мен  жастарды барынша қорғап, дұрыс тәрбиелеуміз керек. Қоғамдық кеселдерді түбірінен жоямыз десек, ортақ іске  бүкіл ел болып жұмылған жөн. Ұлтына, дініне, нәсіліне, әлеуметтік жағдайына қарамай, оған барлығы ат салысуы керек» деген болатын.

     Қатерлі құбылыстармен күресте Қазақстан халқы Ассамблеясына айрықша міндет жүктеуі әрине, бұл ұйымның потенциалы мен мүмкіндігіне деген сенімді көрсетеді. Расында да Қазақстан халқы Ассамблеясы бүгінде көптеген игі істердің ұйтқысы болып жүр. Әсіресе, ұйымның аясында құрылған кеңестер арқылы ұрпақ тәрбиесі, қоғамдағы өзара бірлік, ұлттық бірегейлікті нығайту тұрғысында жүзеге асып  жатқан шаралар ауқымы кең. Мемлекет басшысының бұл тапсырмасы тағы бір маңызды жобаның дүниеге келуіне сеп болды. Ол Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің «Мәдениетті ана –мәдениетті ұлт» жобасы аясында әзірленген «Салауатты сана» жобасы. Бұл шара   нашақорлық, лудомания, тұрмыстық зорлық-зомбылық, вандализм және ысырапшылдықпен күрестің алдын алуға бағытталған жұмыстарды  қамтиды. Олардың мүдделі   мемлекеттік органдармен бірлесіп, жүзеге асырылатыны оң нәтижелерден үміттендіреді.  Жоба серіктестерінің қатарында ҚР ішкі істер, Мәдениет және ақпарат, Денсаулық сақтау министрлігі, Ғылым және  жоғары білім, Астана, Алматы, Шымкент қалалары  және барлық облыс әкімдіктері, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия бар. Сонымен қатар «Темексіз қоғам» қоры, «Есбол» есірткісіз болашақ» корпоративтік  қоры, республикалық «Қазақстан іскер әйелдері қауымдастығы» мен републикалық «Әкелер одағы» қоғамдық ұйымдары да осы игілікті шараның төңірегінде бас қосып отыр.

    Жоба жетекші Қазақстан халқы Ассамблеясы «Аналар кеңесінің» төрағасы Назипа Шанайдың айтуынша, жобада қамтылған шаралар ықылым заманнан елдің көшін түзеп келе жатқан  ұлттық құндылықтарға негізделген. Олардың жүйелі түрде сапалы жүзеге асуы үшін  барлық өңірлердегі Достық үйлері жобаның жүзеге асыру базасы, олардағы Аналар кеңестері үйлестірушілері болып белгіленді. Аналар кеңесі аясында ақпараттық түсіндіру топтары құрылып, әдістемелік ұсынымдар әзірленеді. 5 кеселге қарсы  күрес бойынша нақты шешімдер әзірлеу үшін кездесулер ұйымдастырылады.  Оған ұрпақ тәрбиесіне бейтарап қарамайтын еліміздің әрбір азаматы ат салыса алады. Орта және жоғары білім беру мекемелерінде ата-аналар мен балаларды, жасөспірімдерді, жастарды қоғамдағы  осы келеңсіз құбылыстарға  төзімсіздікке үндеу  және ҚР-дің  қолданыстағы  заң нормалары бойынша түсіндірме сағаты өткізіледі. Тоқ етерін айқанда «Салауатты сана» жобасы аналар күшімен қоғамды түзеудің тиімді бір құралына айналмақ. Бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербеткен аналардың түйсігі, парасаты, қажыры бұл шараның мазмұнын байытып, нәтижесін де зор етері сөзсіз.

А.Тұрмағанбетова

«Заң газеті»

Әкімшілік жазаның мақсаты – жазалау емес, тәрбиелеу

Қоғамдағы құқықтық тәртіпті сақтау – мемлекеттің негізгі міндеттерінің бірі....

Абай университетінде Ғылым декадасының салтанатты жабылу рәсімі өтті

Бүгін Абай университетінде «Ғылымдағы цифрлық серпіліс: жасанды интеллект дәуірі»...

Тәуелсіздік – мемлекеттік тіл тірегі

Тәуелсіздік - құндылығы жоғары қастерлі ұғым. Тәуелсіздік - елдің...

Судьялардың әдеп стандарттары

Құқықтық мемлекетте сот билігінің беделі мен тиімділігі судьялардың кәсіби...

Апостиль: халықаралық құжат айналымының кепілі

Халықаралық құқықтық қатынастардың дамуына байланысты бір мемлекетте берілген ресми...