12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img

Құралай БАЙМЕНОВА, Ақтөбе қалалық сал ауруына шалдыққан азаматтар одағының төрайымы: «БАРЛЫҚ ҚАМҚОРЛЫҚ БІЗГЕ ЖАСАЛСЫН ДЕУГЕ БОЛМАЙДЫ»

– Құралай Базарбайқызы, Ақтөбе қаласында мүгедектерге арналған екі көпқабатты тұрғын үй салынып, инватакси іске қосылды. Талапқа сай пандустар орнатылып, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың шипажайларда ем алуына жағдай жасалды. Қазіргі қоғамда мүгедектерге деген көзқарас та өзгерді. Десек те, олардың құқығы біздің елде толыққанды қорғалған деп айта аламыз ба?
– Біздің қоғамда 1,5 мыңнан астам адам тіркелген. Алайда бұл тек осынша адамға көмек, қолдау көрсетіледі деген сөз емес. Қазір шектеу шараларына, пандемияға қарамастан орталыққа көмек сұрап, хабарласатындардың қатары көп. Бізде қоғамдық қабылдау бар. Соңғы 5 жылда «құқығым бұзылды» деп арыз айтып, шағымданғандар болған емес. Тек жұмыс барысында «Халыққа қызмет көрсету орталығына бардым. Кезекте көп тұрдым, анықтаманы ала алмадым» деп шағым айтатындар бар. Алайда мен мұны мүгедектердің құқығын бұзу деп есептемеймін. Бұл сол сәттегі Халыққа қызмет көрсету орталығы маманының сапасыз жұмысы ғана. Жақында бір қыз баланы квотамен емделуге жібердім. Бір ай бойы дәрігер оның құжаттарын рәсімдеп, порталға қоя алмаған. Тек әкесі хабарласып, бізге шағым айтқаннан кейін ғана бұл мәселе шешімін тапты. Мүмкіндігі шектеулі адам бір ай уақытын жоғалтты. Бір сөзбен айтқанда, медициналық көмек алу құқығы бұзылды. Бірақ мұны үкімет жасап отырған жоқ қой. Жеке адамның, дәрігердің тарапынан жіберілген кемшілік. Кейде мүмкіндігі шектеулі азаматтар ауруханаға барады, кезексіз өткізбей жатады. Кейбіреулері жеке көмекші берілмегенін айтады. Заң бойынша, ол тек жұмыс істейтіндерге, оқитындарға, белсенді өмір сүретіндерге ғана қарастырылған. Көбісі оны түсінбей, жеке көмекші талап етеді. Ал төсек тартып жатқан адамдарға туыстары күтім жасайды. Инсульт, инфаркт алған адамдарға да туысқандары көмектеседі. Бірақ күтім үшін оларға ешқандай ақы төленбейді. Былтырдан бастап тек бала кезінен бірінші топтағы мүгедектерге күтімді жасайтын туыстарына жәрдемақы төлене бастады.
– Мүмкіндігі шектеулі азаматтардың көпшілігі қоғамға белсене араласады. Кейбірі мәдени шараларға барса, енді бірі спортпен шұғылданады. Бірі оқиды, жұмыс істейді. Облыста оларды тасымалдауға арналған инватакси қаншалықты жеткілікті?
– Қазір өңірде 10 инватакси жүріп жатыр. Бірақ ол жеткіліксіз. Ақтөбе қаласының өзінде 11 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі азамат тұрады. Бірінің көзі көрмейді, енді бірі нашар естиді. Олардың арасында сал ауруына шалдыққандар, психикалық дамуы шектелгендер, жалпы аурулары бойынша мүмкіндігі шектеулі адамдар бар. Бірақ олардың барлығы бірдей инватаксиге мұқтаж емес. Арбаға таңылып, өздігінен жүре алмайтын 1 топтағы мүгедектер ғана зәру. Кейде олар хабарласқанда, көлік болмай қалады. Мүгедектер «менің құқығым бұзылып жатыр, мен бара алмай жатырмын» деуі мүмкін. Алайда біз олардың құқығын бұзып отырған жоқпыз. Бар болғаны автокөлік паркі жеткіліксіз. Бұл екеуінің арасында өте үлкен айырмашылық бар. Мүмкіндігі шектеулі жандарға әлеуметтік және қоғамдық орындардың бәрі бірдей қолжетімді емес. Мәселен, сал ауруына шалдыққан адам пойызға отырғысы келді делік. Алайда, пероннан әрі қарай шыға алмайды. Ресейде мүмкіндігі шектеулі адамдарға осындай жағдай жасалған. Әр ғимаратта, әр мекемеде көру, есту қабілеті төмен адамдарға екі тілде бағыт-бағдар беретін тақтайшалар болуы қажет. Олар екі тілде болғаны жөн. Сол арқылы олар қандай қызмет алуы керектігін, қайда баратынын біледі. Көбіне мұндай тақтайша медициналық мекемелерде ғана бар. Басқа жерде бұл талап сақталмайды. Мүмкіндігі шектеулі спортшылар да көп. Ақтөбеде дене мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған спорт клубының құрылғанына 5 жылдан асты. Алайда әлі күнге дейін өз ғимараты жоқ. Алдағы уақытта ашылады деген үмітіміз бар. Бір ғана мысал, мен тұратын үй көпқабатты ескі үйлердің бірі. Ол салынған кезде пандус қарастырылмаған. Бұл жерде пәтер иелері кооперативі жұмыс істеуі керек. Сондықтан мүгедектерге қолайлы жағдай жасауда әлі де жетілдіруді қажет ететін тұстар жетерлік.
Тәуелсіздік алған 30 жылдың ішінде біраз нәрсе өзгерді. Осыдан 20 жыл бұрын орталық жұмысын бастағанда жұрт пандусты, оның неге керек екенін білмейтін. Мүгедек бала тәрбиелеп күтіп-баққаны үшін аналарына жәрдемақы, балаларға мемлекеттен жөргекпұл да берілмейтін. Қазір барлығы анағұрлым жақсарды. Бір айта кетерлігі, Ақтөбеде зағип балаларға арналған білім беру орталығы жоқ. Ересектер өздері жиналып, сырнай тартады. Қоғамдық жұмысқа араласып, өздерін-өздері тұлға ретінде дамытады. Келесі жылы Ақтөбеде мүгедектерге арналған сауықтыру орталығының құрылысы басталмақ. Спорт кешені салынбақ. Жылма-жыл жағдай жасалып жатыр. Оны көрмеуге болмайды. Бірақ
кемшіліктер де бар.
Мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жұмысқа тарту мәселесі қаншалықты өзекті болып отыр?
– Әрбір мүмкіндігі шектеулі адам жұмыс істегісі келеді, қосымша табыс тапқысы келеді. Алайда олардың барлығы бірдей жұмыс істей алмайды. Себебі денсаулығы жарамсыз. Қолынан келгенмен, сағаттап қызмет етуге жағдайы келмейді. Осы 20 жылдың ішінде талай адамға орталықта жұмыс істеуге ұсыныс жасадық. Қазір бізде 30 адам жұмыс істейді. Кез келген адам жұмыс істей алмайды. Өйткені, бұл – еңбек. Таңертең тұруың керек. Күн сайын адамдармен, құжаттармен жұмыс істеуің керек. Бұл дені сау адамның өзіне қиын. Қазір мен «зауытқа жұмыс істеуге 3 пайыздық квота беріңдер» деп байбалам салуыма болады. Бірақ онсыз да денсаулығы жоқ адамның өндірісте жарақат алмасына кім кепіл. Мұның шешімі қандай? Қазір қор тарапынан ұсыныс айтып келеміз. Заң бойынша, мүгедектерге жұмыс орындарының жалпы санының 3 пайызы мөлшерінде квота қарастырылған. Жұмыс беруші мүгедектерге төленетін еңбекақыны қорға аударып, кейін тек мүгедектерге арналған цехтар салынуы қажет. Мұндай пилоттық жобаны Ақтөбеде де жүзеге асыруға болады. Өйткені шетелдердің тәжірибесінде мүгедектерге арнайы ашылған жұмыс орындары бар. Әріптесіміздің бірі таяуда АҚШқа барып қайтты. Ол жерде «Тәуелсіз өмір орталығы» деген бар екен. Ментальды ауытқушылығы бар адамдарға арнайы екі қабатты үлкен ғимарат салынған. Сонда мыңнан астам адам жұмыс істейтін көрінеді. Ментальды ауытқушылығы бар адамдардың бір бөлігі түрлі бөлшектерді қорапқа салып, жинайды. Енді бірі кеңселерден шыққан керексіз құжаттарды арнайы құралдың көмегімен кесіп, жоюға жібереді. Осы жұмысы үшін олар аптасына 15 доллар алады екен. Кеңселермен арнайы келісімшарт та жасалған. Ал Қытайда мүмкіндігі шектеулі адамдар арнайы құбырды бүріп, әйнек құты шығарады. Ол бұйымды кейіннен бояп, түрлі мақсатқа қолданады. Израильде аутизммен ауыратын адамдар керексіз компьютерлерді бөлшектеп, бағалы металдарды бөлек-бөлек жинайды. Оның қажеттісін зауыттарға әкетсе, керексізін жоятын көрінеді. Яғни шетелдік тәжірибеде әр мүгедекке мүмкіндігіне қарай жұмыс істеп, табыс табуына жағдай жасалып отыр. Мұндай жобаны Ақтөбеде де жүзеге асыруға болады.
– Cөзіңізге қарағанда, мүгедектерге барынша жағдай жасалып жатыр. Бірақ кейде «әттеген-ай» дейтін тұстарыңыз да бар шығар?
– Бір жылдан бері бізді қинап отырған бір жағдай бар. Қарағандыда біздің әріптесіміз, арбаға таңылған мүгедек Александр Ивкинге «алаяқтық жолмен 160 млн теңгені жымқырды» деген айып тағылды. Сот шешімімен ол 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Мүмкін, ол қылмыс жасаған да болар. Ол жағы сотқа ғана белгілі. Алайда бізді 72 жастағы арбаға таңылған адамды темір торға қамағаны қинайды. Өйткені түрмеде оған ешқандай жағдай жасалмаған. Үндемей қалуға болмайды. Репрессия кезінде «халық жауы» деп тапқан адамдардың өзін қорғады емес пе?! Конституция бойынша, барлық адамның құқығы бірдей. Биыл Павлодар облысының экс-әкімі Болат Бақауов 200 млн теңге көлеміндегі экономикалық қылмысқа қатысы бар деген айыппен сотқа тартылған еді. Сол кезде аяқ-қолы сап-сау жігіт денсаулығына байланысты үй қамағына жатқызылды. Соңыра оған бас бостандығынан шектеу жазасы тағайындалды. Әкімнің қасында ол мүмкіндігі шектеулі адам емес пе?! Түрмеде арбаға таңылған адамның дәретке шығуы да мұң. Оның суға түсуі, дәке таңуы да қиын. Тіпті басқасын айтпағанда түзеу мекемесінің ішінде мүгедектік арбасымен қозғалуы да оңай емес. Бұл оның құқығын бұзу емес пе?!
Ол өзінің жазасына қатар бірнеше жазаны қоса арқалап отыр. Бұл оны қорлау, азаптау! Біздің жүйеде мұндай заңбұзушылықты кім жасамай жатыр. Егер мүгедек адам осындай заңсыздыққа барса, оған жағдай жасалғаны ғой? Оған бас бостандығынан айырмай, басқа жаза тағайындауға болмас па еді? Мені осы жағы қинайды. Бұл жағдай мыңдаған мүмкіндігі шектеулі адамдардың рухын құлатты. Тіпті үрейлендіріп қойды деуге болады. Ауру адамды осындай қатыгездікпен түрмеге жапқанда сау адамды үй қамағында ұстау қаншалықты әділетті?! Мен осыдан 30 жыл бұрын жол апатына ұшырадым. Ол кезде Ақтөбе облысының Мұғалжар ауданында мәдениет бөлімін басқардым. Небәрі 35 жастамын. Іссапарға шығуымыз керек еді. Оқиға болатын күні жүргізушім жұмысқа шықпай қалды. Көлікті басқа адам жүргізді. Ол мәдениет үйінің директоры еді. «Құралай апа, мен барайын» деді. Жол апатынан кейін омыртқама зақым келді. Кейін көлікті жүргізген жігіттің үстінен қылмыстық іс қозғалып, сот отырысы өтті. Прокурор оны 8 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Сол кезде мен зембілмен сот отырысына бардым. Мені көрген прокурордың сол кезде жылағаны әлі есімде. Оны бас бостандығынан айырмауын жалынып, сұрадым. Неге дейсіз ғой?! Өйткені ол адамға басшы ретінде мен де жауапты едім. Мен оны «Cен жүргізуші емессің, мәдениет үйінің директорысың» деп рөлге отырғызбауым керек еді. Ол небәрі 28 жаста еді. Сол кезде балалы болған. Сот оған 5 жыл шартты жаза берді. Түрменің аты түрме, ол жақтан ешкім түзеліп шықпайды. Оның тағдыры бүлінер еді. Мен осы әрекетім үшін әлі күнге дейін мақтанам. Ол 8 жыл түрмеде отырғанда мен орнымнан тұрып, жүгіріп кетпеймін ғой. Сол секілді Александр Ивкин Қарағандыда облыс әкімінің бұрынғы кеңесшісі, «Лайықты өмір» қоғамдық бірлестігінің бастығы болды. Оны соттаған кезде өңір басшысы мен мен облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы неге жауапқа тартылмады? Олар қарамағындағы қызметкерден жұмысты қабылдап, тексерген кезде не қараған? Олар да жауапкершілікті сезінуі керек қой. Жапония неге өсіп-өркендеп жатыр? Өйткені әр адам өз жауапкершілігін сезінеді. Заңды құрметтеу керек, оны орындау керек. Одан кейін заңды сақтау да керек. Сонда ешкімнің ешкімге наразылығы
да болмайды.
Мүмкіндігі шектеулі адам өзгелерден ерекше, өзімшіл болмауы керек. Қоғамда мүгедектерден бөлек туберкулезбен, онкологиялық аурумен ауыратындар, жалғызбасты, көп балалы аналар мен қарт адамдар бар. Әркімнің өз мәселесі бар. Сол себепті біз мүгедектердің мәселесін басты орынға қоймауымыз керек. Өйткені мүмкіндігі шектеулі адамдарға берілетін түрлі техникалық көмекшілер, яғни компенсаторлық құралдар, жәрдемақылар бюджет есебінен алынады. Яғни, бұл қаражат адамдардың салығынан құралады. Оларда күндердің бір күнінде «Бұл адамдарды неге қолдауымыз керек?! Мен сонда қашан өмір сүремін?!» деген сұрақ туындауы мүмкін ғой. Сол себепті өзімізден де басқа адамдардың барын ұмытпауымыз қажет. Барлық қамқорлық бізге жасалсын деуге болмайды.

Деректер мен дәйектер

Мүгедектердің құқықтары мен әлеуметтік қорғалуын қамтамасыз ету – мемлекеттің әлеуметтік саясатының маңызды бағыттарының бірі. Ақтөбе облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Бұлбұл Елеусінованың сөзінше, жыл басынан бері жұмыспен қамту органдарына 814 мүгедек жұмысқа орналасу мәселесімен өтініш білдірген. Оның 732-сі тұрақты, әлеуметтік, ақылы қоғамдық жұмыспен және қысқа мерзімді кәсіптік оқумен қамтамасыз етілген. «Бастау бизнес» жобасы бойынша 35 адам кәсіпкерлік негіздеріне оқуға жолданыпты. Оның ішінен мүмкіндігі шектеулі 9 адам шағын несие алса, осы санаттағы 43 адамға грант берілген. Бұдан өзге өңірде «Жұмыспен қамтудың 2020–2021 жылдарға арналған жол картасы» бағдарламасы аясында 56 адам жұмысқа тұрған. Облыс аудандарында тұратын мүмкіндігі шектеулі азаматтар да мемлекеттік қолдаудан тыс қалып жатқан жоқ. Биылдың өзінде 14 мүгедекке арнайы жұмыс орындарын жарақтандыру үшін жұмыс берушілердің шығынын өтеуге республикалық бюджеттен 7202,0 мың теңге қаражат бөлініп, Шалқар, Хромтау, Қобда аудандарында 3 жұмыс орны ашылды. – 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап мүгедектігі бар азаматтар үшін әлеуметтік қызметтер көрсету порталы іске қосылды. Бүгінгі күні портал бойынша мүгедектер арнайы тандауды қажет етпейтін техникалық жабдықтардың 24 түрін алуда. Төтенше жағдай кезінде де мүмкіндігі шектеулі адамдарға жан-жақты көмек берілді. Коронавирус пандемиясы жарияланған уақытта Ақтөбе облысының 1-3 топтағы мүгедектеріне, мүгедек – балаларға «Нұр Отан» партиясынан 50 мың теңгеден және 20 мың теңгеден жергілікті бюджеттен бір жолғы әлеуметтік төлемдер төленді. Жалпы мүмкіндіктері шектеулі азаматтарға әлеуметтік қолдау көрсету мақсатында биыл бюджеттен 2,6 млрд теңге бөлінді,– дейді Бұлбұл Ораққызы. Сонымен қатар тірек-қимыл аппараты және көру қабілеті бұзылған 800 мүгедекке «Инватакси» қызметі көрсетілуде. Бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен 62,7 млн теңге қарастырылған. Қазір Ақтөбе қаласынан бөлек облыстың 7 ауданында инватакси жұмыс істеп тұр. Мүгедектерге қызмет көрсететін үкіметтік емес ұйымдарға республикалық бюджеттен 87,5 млн теңге бөлініпті. Ақтөбе қаласында қазір қарттар мен мүгедектерге арналған интернат – үйі, жүйке аурулар интернат – үйі мен 18 жасқа дейінгі жүйке аурулары бар мүгедек балаларға арналған «Жайна» мемлекеттік-жекеменшік серіктестігі жұмыс істеп тұр. Шектеу шаралары кезінде 3 интернатта карантин жарияланып, індеттің алдын алу шаралары қатаң сақталған. Жыл сайын жергілікті билік Мүгедектер күні қарсаңында мүмкіндіктері шектеулі азаматтарға 910 млн теңге көлемінде біржолғы төлем төлейді. Бұл – мүмкіндігі шектеулі азаматтарға жасалып жатқан көмектің бір бөлігі ғана. Бастысы – өздерін мүгедек деп мүсіркегенді, кембағал деп кемсіткенді қаламайтын өр рухты, батыр жандар қоғамның толық мүшесі екендігін сезінсе болғаны.
Әңгімелескен
Жансая ЕСМАҒАНБЕТОВА,
АҚТӨБЕ ҚАЛАСЫ 

ОСОБЕННОСТИ НАЗНАЧЕНИЯ НАКАЗАНИЯ НЕСОВЕРШЕННОЛЕТНИМ

ЮВЕНАЛЬНОЕ ПРАВОСУДИЕ ЯВЛЯЕТСЯ САМОЙ, ПОЖАЛУЙ, ЧУВСТВИТЕЛЬНОЙ СФЕРОЙ СУДЕБНОЙ СИСТЕМЫ,...

КТО ЗАЩИЩАЕТ МАЛЫЙ И СРЕДНИЙ БИЗНЕС В КАЗАХСТАНЕ?

Сфера государственных закупок в Казахстане давно стала ассоциироваться с...