12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

СҰР КҮРТЕ

Уақыт түнгі он бірлер шамасы болатын. Көкшетау қалалық ішкі істер бөлімінің жауапты кезекшісі, аға лейтенант Тастанов халық жасақшылары штабымен хабарласпақшы болып трубкаға қолын соза бергені сол еді, телефон безек қағып, шырылдай жөнелді. – Алло, қалалық ішкі істер бөлімі тыңдап тұр!.. Кім, не дейсіз? Арғы жақтан естілген дауысқа құлақ қойып, үнсіз ғана тыңдап тұрған жас жігіт алғашында абыржып қалғандай сыңай танытып, әрі-беріден соң ақ қағаз бетіне әлденені асығыс жаза бастады. Сонсоң ол әлгі адамға қысқа-қысқа сұрақ беріп, аздан кейін трубканы қайта қолына алып, қалалық ішкі істер бөлімінің бастығы Николай Николаевич Федоровтың пәтеріне телефон соқты. – Жолдас подполковник, теміржолдың арғы бетіндегі он бірінші үйде тұратын Малюгинді біреулер пышақтап кетіпті. Жедел жәрдем машинасы да сонда барып үлгерген көрінеді. – Жарайды. Мен қазір келемін. Әлгі әдіріс бойынша тезірек оперативтік топты аттандыр. Содан кейін бөлімнің басқа қызметкерлеріне де хабар жеткізгейсің. – Құп болады, жолдас подполковник!..

*** Солтүстік өңірдегі іргелі облыс орталығының бірі саналатын Көкшетау қалалық прокуратурасының аға тергеушісі Виктор Афанасьев қайғылы оқиға болған үйдің ішін, түкпір-түкпірдің бәрін түгел қопарыстырып қарап, айғақ болар деген заттарды жіпке тізгендей етіп хаттама толтырып отырған-ды. Кенеттен оның көзіне ас столдың астында жатқан ер адамның көнелеу сұр күртесі түсті. Жең ұшында шашыраған қызыл дақтар да байқалады. Куә ретінде осында шақырылған көрші әйелдердің бірі әлгі сұр күртені көргенде оқыс алға ұмтылды да, қайтадан сол орнында тұрып қалды. Әлгі сәтті байқап қалған екінші тергеуші Әбілдин оған жақынырақ келіп: – Тегінде сіз мына күртенің иесін танисыз білем, – деді. Әлгі әйел ләм деп жақ ашар емес. Өз-өзінен қипалақтап, бозарып кетті. Жанындағы құрбысы: – Көргенің рас па, жасырмай бәрін де айт. Кісі өлтірушіге еш аяушылық болмасын, – деп жеңінен тартқылап еді, әлгі әйел есі енді кіргендей өз білгенін тергеуші жігітке тәптіштеп түсіндіре бастады. – Кешкі сағат 9-дың кезі болатын, – деді ол. – Малюгинмен бірге мына сұр күртені киген бейтаныс біреудің осы үйге кіріп бара жатқандарын көзім шалды. Екеуінің қолдарында екі-үш шыны арағы да бар-ды. Сұр күртелі бөгде жігітті бұған дейін де Малюгинмен бірге жүргенін көзім шалғаны бар. Оның аты-жөнін осы үйдегі кішкентай бала білуге тиіс… – Ол бала қайда қазір? – Көрші үйлердің бірінде ұйықтап жатыр… Қатты қорыққандікі болуы керек, жылап-жылап жаңа ғана көзі ілікті. – Олай болса, сол баланы шошытып алмай, тезірек оятыңыздар, қылмыскерді ұзатпай ұстауымызға септігі тиер, – деді тергеуші отырған орнынан қозғалып.

*** Ұйқыдан оянған он бірлер шамасындағы жас бала әуел баста қайда отырғандығына таңырқаған жандай айналасына жалтақтап қараумен болды. Тек сырт жақтан полиция киімін киген Әбілдин мен Афанасьев кіріп келгенде ғана әлдене есіне түскендей екі бетін басып, шыңғыра жылап қоя берді. Оның көз алдынан әкесінің жантүршігерлік қорқынышты өлімі тағы бір елес беріп өткендей еді. Шешесі болса кішкентай Леночкасымен бірге жақын маңда Зерендідегі демалыс үйінде тынығып жатқан-ды. – Сенің атың кім? – Са… Са-ша, – деді бала солқ-солқ етіп, әлі де болса өксігін баса алмай. – Саша, сен текке жасып жылай берме. Өзің де үлкен жігіт емеспісің? Онан да болған оқиғаны айтып, бізге қылмыскерді тезірек ұстауымызға көмек көрсет. Келістік пе, осыған?! Бала үнсіз ғана басын изеді. Сонда да екі иығы селк-селк етіп, әлі кемсеңдеп қояды. Сапар болса жан қалтасынан қол орамалын алып, оның бет-аузын сүртті де алақанымен маңдайынан сипап: – Сен біздің қойған сұрағымызға асықпай, анықтап жауап бер. Ұмытып қалған бірдеңе болса есіңе түсіріп, ойланып көр. Жарай ма?.. – Жарайды… –Үйге кеше кімдер келді? – Володя ағай келді. – Фамилиясын білесің бе? – Жоқ… – Тұратын жерін ше?! – Білмеймін… – Оның қасында басқа біреулер болды ма? – Иә… – Кімдер? – Люся апай мен Руслан бірге ере келді. – Руслан деген кім? – Люся апайдың баласы. – Олардың қайда тұратынын білесің бе? – Жоқ, білмеймін… – Ал, Русланның жасы нешеде? – Менімен жасты. Осы қаладағы №14 мектепте оқиды. – Папам үшеуі қосылып арақ ішті. Біз Руслан екеуміз төргі бөлмеде ойнап отырғанбыз. Ойымызда дәнеңе жоқ-ты. Кенет қарсы бөлмеден айғай-шу шықты. Әуелде қорқақтап отырған орнымыздан тырп етпедік. Бірақ арғы жақта тарс етіп сынған шынының даусы, одан кейін Люся апайдың жанұшырып шыңғырғаны естілді. Біз де жүгіріп барып, есікті ашқанымызда Володя ағайдың стол үстіндегі ағаш сапты пышақты ала салып папамның тап ішінен ұрып қалғанын көріп, қорыққанымнан кереуеттің астына кіріп кеттім. *** Іле оперативтік топ мүшелері қаланың қақ ортасынан орын тепкен мектеп есігін ашқызып, оқушылар журналынан Руслан есімді баланы іздестірді. Әрі оның ата-анасының кімдер екендігін және қай жерде тұратындығын анықтай бастады. Әкесі жоқ болып шықты. Шешесінің аты – Люся, фамилиясы Раева екен. Бөгде адамдардың сыбысын сезген ауладағы қара төбет арс-арс етіп, абалап қараңғы түнді басына көтерді. Мойнындағы жуан шынжырды да үзіп кетердей өршелене ұмтылып, жұлқынып-жұлқынып қояды. Сыртқы есік бекітілмеген екен. Бірақ үй-ішінде жарық көрінбейді. Кіреберіс дәліздің есігі іштен ілініпті. Бұл еш жерде жұмыс істемейтін ішімдікке жаны әуес Савич Полина деген әйелдің үйі еді. Раева осында пәтерде тұратын көрінеді. Полиция қызметкерлерінің ұзақ уақыт есік-терезені қаққанына қарамастан іштен қыбыр еткен жанның сыбысы білінбеді. Көптен кейін ғана іштен: – Кім әй бұл, кім керек сендерге, – деген әйелдің қырылдаған дауысы естілді. – Полицияданбыз. Есікті ашыңыз!.. Осы сөзді естісімен-ақ ілгекті тарс еткізіп ашып жіберген Савич жып беріп төргі бөлмеге еніп кетті. Оның соңын ала ілезде ішке кірген Әбілдин мен Афанасьевқа бұл қолындағы балтасымен тұра ұмтылды. Бірақ тездетіп жіті қимылдаған жігіттер оның балтасын жұлып алып, қарсыдағы орындыққа отыруын талап етті. Есін енді ғана жиған Савич өзінің жаңсақ қимылын жуып-шаймақ ниетпен: – Кешіріңіздер, мен басқа біреулер ме деп ойлап қалдым, – деп міңгірледі. Шашы да қобырап кетіпті. – Сіздікіндегі пәтерші әйел қайда? – Люся ма? Тәйірі, қайдан білейін оны мен. Аңдып жүр дейсіз бе соңынан… – Сонда да жеті қараңғы түнде қайда барып түнейді деп ойлайсыз? Айтыңызшы? – Е, кеткен шығар тағы да Володясымен. Мана осында іздеп келіп еді. – Володя дегеніңіз кім? Әдірісін білмейсіз бе? – Е, кім біліпті соны. Тек осындағы бір шеберханада етікші болып істеймін дегенін құлағым шалып қалғаны бар. Өзіне қойылған сұраққа да Полина Савич түлкі бұлаңға салып, мардымды жауап қайтармады. Ендігі уақытты текке алмайын деген оймен Сапар Әбілдин әлгі үйге тосқауыл қалдырды да өзі тездетіп полиция бөліміне жүріп кетті. Көп ұзамай Володяның тұратын мекені де анықталды. Ол бұрын да сотталып, түрмеде отырып шыққан Кравцов деген алаяқ болып шықты. Темір торға тоғытылып, жаза тартуына себеп – Зинаида есімді жесір келіншекке үйленіп, артынша-ақ ішімдікке салынып, күндердің күнінде кезекті ішістен соң Зинаидамен шекісіп, оны қылқындырып өлтірген екен. Сөйтіп, осы қылмысты жасағанға дейін де жазықсыз кісі қанын мойнына жүктеп «маньяк» атанған бұл ойда-жоқта «ащы судың» қырсығынан тағы да заң қызметкерлерінің құрығына ілігетіндігін сезбеген де еді. Соңғы кезде осындағы бір кәсіпорында етікші болып істейді екен.

*** …Сырттан естілген қатты дыбыстан Кравцов шошып оянды. Жалма-жан төсегінен атып тұрып, қалтасындағы өткір кездігін суырып алды да, әлденесін жоғалтқандай әрлі-берлі қарманып, сипалақтай бастады. Қолына біреудің денесі тиді. Люся екен. Қаннен-қаперсіз ұйықтап жатыр. Көңілі енді ғана сәл-пәл тынышталғандай болған бұл көрпесін қайта қымтанып, бұйығып, орнына жата бергені сол еді, дүрс-дүрс етіп есік қайта қағылды. Алғашында түсім шығар деп оншалықты көңіл бөлмеген бұл мына дүрсілдің тегін еместігін сезіп, жүрегі қатты қобалжып кетті. «Әттеген-ай, деп ойлады ол, бекерден бекер ұсталған екенмін. Мына екеуін бүкіл қаланы шарлатып, пәтеріме жаяу әкелгенімше, жоқтауын мана асырып өлтіріп кетпеппін. Енді өзіме куә болатын болды», деп қолындағы алмас кездігін жоғары көтере бергенде: – Кравцов, біз полицияданбыз, есікті тезірек аш! – деген айбарлы дауыс қаттырақ естілді. *** Тергеушінің кабинеті. Бөлме іші құлаққа ұрған танадай тып-тыныш. Тек қабырғадағы аспалы сағат тілі ғана сырт-сырт соғады. Қарсы орындықта отырған Кравцовтың ұнжырғасы мүлдем түсіп кетіпті. Стол үстіндегі өзінің сұр күртесіне анда-санда көзінің астымен ұрланып қарап қояды. Сөйтеді де өз қылмысынан өзі жеріген жандай қайта-қайта басын шайқап, ернін тістелей береді. Көз алдынан кешегі қанды оқиға біртіндеп елес беріп өтіп жатыр. …Люсяны іздеп барған бұл үй иесі әйелмен жоқтан өзгеге бола шекісіп қалады да сыртқа шығып сенделіп келе жатады. Келесі көшеге қарай бұрыла бергенінде іздеген жоғы алдынан табылып, танысы Раева бұған баласымен қарсы ұшырасады. «Бөтен біреудікінен не аламыз, бармай-ақ қояйық» дегеніне қарамастан ол әйел мен баланың қолынан жетелеп, өзінің бөтелкелесі Малюгиннің пәтеріне алып келеді. Жолшыбай іргедегі азық-түлік сататын ларекке соғып, «Московская» деп аталатын арақтың бір бөтелкесін Люсяның қолындағы пакетке салып, орап алады. Тіске басарға қалтасында көк тиын да қалмаған соң әлгі әйелден «қарызға» деп бес сомдықты сұрап алып, бағасы арзандау ливерная шұжығын да ала кетеді. Күтпеген қонақтарды үй иесі де жылы жүзбен қарсы алады. Оны-мұныны тілге тиек етіп, әңгімелерін жалғастырған болады. Малюгин соңғы кезде өзінің кездейсоқ суық тиіп, тұмауратып жүргендігін айтады. «Жұмысымда да береке болмай кетті» дейді ол. Азын-аулақ ақшаға күнкөру де қиынға соғып жүргендігін жасырмайды. Енді неде болса тағдырдың жазғанын көрермін, деп өзіне-өзі жігер де беріп қояды. Әрі-беріден соң бұлар әңгімелері түгесілді-ау дегенде жақын маңдағы дүкеннен екеуі тағы да екі-үш шөлмек арақ әкеліп, ауызғы бөлмеде отырып ішуге кіріседі. Одан кейінгі жағдай үй иесінің баласы Сашаның айтқанымен дәлме-дәл келеді. Шамадан тыс кетіп, жазықсыз жанның өмірін қиғанын артынан барып сезген Кравцов содан соң Раева мен Русланды соңына ертіп алып, өз ұясынан өзі жеріп қашқан қорқау қасқырдай сонау теміржол сыртынан қараңғы түн ішінде қаланың екінші шетіндегі пәтеріне жаяу әкеледі. Қарсыласып әлде нендей сөз айтса өзінің де жазым боларын түсінген әрі оның мына қылығынан өлердей қорыққан әйел баласын жетектеп мұның соңынан үн-түнсіз ере береді. Ертеңгі күні Кравцов бұларды алып басқа жаққа кететіндігін айтады… Бірақ ол оперативтік топ мүшелерінің тез қимылдауының арқасында осы түннің өзінде-ақ қолға түсетіндігін сезбеген еді…

Сайлау КӨШКЕНҰЛЫ, Қазақстанның Құрметті журналисі, сатирик жазушы, еңбек ардагері.

ӘЗ-НАУРЫЗДА ТӨГІЛГЕН НӘРЕСТЕНІҢ БЕЙКҮНӘ ҚАНЫ

«Счастье всего мира не стоит одной слезы на щеке...

Қаралы сырлар

Кешкі сағат сегіздер шамасы. Аспанды көмкерген қалың бұлттанба, жоқ...

ҚОРҚАУЛАР

...Елді қарық қылмай, сананы сансыратқан нарық заманы қысқан сәтте,...

Риэлторы

Эта драматическая история произошла осенью в начале 2000-х. Группа...

САБЫР ИЗ «УБОЙНОГО»

ВЫСТРЕЛ У ПОДЪЕЗДА Время на панели автомобиля высвечивало 05.10,...