12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

САҒЫМҒА АЙНАЛҒАН ЖЕТПІС ЕКІ ЖОБА

ЕЛ ИГІЛІГІ ҮШІН ІСТЕЛІНІП ЖАТҚАН ИГІ ІСТЕР ЖЕТЕРЛІК. МӘСЕЛЕН, ИНДУСТРИЯЛАНДЫРУ БАҒДАРЛАМАСЫН ЖҮЗЕГЕ АСЫРУ ЖЫЛДАРЫНДА 8 ТРЛН ТЕҢГЕНІҢ 961 ЖОБАСЫ ІСКЕ ҚОСЫЛЫП, ЕЛУ МЫҢ ТҰРАҚТЫ ЖҰМЫС ОРНЫ АШЫЛҒАН. ДЕСЕ ДЕ 2011 ЖЫЛДАН БЕРІ ЕЛДЕГІ ЖҰМЫССЫЗДЫҚТЫҢ РЕСМИ КӨРСЕТКІШІ БЕС ПАЙЫЗДАН КЕМІМЕГЕН. СЕБЕБІ, СОЛ 1250 КӘСІПОРЫННЫҢ НАҚТЫ ЖҰМЫС ІСТЕП ТҰРҒАНЫНЫҢ САНЫ ЖҮЗДЕН ДЕ АСПАЙДЫ ЕКЕН.

Әрине, алғашқы бағдар жаман емес еді. Отандық кәсіпорындарды қолдаудың мақсаты мен жүйесі өзгертіліп, өнімділікке, экспортқа басымдық берілді. Алайда «атойлап» ашылған жобалардың соңы сиырқұйымшақтанып кетті. Осыдан үш жыл бұрын Үкіметтің кеңейтілген отырысында Үдемелі индустриалды-инновациялық бағдарламаның 72 жобасының тоқтап тұрғаны жалпақ жұртқа жария болды. Осы бойынша Елбасы біраз шенеунікке сөгіс беріп, Үкімет басшысы мұң болған мың зауытты қолына шырақ алып іздеуге ниет танытқан. Ниеті болғанымен, іздеуге шындап кіріскен жоқ. «Сұрау болмаған соң бүгін ашылған зауытты ертең таппай жер сипап қаламыз» дейді сарапшылар. Тіпті, Елбасы тұсауын кескен өңірлердегі әлеуметтік жобалардың өзі тоқтап тұр.

БАНКРОТ БОЛҒАН «БИОХИМ»
Солтүстік Қазақстан облысында дүркіреп ашылған бидайдан биобензин өндіруі тиіс «Биохим» зауыты көпке бармай банкрот болды. Елбасының қатысуымен Тайынша қаласында ашылған бұл зауыт бастапқыда бүтін бір кластерлі өндіріс болуы тиіс еді. Өндірістен қалған қалдықтардың өзінен крахмал, көмір қышқыл газы мен мал азығын алу жоспарланып, зауыт өніміне шетелден де тапсырыс көптеп түсе бастаған. Алайда, биоэтанолды батысқа тиімді тарифпен экспорттауға мүмкіндік беретін заң болмады.
Артынша заң қабылданғанымен, зауыт бұл кезде қарызға белшесінен батқан. Ақыры 200-ге тарта жұмысшының жалақы берешегі облыстық прокуратураның араласуымен өтелген еді. Дегенмен, банкрот болған «Биохим» қазір BioOperations компаниясы болып қайта ашылған. Әзірге қайта қалпына келтірілген кәсіпорын Америкаға глютен экспорттауда. «Бұл өнімділігі өте жоғары құрғатқыш. Ол сұйық барданы үлкен көлемде кептіруге, одан ылғалды бөліп шығарып, жоғары ақуызды азық-жем алуға мүмкіндік береді. Жем бидай кебегіне ұқсас болып келеді. Бірақ, одан әлдеқайда тығыз, ақуызы көп, әрі мал үшін анағұрлым құнарлы», – дейді зауыттың бас технологы Евгений Синицкий. Кәсіпорынның қарымы қаншаға баратыны белгісіз. Өйткені, қазірдің өзінде кәсіпорын су және электр қуаты бойынша тапшылық көріп жатқанға ұқсайды.

КЕЛТЕ ҚАЙЫРЫЛҒАН ҚАНАТ
Ашылуынан жабылуы тез болған жобалардың бірі – «Сұңқар» зауыты. «Авиациялық құрылыс тап осы жерден басталады. Бұл – мүлде жаңа инновациялық өндіріс», – деп еді Елбасы ашылу салтанатында. Алайда, әуе кемесін жасауға уәде берген кәсіпорынның өзі әуеге қалықтап кеткенге ұқсайды. Бұл кәсіпорын ауылшаруашылығында қолданылатын «Фермер-2» және «Фермер-500» ұшақтарын, ал, 2012 жылы төрт адамға арналған «Сұңқар» ұшағын жасауы тиіс болатын. 2015 жылға қарай мемлекеттің көмегі арқылы он адамдық «Экспедишн» ұшағы, одан кейін реактивті ұшақ құрастырылады деп те сүйіншіледі. Сөйтіп, мемлекет бұл жобаға «Жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша 750 млн теңге, «ҚазАгро» ұлттық холдингі 846 млн теңге жеңілдетілген несие берген. Бірақ, бәсекеге қабілетті экспортқа бағдарланған өнім шығаруы тиіс зауыт бүгінде қаңырап тұр. Компанияның заңды серіктесі Казанның «МВЕН» фирмасы ұшақ пен
полимерден өндіріс технологиясын әзірлеуші ретінде қатысқан. «Серіктестер тарапынан технологиялық сызба-нұсқалардан кеткен қателіктің кесірінен әрі қарай жұмыс істеу мүмкін емес» деген зауыт басшылары қолды бір сілтеп, ұшақ шығаруы керек болған зауыттың қанаты келте қайырылып қалды.

ЖЕЛГЕ ҰШҚАН 120 МЛН
2003 жылы ашылған Балқаш мырыш зауыты да алты жыл ғана жұмыс істеді. «Үдемелі индустриалды-инновациялық даму жөніндегі 2010–2014 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында» зауытты қалпына келтіру көзделгенімен, одан кейінгі тағдыры беймәлім. Бұл жобаның да ашылуында Елбасы өзі қатысып, мырыш зауытынан жылына 100 мың тонна өнім өндірілетінін айтып мақтап еді. «Қазақмыс» корпорациясының басты жобаларының бірі болған кәсіпорын осылайша 120 млн долларды желге ұшырды.

ТӨРТ ЖЫЛ ТОҚТАҒАН ТОҚЫМА ӨНДІРІСІ
2004 жылы ашылған «Ютекс» мақта өңдеу кешеніне де аз қаражат жұмсалмады. Бақандай 19,3 млн доллар жұмсалған зауыт 2011 жылы тоқырауға ұшырап, төрт жылдан кейін қайта жан бітті. «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі мен оның еншілес құрылымы – «Қазақстанның инвестициялық қоры» бірігіп «Ютекс» және «Меланж» тоқыма фабрикалары қайта іске қосылды. Өндірісті қазір Қазақстан даму банкі қаржыландырып отыр. «Жоба сәтті жүзеге асса, екі фабрикадағы жіп өндірісінің қуаты жылына 8,4 мың тоннаны құрайды» дейді жұмыс берушілер. Ал, дайын тоқыма өнімінің көлемі жылына 10,6 млн метрге дейін жетеді деген жоспар бар. Бүгінгі таңда 400-ден астам адамды жұмысқа тартып отырған тоқыма өндірісі қайта тоқтап қалмасын деп тілейік.

ЖЕРСЕРІК ЖОҒАЛЫП КЕТТІ
2006 жылы жарнамасы жер жарған жерсерік «ҚазСaт» спутнигін ғарышқа шығарып салу салтанатына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Ресей Президенті Владимир Путин қатысты. Сол кезде ғарыш кеңістігінен шала-жансар хабар беріп тұрған спутник екі жылдан соң үшті-күйлі жоғалды. Бұл жоба құнының 65 млн долларын Қазақстан көтерді. Ғарышкер Талғат Мұсабаев «ҚазСaт-1» жобасы ғұмырының қысқа болуына біліксіздерді кінәлады. Сөйтіп, спутникті құрастырған ресейлік зауыттың шығынды жапқан-жаппағаны да жұмбақ күйінде қалды. Соған қарағанда, «ҚазСaт-ты» жасауға тапсырыс берген зауыт спутник жасауға маманданбағаны, ыдыс-аяқ пен балалар ойыншығын шығарушы болғаны туралы әңгіменің растығына сенбеске шара жоқ.

КЕРАМОГРАНИТ ЖЕР СИПАТТЫ
Бір ашылып, бір жабылып, берекесі қашқан жобаның бірі – «Азия Керамик» керамогранит зауыты. Бұл жобаны да Елбасы Шымкентке арнайы барып, лентасын қиған. Алғашында атауынан ат үріккен алып зауыттың артынша ісі тоқтады. Нысанның құны – 35 млн долларға жуық, қаржының басым бөлігін – 31,8 млн доллар соманы – несие түрінде Қазақстанның даму банкі беріп отырса, қалған 4 млн долларды – түрік инвесторлары салған. «Жобаны жүз пайыз жүзеге асырамыз» деген түріктің «Seramist Toprak Sanai Ve Tigaret Limited Sirketi» фирмасы жер сипатып кетті. «Зерде» ҮЕҰ» ЖШС қолдауымен 2015 жылы кәсіпорын «Зерде-Керамика» деген атаумен қайта іске қосылды. Әйткенмен, сайты да жаңартылмай, телефон нөмірі де тіркелмеген зауыттың болашағына сену қиын.

АЛАЯҚТЫҚҚА БАРҒАН АҚТАУЛЫҚ ЗАУЫТ
Қазақстан тәуелсіздігінің 20 жылдық мерейтойына Ақтау қаласында «Caspiy Еlectronics» инновациялық жобасы тарту етілді. Сол жылы жалпыхалықтық телекөпір барысында Елбасыдан жоба жетекшілері «Планшет пен плазмалық телевизорлар өндірісімен айналысатын жобаны жүзеге асыруға мемлекеттен 800 млн теңге бөлуді сұраған. Мұнда жылына 67 мың планшетті компьютер, 40 мың теледидар және 43
мың монитор шығарылады» деп мақтанған. Алайда, ашыла сала шығыны көбейіп, артынша жабылды. Кейін тергеу кезінде зауыт техникасына барлығы 600 млн теңге бөлінгені, ал, негізінде оның бағасы 20 млн теңге болғаны анықталған. Тіпті, кәсіпорын түрлі көзбояушылыққа барғаны тергеу кезінде анықталып, бірде-бір планшетті компьютер жасалмағаны белгілі болды. Сұмдығы сол, барлық планшет Қытайдан әкелініп, өзіміздің өнім ретінде сатылған. Алаяқтыққа барған ақтаулық зауыттың жетекшісі Александр Павленко бас бостандығынан айырылды. Жол ортада қалған 72 жобаның жырын бүгін айтып бітпейсің. Оның ішінде заманауи, барлық халықаралық стандартқа сай болады деген Ақтау-Сити жобасы, Батыс Қазақстан облысы Тасқала ауданында салынбақ болған Тасқала цемент, Қарағанды облысының Теміртау қаласында ашылған кремний зауыттары да бар. Бір қызығы, металлургтер қаласында ашылған компанияның бас директоры Александр Сутягинский бұрын да ашылып-жабылған «Биохим» кәсіпорнының жетекшісі болыпты. Бұл ел қазынасынан берілетін қаржының қайтарымы тиісті деңгейде тексерілмейтіндігі мен шетелдік инвесторлардың мәселесін майшаммен қарайтын құзырлы орынның болмауын көрсетіп отыр. Сондықтан, бізге де «Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді» демекші қазына қаржысынан қақпақ кетпеу үшін мемлекет қаржыландырған жобаларға жыл аралатып барып скринг-талдама жасайтын шетел тәжірибесін енгізген дұрыс-ақ.
Жадыра МҮСІЛІМ

Елімізде қанша ұшақ 25 жылдан ұзақ пайдаланылған?

Көлік министрі Марат Қарабаев Қазақстанда жолаушы тасымалдайтын қанша ұшақтың мерзімі 20 жылдан көп екенін айтты.

Елімізде қыста мопедпен жүруге болады ма?

Қазақстан нарығында мопедтерге арналған арнайы қысқы шиналар жоқ. Бұл мопедтердің негізінен ыстық елдерде жиі қолданылуымен байланысты, сол себепті мұндай өнімге қажеттілік жоқ.

Алматыда Жаңа жыл мерекесіне орай отшашу жоспарланып жатыр ма? 

Бұл сұраққа қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі жауап берді.

Тағы бір елде TikTok бұғатталады

Албанияда келер жылдан бастап TikTok қолданылмайды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі 24KZ телеарнасына...

Алматыдағы атыстың мән-жайы айтылды

Алматыда Наурызбай ауданында 20 желтоқсанда болған атыстың мән-жайы айтылды.