«Енді біздің ортақ мақсатымыз – заң мен тәртіп үстемдік құратын, азаматтардың құқығына лайықты құрмет көрсетілетін Әділетті Қазақстанды құру. Қоғамды трансформациялап, Қазақстанды шынайы демократиялық институттары дамыған елге айналдыру үшін ауқымды жұмыс атқаруымыз керек. Сонда ғана ұлттың жаңа сапасын қалыптастырып, қастерлі тәуелсіздігімізді нығайтамыз». Өткен сенбіде еліміздің жүрегі – Астана қаласындағы Тәуелсіздік сарайында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты салтанатты ұлықтау рәсімінде айтылған бұл сөзді әр қазақстандық ерекше сезіммен қабылдағаны ақиқат.
Еліміздің жаңа да ескі Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзі мен ісі бір жерден шығатын сияқты. Олай етпесіне амал да жоқ. Өйткені, бұл жолы оған артылған сенім, үміттің жөні бөлек. Отыз жылғы алдау-арбау мен кері кеткен жүйеден шаршаған халық жаңа да ескі Президенттің қателескенін, сөзінен танғанын кешіре алмайды. Құдайдың екінші аты – халық. Халық қаласа қорқытады, терең батырады. Мұны Тоқаев мырзаның зерделеп, көкейіне түйгені, жауапкершілікпен сезінгені осы Қазақстанның алдағы жеті жылдағы Президенті ретінде ұлықталу салтанатында анық байқалды. Бұл тарихи сәт барша қазақстандықтардың көз алдында өтті. Өйткені, ұлықталу рәсімі мемлекеттік телеарналар мен ютуб платформасы арқылы тікелей таратылды. Еліміздің зиялы қауымы, мемлекет және қоғам қайраткерлері, өнер, мәдениет өкілдері, құзырлы ұйымдар, азаматтық ұйым белсенділері сынды жақсылар мен жайсаңдарымыз осы күні ұлықталу сәтінің төрінен табылды. Олардың арасында Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев та болды.
Бұл жолы шетелдік қонақтар көрінбеді. Мұны кейбір отандастарымыз әлеуметтік желілерде оң бағалап, қаржыны босқа шашпау үлгісі деп жатты. Ал, жалпы ұлықталу рәсімі барлық жөн-жоралғысымен өтті. Алдымен көк Туымыз бен Президент Байрағы, сондай-ақ ҚР Конституциясы Тәуелсіздік сарайының Үлкен залына әкелінген соң ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мырза кіріп, мінберге көтерілді. Мемлекет басшысы Конституцияның 42-бабына сәйкес «Қазақстан халқына адал қызмет етуге, ҚР Конституциясы мен заңдарын қатаң сақтауға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына кепілдік беруге, Қазақстан Республикасы Президенті ретінде өзіме жүктелген мәртебелі міндетті адал атқаруға салтанатты түрде ант етемін!» – деп халыққа ант берді. Дәстүр бойынша сайланған Қазақстан Президентінің қызметке кірісу құрметіне орай Мемлекеттік Әнұран ойналып, 21 рет зеңбіректен оқ атылды. Ал «Ақорда» резиденциясының үстінде Мемлекеттік Ту көтерілді. Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров Қасым-Жомарт Тоқаевқа ҚР Президентінің куәлігін тапсырды. Бұдан соң Мемлекет басшысы сөз алып, халыққа жүрекжарды лебізін арнады.Ұлықталу рәсімінің толғанысты да жауапты сәті де осы болды. Өйткені, онда Президент өзіне сенім артқан халыққа алғыс айтудан бастап, Қазақстанның бүгінгі және келешегінің міндеті мен стратегиялық бағытын айқындаған арман-мақсатын, жоспарын бөлісті. Онда әділетті мемлекет, әділетті экономика және әділетті қоғам тіркестері жиі қолданылды. Жалпы, Мемлекет басшысының айтуынша, сайлау әділ әрі ашық өтті. Бұл – байқаушылардың, сарапшылар мен журналистердің берген бағасы. Ел-жұрттың белсенділігі ерекше жоғары болды. Кейбір азаматтар бүкіл отбасымен келіп, дауыс берді. Осыған ерекше ризалығын білдіре келіп, Тоқаев: «Шын мәнінде, ел сенімін ешнәрсемен өлшеу мүмкін емес. Халықтың сенімі – ең құнды нәрсе. Сайлау нәтижесін халқымыздың саяси бағдарыма – бағасы, алдағы жоспарыма – батасы деп қабылдаймын. Халқының қолдауына ие болып, ел тізгінін ұстау – ең биік мәртебе әрі орасан зор жауапкершілік.
Алдағы 7 жыл бүгінгі буынның және келешек ұрпақтың алдындағы борышымды өтеуге берілген бірегей мүмкіндік» деп осынау жауапты жүкті көтеруге дайын екенін, оған барлық, күш-жігерін, білім-білігін арнауға құмбыл екенін білдірді. Қазір қиын-қыстау жолдың басында тұрғанымыз, атқаратын жұмыстың көптігі белгілі. Президент осы жолда әрбір азаматты елдің болашағы үшін өз жауапкершілігін сезінуге шақырды. Мемлекеттік саясатымыздың негізгі бағыты – білім беру ісінен бастап индустрияландыруға дейін қоғамның барлық саласын жаңғырту қажет екеніне айрықша назар аудартты. Еліміздің ұзақ мерзімді экономикалық өсімінің негізін жаңа технологиялар, жоғары еңбек өнімділігі, азаматтардың шығармашылық бастамалары құрайтынын шегелей айтты. Басты міндет ретінде айқындалған мәселенің бірі – іскер азаматтарымыздың кәсіпкерлік рухына зиянын тигізетін жасанды кедергілер мен шектеулердің бәрін жою болды. Бұл орайда Президент кәсіпкерлер бизнеске жүргізілетін себепсіз тексерулерді біржолата ұмытуы қажеттігін атап өтті. Олар тек салық органдарының алдында ғана есеп беруі керек. Мемлекет пен бизнес – сенімді серіктестер. Шағын және орта бизнестің дамуына заңсыз кедергі келтіретіндердің бәрі заңға сәйкес қатаң жауапқа тартылуы тиіс. Елді ауқымды индустрияландыру, инфрақұрылымдар салуды және жаңғырту шаралары жедел қолға алынатын болады. Өйткені, кең байтақ еліміздің әр өңірінің дамуына тың серпін беру маңызды. Шынайы заң үстемдігін қамтамасыз етпей, әділетті әрі нарықтық экономиканы құру, жекеменшікті қорғау, бәсекелестікті дамыту, сыбайлас жемқорлықты жою мүмкін емес. Сондықтан заң алдында бәрінің тең болуы – мемлекетіміздің ұзақ мерзімді дамуының негізгі шарты. Барлық мәселе, әсіресе, түйткілді және даулы проблемалар конструктивті диалог арқылы, ең алдымен, Парламентте шешілуге тиіс. Алдағы Сенат және Мәжіліс сайлауы осы мүмкіндікті береді. Мемлекет басшысы осы ретте ұлттық бірлікке қатысты өз ұстанымын ашық білдірді. Оның айтуынша, «түрлі көзқарас, бірақ біртұтас ұлт» қағидатын қатаң сақтауымыз керек. Қоғамда араздық туғызатын және ұлттың бірлігін бұзатын, түптеп келгенде, мемлекетімізге қарсы бағытталған арандатушылық әрекеттерге қатаң тосқауыл қойылады. Халықтың тілегі мен заман талабына сай тиімді мемлекет құру тарихи міндеті мықты кадрлардың күшімен орындалатыны анық. Бұған қол жеткізу үшін мемлекеттік қызметке нақты сектордан меритократия және ашық бәсекелестік қағидаттарына сай іріктеуден өткен жаңа басқарушы азаматтар алынуы тиіс. Мемлекет басшысы осы орайда президенттік кадр резервінің мүшелерінің белсенді түрде тартылатынын айтты. Сонымен қатар, дәл осы күні бірнеше жарлыққа қол қоятынын мәлімдеді. Өйткені, қазір – сайлаудағы жеңісті тойлайтын емес, аянбай еңбек ететін кез. Сол себепті, арқаны кеңге салмай, бірден іске кірісу керек. Жарлықтың алғашқысы Президенттің сайлауалды бағдарламасында көрініс тапқан бүгінде Қазақстан халқының 40 пайызға жуығы тұратын ауылды өркендету ісіне арналды. Тоқаев мырзаның айтуынша, осы құжат негізінде Үкіметке ауылды дамытудың 5 жылға арналған нақты жоспарын әзірлеу міндеттеледі. Үкімет ауылды дамытуға арналған барлық жобаны жүйелі түрде реттеп, жинақтауға тиіс.
Содан кейін мақсатты түрде тиімді жұмыс жүргізіледі. Осы күні қол қойылған екінші жарлық әділдікті қалпына келтіріп, елден заңсыз шығарылған барлық активті қайтаруға бағытталмақ. Оны жүзеге асыру үшін Үкімет заңсыз шығарылған капиталды қайтаруға қажетті рәсімдерді реттейтін заң жобасын әзірлейді. Сонымен қатар онда әділетсіз баюға және активтерді заңсыз шығаруға ықпал ететін себептер мен шарттарды жою тетіктері дәйектеледі. Қайтарылған барлық қаражат азаматтардың игілігіне жұмсалуға тиіс. Бұл қаржы жоғары технологиялы өндіріс орындарын ашуға, мектептер мен ауруханалар салуға, әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруға пайдаланылу керек. Осы күні қол қойылмақ үшінші жарлық «ҚР Парламенті Сенаты депутаттарының сайлауын тағайындау туралы» болды. Өзінің бұл шешімін Президент саяси жаңғыру үдерісін жоспарлы түрде жалғастырып, мемлекеттік құрылыста «күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласын нақты ұстану қажеттігімен байланыстырды. Сайлау қорытындысы бойынша Сенаттың депутаттық корпусының бір бөлігі бәсекелестік және ашықтық қағидаттары негізінде жаңарады. Бұдан бөлек, Президент конституциялық реформаны жүзеге асырудың келесі сатысы ретінде «Қазақстан Республикасы Жоғары аудиторлық палатасының кейбір мәселелері туралы» Жарлыққа қол қоятынын мәлімдеді. Келесі кезең – оны толыққанды трансформациялау. Бұл – жеңіл жұмыс емес, бірақ елге пайдасы тиетін қызмет. Осыны айтқан Президент бүкіл мемлекеттік аппараттан осы міндетті абыроймен орындауды талап ететінін, енді тек қолынан іс келетін және елге беріле қызмет жасайтын азаматтарға ғана орын берілетінін мәлімдеді. Бұл ретте кәсібилік, адалдық және қарапайымдылық басты қағидаттар болуы керек. Қоғамда жаңа құндылықтарды орнықтырып, жақсы қасиеттерге ие бола алмасақ, реформаның бәрі бекер. Жалпы, Әділетті Қазақстанда еңбек адамына ерекше құрмет көрсетілуге тиіс. Әсіресе, ұстаз, дәрігер, тәртіп сақшысы, құтқарушы, жұмысшы, шаруа сияқты мамандардың мәртебесін одан әрі арттыру қажет. Олар еліміздегі ең сыйлы азаматтарға айналуы керек. Осы кәсіп иелері тиісті құрмет пен сыйға ие болғанда ғана, қоғамымыз шынымен жаңарды деп айтуға болады. Осылайша бұл ұлықтау рәсімі қазақстандықтарды жаңа биіктерден, әділдік салтанат құрған дамыған елдің игіліктерінен үміттендірген толқынысқа толы сәт болды.
А.ТҰРМАҒАНБЕТОВА, «Заң газеті»


