12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

ҰРЫ

Жедел уәкілдер жапа-тармағай тартысып отыр. Іс насырға шапқандай, айнала у да шу. Аудандық полиция бөлімі бастығының жедел қылмыстық іздестіру жөніндегі орынбасарының түр-тұрпаты елең-алаңда атқа қонған хас батырдың болмысына ұқсап барады. Өңі бозарып кетіпті. Мына текетірестің түйінін түсінбесең, жағдай қиын. Құдды «Алашағым кетсе де, айташағым кетпесін» дегеннің нақ өзі. Сондағы сойылмен соққандай сөзінің түрі:

– Не десең, о де! Мен күдіктіні мойындаймын. Қылмыс жасауда өте ептілік бар. Бір ұры бәрімізді әбігерге салып тұр! Мұны мойындағысы келмегендер біресе мелшиіп, біресе ішінен бір күдік сыбырлап тұрғандай тепсініп қояды. Шені үлкенмен шекісіп қалмауға тырысқандар «қой-қоймен» арам тер болып, араша түсіп әлек. Әйткенмен, жұмыстың жайын жақсы білетіндер шеттеп тұр. Тек аға уәкіл шідерін үзген асау биедей икемге илікпей бұлқанталқан. Бұл тартыс ұзаққа созылатын еді, жасы үлкені басу айтып, құрақтай иіле салды. Сонан соң Сәулет сабырға келді.

– Аузыңа келген сөзді қайта жұтуға болмайды, ол мәкүрік. Рас нәрсені, рас деу керек. Полиция – жұмысы көп, тынысы тар қызмет! Біз халыққа қамқор, қалқан болатын саланың адамымыз. Сондықтан жұмыстың жайы былай еді деп ақталудың реті жоқ. Халықтан үстем ешкім болмайды. Сол халықтың сенімінен асқан абырой бар ма, бізге істің нәтижесі керек! – дегенде ешкім үндей қоймады. Өзара тартыстың соңы үнемі осылай үлкеннің тоқтамымен басылатын. Сосын бірі: – Қылмысқа тартылғандардың тізімін қайта қарап шықсақ қайтеді? – дейді әріптестеріне. – Күдікті кісі бұрын істі болмаған адам шығар, – дейді екіншісі. – Мүмкін ел ішінен жасырын тыңшы ұстап көрсек ше? – дейді үшіншісі үміт отын жаққандай. Күдікті – біреу, шешім шартарапты кезіп жүр. Осыны білгендей бүгінгі басқосуды бәрібір аға уәкіл түйіндеді. – Бос әңгімені қойыңдар. Күдіктіні ұстамай болмайды. Қылмысын мойындату үшін дәйекті айғақ керек, – деп Сәулет жеке-жеке тапсырма бере бастады.

* * *

Аудандық полиция бөлімінде баржоғы бес жедел уәкіл бар. Сол бесеу аудандағы қылмыстың тоқсан процентін ашады. Сөйте тұра, жұмысына лайық жақсы атақ жоқ. Күн сайын «ұлы айқай». Олай болатыны да бар. Бір түнде бірнеше қылмыс орын алып, соның салдары қылмыстың ашылу деңгейін күрт төмендетіп жібереді. Қайтсін енді, қылмыс еселене түседі, оны азайтуға қанша күш жұмсағанмен, нәтижесі қуанта қоймайды. Осылай қол қысқалық мұрша бермейді. Әйтпесе… олар мықты! Рас, мал ұрлығы ушығып тұр. Жедел топ ұрының соңына түсіп, талай рет тосқауыл қойған. Іс сотқа барғанда тергеу тежеледі, іс іркіледі де қалады. Жәбірленуші жақ күдіктіні кешіріп, істер қысқарып жатады. Дереу дабыл көтерілді. Өрістегі мал қолды болған. Екі күннен бері іздемеген жері, сұрастырмаған елі қалмаған. Көрдім-білдім деген біреу жоқ. Енді амалсыздан полицияның көмегіне жүгінуге келді. Сәулет жағдайды ішінара сұрастырып көрді. Білгені – дария жағасындағы тоғайға жіберген. Содан кешкілік үйренген әдетінен жаңылып, бұзаулы сиыр үйге қайтпаған. Мына заманда мал түгілі адам да адасады, бейсауыт қыдырып жүріп қалады. Мүмкін бөтен табынға қосылып, біреудің қорасында қамалып тұр ма екен, кім білсін? Бұл жағы бұлдыр…

– Жағдайды бара көреміз. Із кесу керек шығар. Жақын маңдағы елден сұрастыру арқылы да біраз жәйтқа қанығуға болады, – деп Сәулет шұғыл шаруаның шет-жағасын жедел жеткізді. Көлік ішінде көңіл шіркін шартарапты кезді. Ойды ой қуып келеді. Ерні жыбырлап, әлдебір оқиғаны айтқысы келгендей қомданып қояды. Олар оқиға орнына келгенде күн сәске түс болды. Күн төбеден шақырайып, шыжып тұр. Мал көлеңкелеп, тораңғылдың салқын саясына тығылып, жатып қалған. Бірен-сараны ғана су жағалап жүр. Қармақ салып бір орыс отыр. Бұл төңіректен көзге шалынар басқа кесе-көлденең көрініс байқалмады. Олар орысты ортаға алды.

– Балық жақсы қаба ма?

– Аздап…

– Көптен бері отырсың ба?

– Таңертеңнен бері.

– Мал айдаған адам көрдің бе?

– Бағана біреу атпен жүрген еді. Солтүстікке қарай кетіп қалды.

– Мм.

Түр-түсі қандай?

– Малшы адам ғой. Басында шәпкесі бар, енді… өзіміз сияқты біреу ғой. Әйтеуір аты қасқа екен. Сол қасқалығы жатталып қалды.

– Рақмет. Жақсы ақпарат бердің. Уәкілдер мал жоғалтқан адамға бұрылып:

– Мүмкін, қасқа ат мінген кісіні сіз танитын боларсыз? – деді.

– Көрші ауылда мал ұстайтын жездем тұрады. Әлгі орыстың айтуына қарағанда, соған ұқсайтын секілді.

– Онда көрші ауылға тарттық! Сәулеттің іші бірдеңе сезді ме, жүргізушіге жедел жүр дегендей белгі берді. Басшыны бағып қалған жүргізуші лыпып кетті. Малдың иесі – Алтынбек Ыстықбаев та, жездесі – Сырым Алмасов екен. Жолай білгендей, Сырым дәулетті адам секілді. Төрт түлігі түгел. Ол ұрыға ұқсамайды. Не болса да бара көреміз. Ауласы атшаптырым үйге көлік кілт тоқтады. Алдымен көліктен Алтынбек түсіп, көше бет есікті еркін ашып, аулаға енді.

– Ассалаумағалейкум!

– Уағалейкум ассалам! Топ ете түскен бірнеше кісінің оқыс жүрісіне түсінбей қалғандай Сырым бажырая қарады.

– Жезде, жоқ іздеп жүр едік, менің сиырым көзге түспеді ме?

– Түскенде қандай! Ол қорада тұр. Үш күннен бері іздемейтін қандай адам деп саған таңырқап отырмын.

– О пәлі! Солай де. Мұның балдызбен ойнағаның ба? Жоқ, әлде…

– Алтынбек-ау, біреудің адал малын ұрлап не істейін. Көршінің малымен ілесіп келіпті. Күйлеп жүр-ау, бұқасынан бір елі қалмайды. Мен таныған соң үйге әкеліп байлап қойдым. Ал, айтпағаным – әбден әуре-сарсаңға түсіп іздесін дедім. Анау апаңа да «айтпай, бір аптадан соң өзім жетектеп апарып беремін» дегенмін. Енді өзің келдің ғой, алып кет малыңды. Сасқан үйрек артымен сүңгиді деген, Алтынбек жырқылдап күле берді. Ал, Сәулет бұған іштей қынжылса да, адал мал ұрыға ұрынып, қолды болмағанына шүкіршілік етті. Ол Сырымнан түсініктеме алды, Алтынбек малы табылғаны жөнінде қолхат жазды.

ІІ

… Әдеттегідей офицерлердің толық құрам жиналысы басталды. Кейбірі бірер минут кешіккеніне ескерту алып үлгерді. Әншейінде жуас көрінетін, момақан мінезді командир бұл жолы ешкімнің маңдайынан сипайын деп тұрған жоқ. Залдағылар күбір-күбір сыбырласып отыр еді, бірден жекіп тастады.

–Тоқтатыңдар, тыныштық сақтаңыздар! Кешегі күннің мәліметі бойынша жеке-жеке талдау жасалып, жауапты қызметкерлер орнынан тұрып, әскери тәртіппен өз міндетін қалай атқарғанын мәлімдеп жатты. Бұл мәлімдемеге қанағаттанған командир жоқ. Қабағы қатулы.

– Бұл сала сегіз сағаттық жұмыс кестесін аяқтап, үйіңе уайымсыз қайта беретін мекеме емес, полицияға тәулік те аздық етеді. Жұмыс істеймін десеңдер, осыған көну керек. Қылмыстың көпшілігі тәуліктің екінші жартысында орын алады. Ал, ұйқыда жатқан адам қылмысты қалай ашады? Оқиға орнын суытпай қалай жедел жетеді? Мәселе осында. – Жолдас полковник, сонда біз қашан демаламыз? – дей берген Сауранбаевқа: – Қылмысты ашқаныңның өзі демалыс, – деп тыйып тастаған полковник жуан жұдырықпен столды қойып қалды. Сөйтті де: – Тілмен жүретін адамның бізге қажеті шамалы. Тізе қосып, тіл табысып, тәуір жұмыс істейміз десең, полиция романтика емес, реализм! Ісің нағыз ерлерше, шынайы болғаны керек, – деді ашулы көзбен. Тиісті тапсырмасын алғандар басшының рұқсатымен залдан шыға бастады. – Құралбаев, сен қала тұр. Әңгіме бар. Сәулет сенімді орынбасары, тәжірибелі маманы болғасын оған ерекше тапсырма жүктейді. Бұл жолы да солай секілді. Бұған ол үйренген, жеке құрамға үйретері де көп. – Айтпақшы, әлгі әккі ұрыға қатысты не білдің? Көрдім-білдім дейтін біреу бар ма? – Мүлдем жоқ. Бәрі басын алып қашады. Жеке-жеке сөйлестім. Өздерін көрсеткісі келмейді, елге мазақ боламыз деп ойлайды. – Мм. Түсінікті. Дегенмен, бір ұшы шығар, істі тоқтатпа, соңын қу. Бұл ең жауапты тапсырма деп қабылда. Аты ұрлық болғанымен, іс күрделі. – Құп болады, командир! Тапсырма орындалады. Бұл қылмыстың беті ашылмағалы біраз болды, бел шешіп кірісуге кедергі бар. Елден естігені болмаса, ұрлық жайлы полиция бөліміне арыз берген бірі жоқ. Сәулетті қинайтыны осы. Ол істі болғандар тізімін ақтарып, ішінен іліп алар күдікті таппады. Бұған қаны қайнап, басына шапты. Сөйтіп зілдене: «Түбің түскір ұрыны қалайда құрықтау қажет, елді басынып бітті!» деді де, тысқа шықты. Сәулет бала күнінен өжет, қайсар болып өсті. Өзінің полицияға қызметке келуінің де тарихы ұзақ. Алдымен білімі, рухы, сосын мінезі сәйкес еді. «Қайық адасса кемеден, адам адасса, көнеден сұрайды» дегендей әкесінің кеңесі оның өміріне нұсқа болды. Тіпті, баласының намысын қайрай түсіп: «Полиция қызметкері еті тірі, ізденімпаз, еңбектен жалықпайтын ер болуға тиісті және ұйқыны жеңу керек. Бұл жігітке тән қасиет. Әйтпесе, біреудің көз-жасы мен наласына қалудың екі дүниеде де салмағы ауыр болады» дегені бар. Сәулеттің бұған дейін қылмыстың қаншасын ашқанын бір құдай біледі, істі сауатты жүргізу, сонан соң сөзбұйдаға салмай, қысқа уақытта қылмыскерді құрықтайтын қабілетімен ешкім таласа алмайды. Оның бойына біткен ерекшелік те осы. Ұры түскен үйлердің ұзын саны – отызға тарта. Жәбірленуші жақ кілең байшікештер. Оның кейбіріне екі реттен ұрлық жасалған. Сөйте тұрып, бәрі басын алып қашты. «Ұрлық болған жоқ, оны кім шығарды?» деп аң-таң кейіп танытады. Жағдай күрделене түскен соң Сәулетті сансыз ой мазалады. Лажы таусылғанда Шерлок Холмстың шытырман оқиғалы кітаптарын ақтарып, із кесудің қыр-сырына терең қаныққан болады, алайда кімді тауып, кімге кісен салуы керек. Дәлел қайда? Ұры ұсталмаса – ұры емес.

Сәулет Құралбаевтың қылмыстық істер бойынша жауапты қызметкер ретінде шұғыл шешім қабылдауға өкілеттігі бар. Бұл жолғы із кесудің нәті бөлек. Нағыз кәсіби ұры! Оған өзі кіріспей, басқаның тәжірибесі жетпеуі мүмкін. Тәуекел деп тырысуының бір себебі сол. Сәулеттің әу бастағы арманы әскери еді, бүгінгі полиция қызметкері болуына нағашы атасының ықпалы тигенін енді біліп тұрған жоқ. Соны есіне түсірді. Көпті көрген атаның даналығы дараланып тұрады. Шынында, ол – астроном, ол – із кесуші трассолог, ол – уақыт белдеуінің білгірі. – Балам, даланың да өз заңы бар. Табиғатпен тілдесу керек. Тінін, тілін ұқсаң, ол бәрін де білдіреді. Мынау таяқшаны жерге қадашы. – Ал, қададым. – Енді таяқшаның көлеңкесі қалай құлады? – Батысқа қарай. Көлеңке ортан белінен ауыпты. – Ендеше сағат 12-ден 35 минут өтті. – Оны қалай білдіңіз? – Көлеңкенің ұзақтығына байланысты. Сәулет бұған сенбей, сағатына үңілді. Шынында, сағат тілі 12:37 екен. Екі минут қана жаңылыпты. Мұнысы ештеңе емес, із кескенін айтсаңшы. Қай жануардың ізі, ол қай уақытта бұл маңайда жүрді, қай шөпке жайылды немесе қай жемтікке келді, бәрін көзбен көргендей суреттеп береді. Бірде атасы: «Қап бәлем, ит-құс көрші отардың бір қозысын әкетіпті. Түнде бейғам уақытта бас салған ғой» деді. Атаның «ит-құсы» – қасқыр. Мал баққан жұрт оның атын атамайды, жанамалап жеткізеді. Қасқыр десе, қойды қырып кететіндей қабылдайды.

– Ата, «ит-құсты» қайдан білесіз?

– Мына ізі бара жатқанында қалған. Байқадың ба, із топыраққа терең түспеген. Ал, мынауы басқаша, салмақпен із салған.

– Түнде болғанын неден аңғардыңыз?

– Ізге әлі шық түсіп үлгермепті. Таң ата болғанға ұқсайды. Адам баласы таңғы үш пен бестің арасында қатты ұйқыға беріледі. Сол апақ-сапақта қораға түсіп үлгереді.

– М-м. Түсінікті.

…Ол ұйқыдан кенеттен шошып оянды. Басын көтерген бойда айқай салды: «Күдікті кәне?!» Жанындағы жары жалма-жан ұмтылып шап беріп, ұстай алды. – Сәулет, саған не болды? – ? – Есіңді жишы, су ішіп жібер. Сәулет салқын судан бір жұтым ұрттады да: «Мен күдіктіні түсімде көрдім. Ұзын бойлы жігіт. Арықша келген, спортшыға ұқсайды. Ол сөзсіз қолға түседі» деп орнынан сенімді тұрды. Түс – түлкінің боғы деп жатады. Осы сөз бекер ме деп қаламын. Себебі, ақиқат та аян береді екен. Ол екі сарбазын ертіп, оқиға орнына барды. Айтса айтқандай, Сәдірбайдың үйінен шыққан етіктің ізі батпақ бетінде баданадай белгілі болып жатыр. Тергеушілер ізді кесіп, теміржол желісіне келіп тірелді. Ұры осы жерде рельске артын бере отырып, төрт дана темекі тартқан екен. Оның тұқылы табылды. Ары қарай із жоқ, көкке ұшты ма, көлікке отырды ма, бұл жағы бұлдыр. Аға жедел уәкілдің ойы тағы тұйыққа тірелді. Ал, ұрыны мұнда көлік күтіп тұрды делік, сонда сыбайласы кім болды? Айла біреу, амал шексіз. Куәгерлер іздеді, ішінде көлікті көрдім-білдім деген бірі жоқ. Демек, көліктің болмауы да мүмкін. Ендеше төтеннен ғайып болатындай ұшқыш тарелкасы жоқ шығар? Осы жерде бір сыр бар…

Бұл күн сәтсіз өтті. Үйіне келді. Сәулеттің көңіл-күйі тіптен қашты, тамаққа тәбеті жоқ. Келіншегі мазасын алмайын дегендей, бөлмесінің есігін ақырын жауап қойды. Ол жалғыздан-жалғыз отыр. Өзі де қызық адам. Кейде қасқыр сияқты қайраттанып кетеді. Кейде жынынан айырылған бақсыдай момақан қалыпқа түседі. Бірақ бір шүкірлігі, мінезі қанша өзгергенмен, артық сөйлемейді. Соны білгендей әйелі де ләм-мим демейді. Күн табағы алыстағы құм төбелерге бауырлай батып, ең соңғы қиығы да көзден таса бола бастады. Қызарып батқан күн – ашық ауа райының белгісі. Ертең ауыр күн, ерте тұрып, жедел іске кірісу керек. Таң сібірлеп атып келеді. Шығыс көкжиек құланиектеніп, күн мен түн өзара тартысқа түскендей, дүние көгілдір, мұнарға оранып сәл тұрды да, көп ұзамай жарық сәуле үстемдік ала бастады.

Бәйбішесі баптаған күрең шәйға қанып ішіп, Сәулет әдеттегідей жұмысқа жиналды. Іштей іс-тәжірибесіне сүйеніп жоспар құрғаны бар. Ал, қашанда ұрының арты қуыс, оның адымын аштырмауға ширақ қимыл қажет. Неден бастап, неден аяқтаудың формуласы қылаң беріп тұрған секілді. Кешегі теміржолға тағы барды. Қасында екі әріптесі бар, бірі – жаңадан қызметке келген жас жігіт, екіншісі– тісқаққан кәнігі маман. Дегенмен, жас жігіт Сәулетке ұнайды. Әлі қулық-сұмдықтан ада азамат. Не істесе де, барынша ықыласпен кіріседі. Ал, кәнігі маманның әккілігі бар, жұмсаған жерге жартылай қатысады. Сәулет теміржолдың екі бағытына екеуін жұмсады. Шамамен бір жарым шақырымға дейінгі аралықтан аяқ ізін анықтау жүктелді. Ішкі түйсік әлдебір жағдайды сезінетін сияқты. Рация қосулы. Хабар күтіп, тағатсызданып Сәулет қалды. Төңіректі шолып, тыным таппай, тықыршып тұр. Кенет, иә, кенет жас полицей Берік байланысқа шығып, байғазы сұраған баладай қуанып: «Жолдас капитан, теміржол рельсінен аттаған із шықты, дереу жетіңіз!». Сәулеттің көздері оттай жанып кетті. Аяғын ширақ басып, діттеген орынға да жетті. Шынында, тайға таңба басқандай із сайрап жатыр. Әккі ұры теміржол желісінде етігін ауыстырып, үйге қарай таза киіммен кеткен. Сол із шеткі үйге апарды. Есікті қағып еді, ешкімнің дыбысы шықпады. Олар ішке енді. Дастарқан жаюлы, шәйдің ыстығы басыла қоймаған. Демек, үйден ұзамаған. Айналасы жарты сағаттың жобасында зіңгіттей жігіт бас сұқты. Баласын балабақшаға апарып келген беті екен. Түр-тұлғасына қарап, «мынау ұры» деуге қимайсың. Иә, мынау түсінде көрген жігіт. Бойшаң десе бойшаң, ап-арық. Спортшыға ұқсайтыны келіңкірейді. Тек беті бұлдырап дұрыс байқалмаған еді, сонысы ғана өң мен түстің арасын алшақтатып тұр. Сәулет іштей «Е бәлем, қолға түстің бе? Ешкімге ұстатпаймын деген шығарсың. Бәрі бекер, ұры ақыры торға түседі. Сен де сондайсын» деп бетіне бажайлап қарады. Өзі де бірдеңе сезген шығар, артық қозғалыс жасамай дастарқан басына жайғасты.

– Бауырым, таныса отырайық, менің есімім – Сәулет. Қасымдағы серігім – Берік. – Нұрбол.

– Сені іздеп жүргенімді сезген боларсың, енді бізбен бірге РОВД-ға баруыңа тура келеді. Ол үндеген жоқ. Қолын созып, кісен салдыруға икемденді. Сөйтті де, жетектегі баладай ілесіп жүре берді. Өңі өрттей, әлденеден секем алғандай қипақтап келеді. «Мың асқанға – бір тосқан» екенін енді сезгендей ме, атаманның ақыры таяғанын да түсініп тұр. Камераға кіргенде бірден сылқ түсті. Бұрын тергеу камерасында отырмаған, бірінші түсіп тұрғаны көзінен көрініп тұр, тап-тар тас қапасқа жалғыз қамаған соң көздері жыпылықтап кетті. Сәулет – психолог, адамды көзден таниды. Ол Сәулеттен алдымен бір дана темекі сұрады. Асықпай тартып алды. Тартқанда да құшырланып емес, қайғы жұтқан кісіше қалың ойға қамалып отырды. Неден бастап, неден аяқтарын білмей, дал күйдегі пенде секілденіп, абыржып та қояды.

– Ал, Нұрбол, енді бүкпесіз айтуға тиістісің. Заң талабы солай. Алдаймын деп өзіңе өзің ор қазып жүрме?

– Түсінікті.

– Бұл іске қашаннан әуессің?

– Үш жыл болды.

– Оған не түрткі болды?

– Жоқшылық.

– Ұрлыққа түсетін үйді кім көрсетіп отырды?

– Ешкім, өзім шешемін.

– Байқауымша, кілең дәулетті кісілерді таңдағансың…

– Иә, олар мемлекетті жеген мешкейлер. – Ім-м. Тіпті, кейбіреуіне екі-үш реттен ұрлыққа түскеніңді білемін.

– Енді.. енді жағдай солай болды. Ақшасы болған соң амалсыз қайталанды.

– Былай қарасам, үйлі-баранды адамсың. Бала-шағаң өсіп келеді. Келіншегің базарда сауда жасайды. Өзіңнің жұмыс істеуге құлқың жоқ. Отбасын асырау үшін күн-түн демей жұмыс жасауың керек еді ғой…

– Жолдас капитан, ондай моральды анау мес қарындарға айтыңыз. Солар бір жалақымен күнелтіп отыр ма? – Сенің біреуде жұмысың болмасын, әркім өзіне жауап береді. Адамды алдағанмен, Алланың алдында бәрі бірдей. Ол күнәһар ма, әлде жемқор ма, тиісті жазасын алады. – Так, ұрлықты кімнен бастадың? – Бағдәулеттен. Кәдімгі кәсіпкер ше? – Иә, танимын. Естуімше, сексен келі тартатын сейфті тонағансың. Оны бірөзің үйден қалай көтеріп шықтың? – Оның ешқандай қиындығы жоқ. Мен спортпен айналысқанмын, ондай салмақ маған түк емес. Шынында бұлшық еті ойнақшып тұр. Қолы қайратты. – Енді сейф қайда? – Әжетханаға тастадым. Тек ішінен ақшаны ғана алғанмын. Құжаттарға тигенім жоқ. Әжетханадан айғақ зат табылды, сырты кленкамен оралған. Ешбір құжат зақымданбаған. Қанша ұры болса да ұяты бар екен. – Байқауымша, есік алдында адамды жұлып жейтіндей төбет ұстайтындар бар. Одан қалай сескенбедің? – Жолдас капитан, ит – сезімтал аң. Адамның қорқып тұрғанын сезіп қояды. Сосын бас салады. Сәулеттің сауалы біраз уақытқа созылды. Күдіктінің жауабына аға уәкілдің таңданысы көп. Адамның жандүниесі ашылмаған арал, шешілмеген жұмбақ қой. Бірақ жасаған ұрлығына қарап, қайран қаласын. Біріншіден, үйде кісі бар кезде ғана ұрлыққа түседі. Екіншіден, қай үйде ақша барын, ол қай жерде жасырулы тұрғанын сезеді. Үшіншіден, қай заттың қайда тұрғанын мүлт кетпей тура айтты есте сақтау қабілеті мықты екен. Оны ұрлыққа түскен үйлерді аралау барысында байқатты. Өзі айтқандай, тайыншадай төбеттер тіпті, үруге шамасы келмеді. Бір бұрышқа басын тығып, үнсіз жатты. Ол ақша танығыш қасиетін де жасырмады. – Мен кешкілік ақшаны бетіме жайып, иіскеп жатамын. Сол иіс мұрынға әбден сіңген соң бай-шонжардың баспанасына жетелейді. Және бұрын мүлдем таныс емес үйге еркін кіріп, ұйқыдағы адамдардың үстінен аттап өтіп, діттеген жерден дәмелі затымды алып шығамын, – деді. – Есіктің құлыбын бұзбай ашатын қандай құрал пайдаландың? – деді Сәулет келесі сұрағында. – Оның ешқандай қиындығы жоқ. Құлыпқа сәйкес келетін кілт жетіп жатыр. Оған темекі тұқылын пайдаландым. Тұқыл құлыптың кертік-бүртік ішкі тістеріне қадалып қалып, жылтыр шарикті жылжытып, пружинаны сығымдайды, ары қарай оңай ашыла қояды. – Жарайды, солай-ақ болсын, қазір эксперимент жасаймыз. Камераның тас-түйін есігін аш. Менің көзімді жеткізген соң саған сенейін. – Ол үшін ескі-құсқы кілттер мен темекі берсеңіз… Алла сақтасын, өз кілтімен әрең ашылатын құлыптың сарт етіп ілмегі босанып кетті. Мынауың нағыз «медвежатник» болды ғой. Не десеңіз, о деңіз, Нұрбол кәнігі ұрыға жатпайды. Кәсіп қылып соңына түскен де емес. Тек қалтасы қағылып, қаражатсыз қалғанда амалсыздан барады. Өзі де кімнің үйіне ұрлыққа түсуді біледі. Белі ауырып, бақайы сыздап, қара бейнеттен маңдайынан тері сорғалаған сорлыға жуымайды, оларға жанашыр көңілмен қарайды. Олай дейтінім, ұрлық жасаған соң ақшасын оңды-солды жұмсамай, алдымен көшеде үйсіз жүрген пақырларды жарылқайды. Мешітке барып, садақасын салады. Әйтеуір қаражаттан қиналып, кірер есік, барар тауы таусылған пендеге қол ұшын беруге құмар. Бұған не дейсіз? Міне, осындай ұры… Ел болған соң есер де бар, елгезек те бар, еңбекке епті де, епсіз де бар. Сонда Нұрбол қайсысына жатады? Мүмкін епті шығар… Әлде есер ме? Нұрболдың әйелімен де сөйлесуге тура келді. Есімі Дана екен. Сұлу, сүйкімді келіншек. Жасы отыздың о жақ, бұ жағы. Базарда жалға алған бутигі бар. Сауда-саттықпен айналысады. Күнделікті ішіпжемін ақтайтын көрінеді. Дана алғашқыда сөйлесуден ат-тонын ала қашты. Нұрболдың не іспен айналысатынынан бейхабар болып шықты. Дегенмен дымы ішінде. Қасында жатқан байын білмейтіні өтірік. Үйге қомақты қаржы кіргенін әйелдің білмей қалуы мүмкін емес. Қанша жалтарса да қайда барады? Адам сырын айтам деп шынын айтады ғой, ол іштегі құпиясын ақтарып салды. – Нұрбол, нағыз спортшы. Ерінбейді, көп еңбектенеді. Әттең оған жақсы жаттықтырушы табылмады. Сонан кейін спорт екінші кезекке ысырылып қалды. Ол шыққан отбасы үлкен шаңырақ. Бауырлары бар, бірақ тығыз қарым-қатынаста дей алмаймын. Енеміз еншімізді бергенде, бір көрпе, екі жастық, текемет қосты. «Енді алақандарыңды жая бермей, өз күндеріңді өздерің көріңдер» деді. Содан бастап Нұрболдың мінезі өзгерді. Ел қатарлы өмір сүргісі келді ме, баспана салуға әрекеттенді. Ауы мен бауы құралмады. Шаршады. Ертелі-кеш жастыққа қисайып, ойлана беретін болды. Кей кездері жоғалып кетіп, екі-үш күн өтіп оралады. «Қайдан келдің?» десем, жауап қатпайды. Әйтеуір ақша әкеледі. Қайдан білейін, бір жерге барып, жұмыс істеп келген екен деймін де қоямын. Қай әйел ақшаны жек көреді, іштей тағы әкелсе деп тұратын болдым. Кейде күткендегіден көп мөлшерде әкеледі. Қуанып қаламын. Аздап алтын бұйым алдым. Бутигімнің заттарын арттыра бастадым. – Сонда ұрлық жасап жүргенін қалай сезбедіңіз? – Кейінгі кезде ол ұзақ уақытқа кетіп қалатын болды, – деді Дана шындықтың шымылдығын ашқысы келіп. – Мен де бір үйдің жалғыз қызы едім. Күйеуім туралы шешем айта бастаса мен жүре тыңдадым. Сөйте тұра оның кеңесіне көнбей, Нұрболды сүттен ақ, судан таза етіп, ақтап жүрдім. Бір артықшылығы, маған дауыс көтерген емес, айтқанымды сол заматта орындайды. Таңертең жұмысқа кеткенде, қызымды садикке апарады, алып қайтады. Ұлдың сабағын қадағалап, мектепке дайындап жібереді. Кешке үйге келгенде тамақ дайын, үй таза болады. Мұндай еркекті жер бетінен тауып көр. – Сонымен Нұрболдың ұры екенін білдіңіз… – Білдім. Қалтасында бума-бума ақша жүретін болды. Қалаға қатынағыш, қасына достарын ертіп, тойлататын әдеті көбейді. Артынан аңдуға көштім. Кафеде отырған жерінен үстінен түстім. «Пора-пора ақшаны қайдан алдың?» дедім. «Досым берді» деді. «Осының ісі шикі» деп соңынан ұстап алдым. Бірақ полицияға айтуға дәтім бармады. Өз күйеуімді өзім қалай ұстап берейін. Содан үнсіз қала бердім. – Дұрыс, Дана. – Енді Нұрбол сотталады. Жазаны жасаған қылмысына қарай тағайындайды. Дананың түрі өзгеріп кетті. – Біз қалай өмір сүреміз? – Елдің ішіндесіз, аш қалмассыз. – Соңғы сұрағым бар: «Нұрболмен кездестіресіз бе?» – Жарайды. Тек ертең. Дана үйіне кетті. Ертесіне әйелі Нұрболмен кездесті. Камера толықтай бақылауға алынды. Алда-жалда араларында қылмысқа қатысты мәселе қозғалса, бейнежазу қалт жібермейді. Дана егіліп, көз жасына ерік берді. Байқаймын, Нұрболды сүйеді. Қылмыскерге қимайды. – Жаным, енді біз қалай өмір сүреміз? – Саудаңды жасай бер, аштан өлмессіңдер. – Бізге қалдырған қаражатың жоқ па? – Бәрі бітті. Сосын сотқа келмей-ақ қой. Босқа көңілің босайды. – Нұрбол, бірдеңе деші… – Шатырда сөмке бар. Соның ішіндегі бірнеше өтімді деген заттарды сатып жібер. Енді үйге қайт! Нұрболдың нысанаға алған нүктесіне Данадан бұрын Сәулет жетті.

Шынында, бір сөмке зат. Дүрбі де бар, сағат, пышақ, қысқасы сөреге шығармай-ақ саудасы келіп тұрған дүние. Әлгі айғақ заттардың енді егесін білетін боламыз. – Нұрбол, мына дүрбі кімдікі? – Спандиярдың үйінен алдым. – Ол үйден тағы басқа қандай зат қолды қылдың? – Алтын сағат. – Мынау екен ғой. Ендеше Спандиярмен бетпе-бет кездесеміз. Оқиға қалай жасалды, соны барынша айтып бересің. – Жарайды. Алдымен Спандиярды телефонмен полиция бөліміне шақырды. «Полиция іздеп жатыр» дегесін, Жаппарқұлда жан бар ма, жетіп келді. – Сіздің үйіңізге ұры түскені туралы хабарыңыз бар ма? – Жоға, құдай сақтасын, оллаһи-биллаһи дейін… – Сейф қайда тұратын еді? – Подвалда. – Соңғы рет қашан көрдіңіз… – Есімде жоқ. – Так, мына заттарды танисыз ба? – Дүрбі менікіне ұқсайды. Сағат точно менікі. – Мұны қалай білмегенсіз? – Күнде сейфті ақтара бермейміз, керек затты ғана қараймыз да, жауып қоямыз. – Жақсы. Бара беріңіз. Келесі заттың иесі де келді. Ол өз дүниесін танығанда шоршып түсті. – Мынаны сен құрттың деп баламнан көріп жүрсем, мұнда екен ғой. – Үйіңізге ұры түскен. – Не дейд! Алла сақтасын… Заттар түгел таратылды. Бұлтартпас айғақ Нұрболдың қылмыскер екенін дәлелдеп тұр. Қазбалай берсе, тағы қанша зат шығарын бір құдай біледі. – Нұрбол, сен кей адамның үйіне бірнеше рет ұрлыққа түстің. Олар сезіктеніп қалып, сені аңдыған болар… – Мені жынды дейсіз ба, күнара бара беретін. Арасын суытып барам ғой. Дегенде адамы жоқ үйге кірмеймін. – Сонда қалай? – Ол таза ұрлыққа жатпайды. Қаруы жоқ адамға қару қолданған секілді. – Ондай да әдіс бар ма? – Әрине. Мен түнгі мезгілде, ел шырт ұйқыда жатқанда шығамын. Сол шақ ұрлыққа өте ыңғайлы. – Қанша үйді тонадың, сол ақша қазір қайда? – Негізі оңай келген олжа оңай кетеді екен. Мен соны сездім. Әйтеуір бір тылсым күш беталды жұмсауға итермелеп тұрады. Әйтпесе, миллионер болатын уақыт туды. Дегенде мен сізге ризамын.

– Не үшін?

– Мені ұстағаныңыз үшін. Басқа адам ұстауы мүмкін емес. Менің артымнан сезікті із қалмайды. Ұрлық жасаған күні міндетті түрде моншаға барамын. Әбден тазаланамын. Киім де жуылады. Сосын елдің көзіне түсе бермеуге тырысамын.

– Нұрбол, болар іс болды, бояуы сіңді. Енді өкінгенмен кеш. Түрмеде бос отырмай, өзіңді тәрбиеле. Ұрлық жасамауға өзіңді бейімде. Біреудің адал дүниесі сізге байлық болмайды. Наласы бар, одан жақсы болған адам көргенім жоқ.

– Көрермін! Қылмыстық іс сотқа өткізілді. Сот Нұрболды айыпты деп санап, алты жыл бас бостандығынан айырды. Қазір ол Шымкент түрмесінде жазасын өтеп жатыр.

Қаныбек ӘБДУОВ, журналист.

ҚЫЗЫЛОРДА ҚАЛАСЫ.

ӘЗ-НАУРЫЗДА ТӨГІЛГЕН НӘРЕСТЕНІҢ БЕЙКҮНӘ ҚАНЫ

«Счастье всего мира не стоит одной слезы на щеке...

Қаралы сырлар

Кешкі сағат сегіздер шамасы. Аспанды көмкерген қалың бұлттанба, жоқ...

ҚОРҚАУЛАР

...Елді қарық қылмай, сананы сансыратқан нарық заманы қысқан сәтте,...

Риэлторы

Эта драматическая история произошла осенью в начале 2000-х. Группа...

САБЫР ИЗ «УБОЙНОГО»

ВЫСТРЕЛ У ПОДЪЕЗДА Время на панели автомобиля высвечивало 05.10,...