– Кәсіподақ ұйымдарының немен айналысып, қандай жұмыс атқаратынын көп адам біле бермейді. Кейбір азаматтар үшін кәсіподақ ай сайынғы жалақысының 1 пайызын аударатын ұйым ғана. Кәсіподаққа байланысты құқықтық сауаттың, теріс пікірдің қалыптасуына не себеп? Жалпы, мектептегі кәсіподақ ұйымдары немен айналысуда?
– Ізденген, көзі ашық адам кәсіподақтың немен айналысатынын, ұйымнан қандай қолдау, көмек алуға болатынын жақсы білсе керек. Кәсіподақ ұйымдары алғаш құрылған уақыттан бастап өзіне мүше болып кірген азаматтардың еңбек құқықтарын қорғаумен айналысып келеді. Еңбек құқығын қорғау дегеніміз қызметкердің жұмыс уақытындағы заңда көрсетілген барлық жеңілдіктер мен мүмкіндіктерді пайдалану құқығы. Келісілген жұмыс уақыты мен мөлшері, кепілді жалақы, заңда көрсетілген демалыс уақыты және тағы басқа міндеттерінің талапқа сай болуын қамтамасыз етеміз. Мұнымен қатар, қызметкердің жылына бір рет келетін демалыс қаражатының дұрыс есептелуі де кәсіподақ назарында. Бес-алты жылдан бері демалыс алдында арнайы төленетін сауықтыру қаражатының да өз иесін табуына ықпал етудеміз. Осы сауықтыру қаражатын толық төлеу біздің салалық кәсіподақтың белсене араласуымен реттеліп, қалпына келтірілді деп айта аламын. Бұрын мұғалім бір жерден ғана сауықтыру қаражатын алатын. Ал егер екінші жерде қосымша жұмыс істейтін болса, басшылар мың-сан сылтаумен оны төлемеуге тырысатын. Және ондай оқиғалар өте көп кездесетін. Былтырдың өзінде мұндай мәселелермен жиі бетпе-бет келдік. Түйткілді жазып, көпшілікке көрсетіп, құқығының қорғалуына бастамашы болғандықтан ба, биыл мұндай мәселе туындаған жоқ. Жалпы, ұстаздар қауымы қанша жерде қосымша жұмыс істесе, заңда көрсетілгендей сонша жұмыс орнынан сауықтыру қаражатын алатынын білуі керек. Тіпті, уақытын ұтымды пайдаланып, үш-төрт жерде еңбек етіп жүрген әріптестеріміз де бар. Олар да сауықтыру қаражатын бірнеше жерден қатар алуға болатынын қаперінде ұстағаны жөн. Ал біз мектеп басшылығымен келісе алмай, тығырыққа тірелген әріптестеріміздің қай-қайсысына да көмектесуге әзірміз. Бұл да болса да кәсіподақтың ықпалы. Былтыр мен биылғы жылды есепке алғанда біздің кәсіподақтың араласуымен 1,405 млрд теңгеден асатын қаржы қайта есептеліп, ұстаздарға төленіпті. Тек сауықтыру қаражаты емес, оның ішінде магистрлікке дипломға төленуі тиіс қосымша ақы, жазғы демалыс қаражаты, категорияның дұрыс төленбеуі секілді тағы басқа мақсаттағы өндірілген қаржылар бар.
– Білім ордаларында еңбек дауларының да жиі орын алатыны байқалады. Кәсіподақтың мұндай дауды шешудегі рөлі қандай?
– Кәсіподақ ұжымдағы еңбек дауларына да жиі араласады. Мәселен, мектепте сағат бөлу, кезекшілік кестесі, сабақ кестесі тағы басқа мектептегі көптеген шаруалар да кәсіподақ ұйымының бақылауымен реттеліп отыр. Еңбеккердің жұмыстан тыс уақытындағы өмірі де кәсіподақтың назарынан тыс қалмайды. Жекелеген кәсіподақ мүшелерінің әлеуметтік жағдайына мониторинг жасап, қолдан келгенше көмек беруге тырысамыз.
– Өзіңіз жетекшілік ететін кәсіподақ ұйымының талай игі істерге мұрындық болып, ұстаздар құқығын қорғауға белсене араласып жүргенін әлеуметтік желідегі жазбалардан байқап қаламыз. Осы орайда кәсіподақ ұстаздардың құқығын толық қорғай алып отыр деп айта аламыз ба?
– Өкінішке қарай, ұйым ұстаздар құқығын ойдағыдай қорғай алмай отыр. Оның бірнеше себебі бар. Біріншісі және бастысы бізде түрлі кәсіподақ ұйымдары көп. Түркістанда 12, Шымкентте 13 ұйым бар екен. Алматы облысында екі ұйым болған. Қазір облыстың бөлінуіне байланысты олардың не істеп жүргенін білмеймін. Олар локальды ұйым, басшылық облыстық деңгейде ғана. Бастысы, облыстық білім басқармаларының дегенінен шықпайды. Олар мұғалімнің құқығын қорғау мәселелеріне де араласа бермейді. Ұстаздар соттасып жатыр ма, жоқ дауласып, келіспеушіліктер ушығып жатыр ма бұл ұйымдарға бәрібір. Тек жағдайды баспасөзден естіп, біліп, дауды сырттай бақылап тыныш отыра береді. Сондықтан тамыз айында Алматы облыстық салалық кәсіподақ ұйымын құрдық. Ең алғашқы әрекетіміз Талғар ауданындағы мектептердің бірінде сабақ берген ұстаздың апелляциялық сотына қатысып, жеңіп шығуымыздан басталды. Негізі ол ұстаздың біздің ұйымға еш қатысы жоқ. Бізге жарна төлемеген, біздің ұйымға мүше болмаған. Ал өздерінің кәсіподағы ештеңеге араласпады. Сондықтан екі рет Талдықорғанға арнайы барып, сотта сөйлеп, ұстаздың жұмысқа қайта орналасуына барынша ықпал еттім. Жарна төлеп отырған ұстаздың құқығын қорғамаса, ондай кәсіподақтың не керегі бар? Сондықтан кәсіподақ ұйымы жарна алуды білгеніндей, мұғалімнің құқығының қорғалуына да атсалысуы керек. Мұғалімдердің бәрі бірдей құқықтық сауатты емес. Олардың білмейтін дүниелері көп. Қазіргідей жүктемемен кез келген ұстаздың мектеп, білімге қатысты заң, қаулыларды қадағалап отыруға уақыт таппайтыны түсінікті. Өйткені, ұстаздардың жұмысы мектепте сабақ берумен бітпейді. Олар үйге келген соң да келесі күнгі сабаққа дайындалып, дәптер, тапсырмаларды тексеріп, балаларды өз пәніне қызықтыру үшін ізденеді. Бар күш-жігерін балаларға арнаған ұстаздардың еңбегін лайықты бағалау, қолдау көрсету кәсіподақ ұйымының ғана емес, жалпы мектеп басшылығының, ұжымның міндеті болуы керек. Өкінішке қарай, көп жағдайда бірліктен гөрі, әркім өз тыныштығын ойлап, әріптесінің мәселесіне бас ауырта бермейді. Ұстаздарымыздан да кінә бар. «Педагог мәртебесі туралы» заң осы ұстаздардың құқығын қорғау үшін қабылданған жоқ па? Неге соны пайдаланбайды? Кейде маған шағымдарын айтып хат жазғанда «ағай аты-жөнімді көрсетпеңізші» деп өтініш айтады. Мектепте атының аталғанын қаламайды. Ал аты-жөні көрсетілмеген арыз иесінің құқығы да қорғалмайды. Өйткені, Еңбек кодексінің өзінде «Домалақ арыздардың қаралмайтыны, тексерілмейтіні» тайға таңба басқандай анық жазылған. Ондай хатты кейде әлеуметтік желідегі 180 мыңдық адамы бар тобымызға саламын. Әлеуметтік желі деген қазір әлеуеті өте үлкен күш. Кейде басшылар әлеуметтік желідегі шағымнан өз қателігін көріп аяғын тартып, мәселе ушықпай шешіліп жатады. Сонымен бірге, әлеуметтік желідегі бұл топ ұстаздардың өз ойымен бөлісетін, сұрауына жауап іздейтін, мәселесін көпшілікке айтатын диалог алаңына айналғанын көріп жүрміз. Ұстаздың құқығы тапталғанына топтағы ұстаздардың жаны ашып жатады. Бірақ атын айтуға да қорыққан ұстаздың ісі қозғалмаған күйі қалады. Себебі, баржоғы белгісіз, домалақ арыз үлгісінде жазылған шағым хат күйінде қалады. Кейде шарасыз ұстаздар мектебі тұрмақ, ауданын да көрсетуге жүрексінеді. Меніңше, ұстаз құқығын қорғау үшін жәбірленушінің өзі ашық күреске атын жасырмай шығуы керек. Жердің бір жері деп белгісіз ауылды көрсетіп ешкімді қорғай алмайсың. Кемшілікті дер кезінде айтып, шындықты көзге шұқып көрсетпеген соң заңсыздық іс әрекеттер жалғаса береді. Құқықтары бұзылмас үшін қызметкерлердің өзі белсенді болуы керек. Кез келген азамат қоғамдағы заңбұзушылықтарға көз жұмып қарамауы тиіс. Сонда ғана біз таза, ашық, санасы ояу қоғам құра аламыз.
– Кәсіподақ ұйымдарының жұмысын қалай күшейтуге болады?
– Кәсіподақ жұмысын күшейту дегеніміз оның төрағаларының жұмысын күшейту деген сөз. Ондай лауазымға ұстанымы мен мінезі, көзқарасы қалыптасқан кісіні сайлау керек. Мұндай кісілер әр мектепте бар. Басшылыққа тәуелсіз, өз пәнінің үздік маманы сайлануы керек. Осындай кісілер ғана ұйым мүшелерінің құқығын қорғай алады. Сабағы ақсап тұрған, өзі сүйретіліп әзер жүрген төраға басшының қолжаулығына айналады. Өйткені, өзі сауатсыз, кемшілігі көп адам жалтақ келеді. Олардың дауысы бәсең шығады. Себебі, бірдеңені қаттырақ айтса, өзіне зияны тиіп кете ме деп қорқады. Мұндай басшы ұстаздардың құқығын қорғап жарытпайтыны бесенеден белгілі. Сондықтан ұстаздар өз арасынан кәсіподақ жетекшісін сайлағанда ойындағысын батыл айтатын, көкейіндегісін бүкпесіз жеткізетін, өзіне барынша сенімді жандарға таңдау жасағаны жөн. Кәсіподақ төрағаларын таңдауға бейжай қарауға болмайды. Сонымен қатар, жоғарыда айтқанымдай кәсіподақтар тоқсан тоғыз ұйымға бөлінбеуі керек. Ұстаздардың республикадағы ең үлкен ұйымы – салалық кәсіподақ. Жүз мыңдаған мүшесі бар көшелі ұйым. Қазір осындай ірі ұйым ғана өз мүшелерінің құқығын мемлекеттік деңгейде қорғай алады. Кезінде ОББ, АББ басқарған шенеуніктер зейнет алдында өзі басқарған аймақта ұйым құрып алған. Енді соның «жемісін» жеп жатыр. Жарнаның 80 пайызын мектепке қайтару үшін бір бухгалтер ұстаса жетеді. Қалған 20 пайыз жарна жетеді екеуіне. Өз пайдасын ойлап, өз мүддесіне еңбек еткен соң олардың даудан аулақ жүретіні түсінікті. Жарна түсіп жатса болды, бетпе-бет келген мәселеге салғырт қарап, сылап-сипап реттеу олардың дағдысы. Керемет арифметика, табыс табудың таптырмас әдісі. Бірақ, жарна кәсіподақ ұйымы жетекшісінің тыныш, рахат өмірі үшін емес, «ұстаздардың құқығын қорғау» үшін аударылатынын олар неге түсінбейді? Кәсіподаққа еңбек даулары мен білім саласын жақсы білетін заңгерлерді тарту керек. Себебі, қазір барлық білім ордаларында сағатқа таласқан немесе еңбек жағдайына қатысты дау көп. Заңды білетін адамның ғана осылардың дұрыс шешілуіне көмегі тиеді. Бүгінгі күні Алматы облыстық салалық кәсіподақ ұйымы республикалық салалық кәсіподақтың бір филиалы ретінде өз жұмысын бастады. Енді әр аудан мен қалаларда ұйым құрып, белсенді жұмыс жүргізу керек. Сіздердің газетті пайдалана отырып әріптестеріме мынандай нәрсені айтқым келеді. Сіздерге жарнаның көп бөлігі қайтарылатын шығар? Бірақ аудан, облыстағы кәсіподақтарыңыз керек кезде бұғып қалатын болса қайтарылған ақшадан не пайда? Себебі, соттассаңыз, адвокатқа он есе артық төлейсіз. Жалпы, бүгінгі күні мекеме болып бір ұйымға кірудің де керегі жоқ. Қажет деп тапсаңыздар үш-төрт адам бірігіп басқа ұйымға да кіруге болады. Біз, әрине, жарнаның 80 пайызын қайтармаймыз. Бірақ кез келген дауда заңгердің көмегін көрсетуге тырысамыз. Мені әлеуметтік желіден қиындықсыз табуға болады. Мессенджерге жазыңыздар. Қызметкерлердің құқығын бірге қорғайық!
– Кәсіподақ ұйымының жетекшісі ретінде сізге хабарласатындар көп пе? Қандай мәселелер бойынша жиі көмек сұрайды?
– Мен өткен жылы мектептің кәсіподақ ұйымының төрағасы болып сайландым. Ең алдымен қызметкерлердің жеке уақыттарын тиімді өткізу, түрлі шараларға қатысуын қолға алдық. Жұмыс режимі жекеленген қызметкерлердің өтініші бойынша қайта түзілді. Әрине, бірден жұмысты бұлай жолға қоюымыз басшыларға ұнамаған да шығар? Бірақ, біз кәсіподақпыз! Сондықтан өз міндетімізді лайықты орындау үшін барлық шарттарды орындап, жұмыс істедік. Биыл облыстық кәсіподақ құрылған соң, сол ұйымға төрағалық қызметімді бастадым. Әзірше жұмысты қоғамдық негізде атқарып жатырмыз. Алғашқы жақсы нәтиже талғарлық ұстазды қолдауымыздан көрінді. Жақсы жетістікке жеттік. Облыстық сот Талғар аудандық соты шешімінің күшін жойып, ұстаздың қызметіне қайта оралуына ұйғарым шығарды. Бұл істі өздеріңіз де әлеуметтік желіден көріп, біліп отырған шығарсыздар. Меніңше, кәсіподақ ұйымының атынан осы даулы іске араласып, сотта жеңіске жету арқылы біз талай әріптесімізге үміт сыйладық. Осы жағдайдан кейін талай мұғалімнің қандай да бір еңбек дауы туындаған сәтте жалғыз қалмайтынын ұғынғаны анық. Қазіргі таңда қарауымызда екі даулы мәселе бар. Істерді таразылап, дауды сотқа жеткізбей, тараптарды ортақ келісімге келтіру арқылы шешу мүмкіндіктерін барынша қарастырып жатырмыз. Жұмысымызға кіріскенімізге көп уақыт өтпесе де мұндай істерге араласуымыз бізге деген ел сенімінің жоғарылағанымен байланысты шығар? Өзім арасында педагогикалық қызметімді де жалғастырып жүрмін. Көмекшілер алған соң жұмысымыз жаңа белеске шығады деген сенімдемін.
– Соңғы жылдары ұстаздардың мәртебесі туралы жиі айтамыз. Бірақ одан ұстаз мәртебесінің жоғарылап кеткенін байқай алмай отырмыз. Ұстаздардың мәртебесін арттыруға не кедергі?
– Ұстаздардың мәртебесін арттыруға кедергі тек ұстаздың өзі. Өкінішке қарай, бұл шындық. Заң бар. Кәсіподақ бар. Неге жасқанады? Егер сен өз ісіңнің маманы болсаң ешқандай басшы сені жөнсіз қудаламайды. Білімін жетілдіріп, тәжірибе жинап үздіксіз ізденетін мұғалім ғана шын мәртебеге ие болады. Сауатсыз, жұмысына салғырт мұғалім мәртебеге лайық болады деп ойламаймын. 17 тамызда Астанада министр Асхат Аймағамбетов республика бойынша оншақты ұстазды қабылдады. Басты мәселе – ұстаз құқығы болды. Сағат бөлу, түнгі рейдке шығару, мектепішілік кезекшілік, аттестация тағы басқа мәселелер талқыға салынды. Министр «Ұстаз тек заңға сүйену керек, негізгі заңы – Педагог мәртебесі туралы заң. Осы заңда ұстаздың барлық құқығы мен міндеттері көрсетілген. Міндетіңе мықты болсаң, құқығыңды қорғауға болады. Қорғау үшін кәсіподақтарымыз бар. Салалық кәсіподақ бар» деп ашығын айтты. Тек сол сөзді жерге тастамайтын, өзіне, біліміне, біліктілігіне сенімді ұстаздар көп болса деңіз.
– Бұрын кәсіподақтардың әлеуеті жоғары еді. Қазір бар-жоғы сезілмейді. Кәсіподақтың бұрынғы ықпалын қалыпқа келтіре аламыз ба?
– Кәсіподақтың ықпалы мемлекеттің бағытына байланысты өзгереді. Кәсіподақ – қоғамдық ұйым. Демек, ол азаматтық қоғамның бір қанаты. Мемлекеттің басты мақсаты – азаматтық қоғамды дамыту. Сондықтан азаматтық қоғамның дамуымен қатар, кәсіподақтың да ықпалы өсетініне сенемін. Ықпалды болу үшін барлық кәсіподақ ұйымы бірігіп жұмыс жүргізуі керек. «Бірлігі мықтының белін ешкім сындырмас». Бабаларымыз осы сөзді қалай тауып айтқан. Ұстаздар арасында өзара бірлік, ынтымағымыз болғанда ғана кәсіподақ мемлекеттік органдардың алдында өз мүшелерінің құқығын қорғай алады.
– Уақыт тауып сұхбат бергеніңізге рақмет! Жұмысыңыз жемісті болсын!
Қуаныш ЕРМЕКОВА, «Заң газеті»