Адам өмірінде материалдық байлықтан да маңызды дүниелер бар. Солардың бірі – рухани құндылықтар. Рухани құндылықтар адамның ішкі дүниесін байытып, оның өмірге деген көзқарасын қалыптастырады. Егер қоғамда рухани құндылықтар әлсіресе, адамдар арасындағы сенім мен сыйластық та төмендейді Сондықтан оқу, үйрену, тыңдау, іздену, талаптану әрбір өзін құрметтейтін адамның басты бағыты болуы керек.
Рухани құндылықтар – адамның ішкі дүниесін, адамгершілік қасиеттерін, мəдениеті мен дүниетанымын қалыптастыратын негізгі тірек. Біздің қазақта: «Салиқалы сана бер» – деген бата бар. Санадағы өзгеріс тұрмыстағы өзгеріс секілді көрініп тұрмағанымен, тұрмыстың түзелуіне бірден-бір əсер ететін сол. Əсіресе қазақ қоғамында отбасы тəрбиесі мен салт-дəстүрлер арқылы рухани құндылықтар ұрпақтан-ұрпаққа беріліп отырған. Бүгінгі таңда мемлекет тарапынан рухани құндылықтарды нығайту бағытында түрлі мəдени жəне қоғамдық іс-шаралар ұйымдастырылып келеді. Мысалы, ұлттық дəстүрлерді жаңғырту, мəдени фестивальдер өткізу, жастарға арналған тəрбиелік бағдарламалар қоғамның рухани дамуына ықпал етуде. Осындай бастамалардың басында – Рухани жаңғыру бағдарламасы тұр. Бұл бағдарлама ұлттық мəдениетті, тарихты жəне салт-дəстүрді дəріптеуге бағытталған. Сонымен қатар халықтың бірлігін, татулығын көрсететін ұлттық мерекелер де рухани құндылықтарды қалыптастыруға əсер етеді. Соның ішінде 1 наурыз Алғыс айту күні, 14 наурыз Амал мейрамы, 22 наурыз Наурыз мейрамы ерекше орын алады. Бұл мерекелер адамдарды жақсылық жасауға, бір-біріне көмектесуге, татулық пен достықты нығайтуға шақырады. Қоғамда қайырымдылық іс-шаралары мен волонтерлік қозғалыстар да кеңінен дамып келеді. Мұндай əрекеттер адамдардың мейірімділік, жанашырлық сияқты қасиеттерін арттырып, қоғамда өзара көмектесу мəдениетін қалыптастырады. Тағы бір маңызды мəселе – отбасылық тəр биенің əлсіреуі. Сондықтан, рухани құндылықтарды насихаттау – білім беру жүйесінде, мəдени саясатта жəне қоғамдық өмірде, ата-ана мен баланың ара қатынасында басты бағыттардың бірі болуы тиіс. Жастарды ұлттық мəдениетке, əдебиетке, тарихқа жақындату – рухани дамудың маңызды жолы. Осы құндылықтарды насихаттау, ұрпақ бойына сіңіру барысында өткен ойшылдарымыз бен бүгінгі сарапшыларымыздың пікіріне тоқтала кетсек. Мысалы, қазақтың ұлы ойшылы Абай Құнанбайұлы адамның кемелденуі оның рухани жетілуімен байланысты екенін айтқан. Ол өзінің қара сөздерінде адамды адам ететін қасиеттер – білім, ар-ұят, əділет жəне мейірім екенін атап көрсетеді. Əдебиет зерттеушісі Зейнолла Қабдолов рухани мəдениеттің қоғамдағы рөлін ерекше атап өткен. Оның ойынша, əдебиет адамның ішкі дүниесін тəрбиелейді жəне адамды ізгілікке, əділеттілікке жетелейді. Ғалым əдебиетті «адам жанының көркем шежіресі» деп сипаттай отырып, рухани құндылықтарсыз мəдениеттің толық қалыптаспайтынын айтады. Қазіргі күндері өз ортамызда, үлкен аудиторияларда өз тəлімін жүргізіп жүрген кəсіпкер, Instagram желісінде танымал белсенді бизнес-тəлімгер рухани даму жəне психология тақырыптарында контент жасаушы Айнұр Бектұрған ханым өз еңбектерінде рухани құндылықтарды ұлттық мəдениеттің маңызды құрамдас бөлігі ретінде қарастырады. Тəлімгер өзінің танымдық, психологиялық еңбегінде рухани мəдениетті дамыту үшін жастарды ұлттық əдебиетке, тарихқа жəне дəстүрлерге жақындатудың маңызы зор екенін атап өтеді. Ал əдебиет зерттеушісі Еркебұлан Дүйсембай да рухани құндылықтардың əдебиет пен мəдениет арқылы сақталатынын айтады. Оның пікірінше – көркем əдебиет халықтың рухани тəжірибесін, адамгершілік қағидаларын жəне өмірлік ұстанымдарын бейнелейтін ерекше құрал болып табылады. Қорытындылай келе, рухани құндылықтарды сақтау, дамыту əр адамның міндеті. Ұлттық дəстүрді құрметтеу, мəдениетті дамыту, жастарға дұрыс тəрбие беру арқылы біз қоғамдағы рухани байлықты нығайта аламыз.
Ұлбала ТІЛЕУҚЫЗЫ, «Заң газеті»


