12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

Сәкен АБДОЛЛА, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьясы, Судьялар одағының төрағасы: «СУДЬЯ ӘДЕБІ КОДЕКСІН ЖАҢҒЫРТУ – ЗАМАН ТАЛАБЫ»

– Судьялар қауымдастығы арасында Судья әдебі кодексінің жобасы белсенді түрде талқылануда. Қазылардың мінез-құлқы жөніндегі этикалық қағиданы жаңғырту неліктен маңызды болып отыр?

– Судьялар қауымдастығы қалыптасқан кезеңнен бастап-ақ судья әдебі мәселелерін реттеуге жіті назар аударылуда. Судья әдебі кодексі – судьялардың кәсіби және қызметтен тыс өміріндегі мінез-құлықтарының этикалық ережелерін анықтайтын сот қауымдастығының маңызды құжаттарының бірі. Ең алғашқы Әдеп кодексі 1996 жылғы 19 желтоқсанда өткен судьялардың бірінші съезінде қабылданды. Кодекс бар болғаны 7 бапты қамтыса да, бұл судьялар корпусының ар-ождан қағидаларын бекітуге, этикалық міндеттемелерді қабылдауға және осы қағидаларға лайық болуға әзір екенін мәлімдеуге бағытталған қадам еді.

– Бұл кодексті жаңартуға не түрткі болды? Әдеп нормалары жалпыға ортақ қабылданған, бұлжымас қағида емес ме?

– Расында, талқылаудағы Судья әдебі кодексінің жобасы бұған дейін төрт рет жаңғыртуды басынан кешірді. Мәселен, 1996, 2009 және 2016 жылдары судья әдебінің жаңа редакциядағы кодекстері қабылданған болатын. Ал қазір Кодекстің жаңа редакциясының мәтіні бойынша кезекті жұмыстар жүргізіліп жатыр. Судьялар қауымдастығының маңызды құжатын жаңартып тұрудың бірнеше себебі бар. Ол құқықтық доктрина, заңнама талаптарының өзгеріп тұруы, жаңа халықаралық стандарттардың жариялануына сай. Сондықтан Кодекс ережелерін қайта қарастыру қажеттілігі туындап отыр. Жалпы кодекстегі нормаларды өзгертілген заңнамалармен, жаңа халықаралық стандарттармен сәйкестендіру, судьялардың өздеріне қабылдайтын тыйымдар мен шектеулерді қайта пайымдап тұру – өмірдің заңдылығы. Мысалы, 1996 жылғы Судья әдебі кодексінде судьялар іс бойынша бейтараптықты сақтап, істерді қарау барысында кез келген жағдайда өз пікірін білдіруден бас тартып және сот қызметкерлерінен де соны талап етуі керек деп түсіндірілген.

Ол уақытта судья тараптарға өзінің іс туралы қандай ойда екенін және сот процесінің нәтижесі қалай болатынын білдірмеуі үшін бұл қалыпты құбылыс болып көрінді. Яғни тараптар іс бойынша шешім жарияланғанға дейін еш нәрсе болжай алмайтын және болжай алмауы тиіс еді. Ал қазір әкімшілік юстицияда соттың белсенді рөлі туралы доктрина бекітілген. Соған сәйкес, судья талап қоюшыға көмек көрсете алады, себебі ол әкімшілік органға қарсы қоғамдық-құқықтық даудың әлсіз тарапы болып табылады. Судья алдын ала құқықтық пікірін білдіруге, талап қоюшыға талап қоюды тұжырымдауға жәрдемдесуге құқылы. Демек, кез келген формада өз пікірін білдіруден бас тарту моральдық тұрғыдан ескіргендіктен, бұл ереже Судья әдебі кодексінен алынып тасталды. Тағы бір мысал ретінде судьяның БАҚ және қоғамдық қызметтің басқа субъектілерімен өзара іс-қимылының маңызды аспектілерін қарастырайық. Қазір интернет, әлеуметтік желілер қарқынды дамып жатыр, ал қолданыстағы Кодекс ережелерінде судьяның әлеуметтік желілердегі белсенділігі туралы сөз жоқ. Кодекс жобасын талқылау барысында қатысушылардың бірі цифрлық әдеп қағидаларын қалыптастыратын уақыт келгенін атап өтті. Бұл пікірдің жаны бар. Іс жүзінде блогерлер жеке парақшалар арқылы Facebook әлеуметтік желісінде судьялармен пікірталас жүргізіп, судьялар мен сот жүйесіне қатысты арандатушылық сипатында дөрекі пікір білдіріп, кейіннен «судьялар дұрыс жауап бермеді» деп шағымданған жағдайлар да кездесті. Орталық Кеңес бұл шағымдарды қарастыра келе, судья пікірталастың қызған кезінде дөрекілікке жауап ретінде қисынсыз сөз айтты деген қорытындыға келді. Кез келген жағдайда ұстамдылық сақтап, шыдамдылық танытып, пікірталас кезінде туралықты қамтамасыз етуі тиіс судья үшін мұндай жағдай өте орынсыз іс-әрекет. Судья әдебі кодексі бекітілген күннен бергі уақыт ішінде оның кейбір нормаларын жүзеге асыру барысында белгілі бір мәселелердің туындайтынын көрсетті. Мұның барлығы Кодекстің ережелерін жетілдіріп, дамытудың қажеттілігін айқындайды.

– Адам құқықтары және оның сот қорғауына құқығы саласындағы шетелдік тәжірибе мен халықаралық құқықтық актілер әдеп нормаларын жаңартуға ықпал ете ме?

– Сөзсіз ықпал етеді. Қазақстан сот төрелігін жүзеге асырудың жоғары деңгейдегі халықаралық стандарттарына сай болуға ұмтылады. Сот билігі мен төрелігі саласындағы халықаралық сарапшылардың барлық ескертулері мен ұсыныстарын біз егжей-тегжейлі зерттеп, талдаймыз. Біз шетелдік тәжірибені көзімізді жұмып қойып енгізбейміз, сондай-ақ озық тәжірибені қазақстандық болмысқа сол күйінде көшірмейміз. Мысалы, халықаралық сарапшылар Кодекс пен оны қолданудың тиісті практикасы ар-ождан бостандығы мен діни сенім көріністеріне қатаң қарайды деген пікір білдірді. Кейінгі уақытта діни ағымдардың жандануы, хиджап киген әйелдердің көбеюі және діни басымдықтардың өзге де көріністеріне кезіккен Қазақстанның сот жүйесі үшін сот билігі зайырлы мемлекет билігінің тармағы екенін қоғамға көрсету маңызды болды. Сотқа жүгінгендерде «судья істі қарау кезінде өзімен діндес тарапқа басымдық берді» деген күмән туындамауы керек. Сондықтан судьялар қауымдастығы конституциялық кепілдікті, ар-ождан бостандығын іске асыру кезінде ұстамдылықты, әдеп міндеттемелерін қабылдауы қажет болды. Жаңа жобаны әзірлеушілер Кодекс нормаларында судьяның қоғамдық және жеке өмірінің шектерін нақтырақ айқындауға, судьяның мінез-құлық ережелерін сақтау үшін қисынды тұжырым табуға тырысты. Судья әдебі кодексі бұлжымас қағидалар жинағы емес. Кодекс сот жүйесі мен судьялардың мәртебесі туралы заңнамадағы өзгерістерді, сонымен қатар халықаралық стандарттардағы жаңалықтарды да ескеруі тиіс. Мысалы, 2006 жылғы шілдеде Біріккен Ұлттар Ұйымының Экономикалық және Әлеуметтік кеңесі сот билігінің судьялар мен сот саласы қызметкерлерінің мінез-құлық шектерін қарастыру немесе әзірлеу үдерісінде Судьялардың бангалорлық мінез-құлық қағидаттарын (2006 жылы қабылданған) ескеруді ұсынған қарарды қабылдады.

– Сот төрелігін іске асыру кезінде әдеп нормалары қажет екені түсінікті. Бірақ судьялардың жеке өміріне неліктен араласу керек? Әрбір адамның жеке өмірге қол сұғылмаушылық құқығы бар емес пе?

– Судья әдебі кодексінің жобасын талқылау кезінде кейбір адвокаттар «бізге судьяның қызметтен тыс уақытта немен айналысатыны маңызды емес, оның мантияны шешкеннен кейінгі әрекеті қызығушылық тудырмайды» деп бірнеше мәрте мәлімдеді. Алайда судьяның күнделікті өмірі адвокаттармен арадағы іс жүргізу қатынастарымен шектеле қоймайды. Судья қай жерде жүрсе де – мейлі сотта, мейлі қоғамдық орында, не болмаса әлеуметтік желілерде, ол бәрібір қоғамның жіті назарында. Адамдар басқалардың тағдырына қатысты шешім қабылдайтын тұлғаның жеке өміріне қызығушылық танытады. Сондықтан біз жобада судья сот билігінің айнасы ретінде және қызметтен тыс өмірде қазақстандықтарға өзінің адалдығына, әдептілігіне, адамгершілігіне деген сенімге селкеу түсірмейтіндей әрекет етуі үшін судьялардың кәсіби және жеке өмірдегі мінез-құлық ережелерін тұжырымдауымыз қажет. Біз осылай ғана азаматтарымыздың сот жүйесіне деген сенімін нығайтып, сот билігінің азаматтар құқығы мен мүддесін қорғаудағы мызғымайтын жүйе екенін дәлелдей аламыз.

– Судья әдебі кодексінің жобасын талқылау қалай жүріп жатыр?

– Біз Кодекс жобасын қоғаммен талқылау үшін бірнеше рет бас қостық. Талқыға адвокаттар, заң кеңесшілері, ғалымдар секілді өзінің салмақты сөздері мен білікті, кәсіби пікірлерін айта алатындар жиналды. Жалпы көпшіліктің қарауына ұсынылған Кодекс жобасы мақұлданды десек те болады. Маңызды ескертулер болған жоқ. Кодекстің ережелерін немесе оның шектерін редакциялауды жетілдіру жөнінде жекелеген ұсыныстар бар. Біз судьялар қауымдастығы алдындағы әдеп жауапкершілігі мен Сот жюриі алдындағы тәртіптік жауапкершіліктің негіздерін нақты айқындап, сондай-ақ судьялардың қоғамдық, ақпараттық қызметі мен жеке өмірдегі мінез-құлық ережелерін реттеу қажеттілігі туралы қоғам тарапынан айтылған барлық пікірлерді тыңдап, ескереміз. Мысалы, судьялар өтінімі бойынша Орталық кеңестің және Судьялар одағының аумақтық құрылымдарының Кодекс ережелерінің қолданысы туралы түсініктеме беру міндетін енгізу жаңашылдық деп айта аламыз. Көңілге қонғаны, судьяларға сот процестерінің уақытылы басталмағаны, судьялардың дөрекілігі туралы жекелеген талаптардың болуына қарамастан, жұртшылық өкілдері ешқандай заң және әдеп ережелері судьялардың тәуелсіздігіне нұқсан келтірмеуі керек деген маңызды тезиске қарсы емес. Жалпы, «Сот жүйесі және судьялардың мәртебесі туралы» Конституциялық заңда көзделген ерекше жағдайларда ғана судьяны тәртіптік жауапкершілікке тартуға негіз болатыны да орынды. Сондай-ақ Қазақстанның түрлі өңірлеріндегі судьялардың жобада соттар мен сот алқалары төрағаларына қойылатын талаптарды белгілеу, судьялардың тәуелсіздігін шартсыз сақтау туралы ұсынған шектеулері әу баста қабылданғанын және жобаның кейінгі талқылауларында елеулі өзгерістерге ұшырамағанын атап өткеніміз жөн.

– Судья әдебін сақтау жөніндегі тәжірибенің маңызы неде?

– Азаматтардың Судья әдебі жөніндегі комиссияға жүгіну себептерін талдап көрдік. Сонда байқалғаны, шағымданушылардың басым бөлігі соттың қалыпты жұмысын Судья әдебі кодексінің шектеулерін бұзу деп қате пайымдаған. Мұндай жағдайда комиссия осы негіздемелер арқылы судья әдебіне қайшы келетін теріс қылық жасау және Кодексті бұзу фактісінің жоқ екені туралы шешім қабылдап, істі тоқтатады немесе қабылданған шешімдерге шағымдану тәртібі жөнінде түсіндірме береді. Судьялар тарапынан орын алған әдептілік талаптарын бұзу деректері көп жағдайда процестік емес байланыстарға байланысты. Тіпті, судьялардың ойын орталықтарына (казино) бірнеше рет бару фактілері де анықталған. Судьяның міндеті – іс қатысушыларына сабырлық танытып, құрметпен қарау, алайда бұл да ұдайы сақтала бермейді. Расында, кейбір судьялар процеске қатысушыларға орынсыз пікір айтып, кейбіреулеріне дөрекілік танытқан. Судьялар одағының Орталық Кеңесі қоғамда судьяның оң бейнесін қалыптастыру үшін қандай да бір кемсітушілікке жол бермей, азаматтардың теңдігі мен әділеттілікті қамтамасыз етуге айрықша назар аударады. Айталық, филиалдардағы Судья әдебі жөніндегі комиссия шешімдерінің жартысына жуығы судьялардың шағымдануына байланысты өз күшін жойған. Бұл мәселені де айтып өткеніміз жөн. Себебі Судьялар одағының негізгі міндеттерінің бірі – судьялар құқығын қорғау екенін естен шығармағанымыз абзал. Орталық Кеңес Судьялар одағы филиалдарының Судья әдебі жөніндегі комиссияларына судьяларға қатысты шағымдарды Кодекс талаптарына сәйкес қарап, кәсіби міндеттерді орындау барысындағы және күнделікті өмірдегі лайықсыз қылықтарына жан-жақты және әділетті баға беруді ұсынады. Сонымен қатар судьяларды тәртіптік жауапкершілікке негізсіз тартуға жол бермеу арқылы судьялардың тәуелсіздігін нығайтуға атсалысып келеді.

– Судьялар қауымдастығының Кодекс жобасына қатысты қандай жоспары бар? Кодекс қашан қабылданбақ?

– Қазіргі таңда жұмыс тобы Кодекс жобасының мәтіні мен құрылымын пысықтады. Жұмыстың қорытындысы биылғы жылдың 19 қаңтарында Алматыда өткен конференцияда талқыланды. Бұрынғы конференциялар секілді ол шараға да «Қазақстандағы Құқық үстемдігі бастамасы» Америкалық Заңгерлер қауымдастығының өкілдігі (ABA ROLI) қолдау көрсетті. Қоғам тарапынан да Кодекс жобасы тыңғылықты талқыланып, оның редакцияланған нұсқасы мемлекеттік және қоғамдық ұйымдарға жолданды. Судья әдебі кодексінің жаңа редакциядағы жобасын бекіту туралы мәселені биыл қазан айында өтетін Судьялардың ІХ съезінің күн тәртібіне енгізу жоспарланған. Әдеп кодексінің жобасын дайындау жөніндегі жұмыс тобының мүшелері судьялар қауымдастығының делегаттары мен съезге шақырылған қатысушылар тарапынан айтылатын ескертулер мен ұсыныстар бойынша жұмысты өз мәресіне жеткізу үшін осы съезге қатысуы керек деп ойлаймыз. Сонымен қатар, судьялар мен басқа да мүдделі тұлғаларға әдеп талаптары туралы ережелерді толық түсінуге, шектеулердің қисынсыз түсіндірмесін жоюға және судьялардың мінез-құлқын бағалаудағы субъективизмді азайтуға ықпал ететін Судья әдебі кодексіне түсініктеме әзірлеп, оны қабылдауды кейінге қалдырмаған жөн. Сөзімізді түйіндесек, біздің ойымызша, жаңа Кодексті қабылдау судьяларға әдеп тұрғысынан оңтайлы мінез-құлықты таңдауға көмектесіп, кәсіби қызметте де, күнделікті өмірде де басқа адамдармен қарым-қатынасты жақсартуға арқау болып, сондай-ақ Қазақстанда сот төрелігі құқықтық негізде ғана емес, мінез-құлықтың этикалық қағидаттарын сақтай отырып жүзеге асырылады деген сенімдеміз.

Кодекстің жобасы Қазақстан Республикасы Судьялар Одағы Орталық Кеңесінің сайтында жарияланған. Егер жобаға қатысты қандай да бір сын-ескертпелер болса, сонда жолдауға болады.

– Уақыт тауып, заң жобасына түсіндірме бергеніңізге рақмет!

Түймегүл СМАҒҰЛҚЫЗЫ, «Заң газеті»

Алматыда Жаңа жыл мерекесіне орай отшашу жоспарланып жатыр ма? 

Бұл сұраққа қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі жауап берді.

Тағы бір елде TikTok бұғатталады

Албанияда келер жылдан бастап TikTok қолданылмайды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі 24KZ телеарнасына...

Алматыдағы атыстың мән-жайы айтылды

Алматыда Наурызбай ауданында 20 желтоқсанда болған атыстың мән-жайы айтылды.

Еліміздің 17 өңірінде ауа райына байланысты ескерту жасалды

Синоптиктер ертең, 21 желтоқсанда елдің 17 өңірінде қолайсыз ауа райына байланысты ескерту жасады.

Қасым-Жомарт Тоқаев Германия Президентіне көңіл айтты

Мемлекет басшысы Германия Президенті Франк-Вальтер Штайнмайерге көңіл айту жеделхатын жіберді.