Райымбек ауданының тұрғындары үшін ауыл шаруашылығы тіршілік көзі ғана емес, өмір сүру тұтқасы десе де болады. Дегенмен жергілікті халықтың айтуынша, елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге тікелей ықпал ететін бұл саланы одан әрі дамытуға мүмкіндік жоқ. Себебі, егістік, жайылымдық жерлер жетіспейді. Жергілікті атқарушы билік тарапынан жер бөлу мен оның пайдаланылуын, жалпы жер заңнамалары талаптарының сақталуын бақылаудың әлсіздігі осы мәселеге өз әсерін тигізіп отыр. Жерді тиімсіз қолдану, жауапсыздық салдарынан көптеген мәселелер туындауда. Тіпті мал азығының жетіспеушілігіне, соған сәйкес мал санының азаюына әкеп соқтыратын салдарын айтпағанның өзінде, халықтың өмір сапасына, облыстың агроөнеркәсіптік кешенінің, аудан экономикасының даму қарқынына кері ықпал етуде. Осыған байланысты бүгінгі күні ауданда жер бөлу, пайдалануды түбегейлі жүргізу бірінші кезектегі мәселе болып отыр. Ондағы басты мақсат – пайдаланылмаған жер телімдерін мемлекет меншігіне қайтару. Алматы облысының әкімі Қанат Бозымбаевтың өткен сенбі күні Райымбек ауданына барған сапарында осындай өзекті мәселелер көтерілді, — деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.
«Аудан тұрғындарының әл-ауқаты жермен тікелей байланысты. Ірі компанияларға жақсы жер учаскелері бөлініп беріліп, ол жерлер мақсатына сай пайдаланылмай, тіпті мүлде пайдаланылмай жатқан жайттар да кездеседі, бірақ мемлекет меншігіне қайтарылмаған. Маған да, басқаға да жоқ деп бұлай қарап отыруға болмайды ғой. Біз не мал басын көбейте алмаймыз, не картоп егістігін ұлғайта алмаймыз. Соның бәрі суармалы жер мен жайылымның жетіспеуінен туындап отыр. Осыған шара қабылдап, жерге ревизия жүргізсеңіздер, сонымен бірге жер учаскесін беру конкурсын ұйымдастыру мен өткізуге ерекше мән берулеріңізді сұраймын», — деді аудан тұрғыны Мақсат Ілиясұлы.
Қанат Бозымбаев жер мәселесінің тұрақты бақылауда екенін жеткізді. «Жер мәселесі көп ауданда бар, тұрғындар үнемі жер жетпейді, жер заңнамалары бұзылған деп мәселе көтереді. Қазір менің орынбасарым жетекшілік ететін арнайы комиссия өңірлерді аралап жүр. Шілде айында көрші Кеген ауданына келеді. Әзірге аудан әкімдіктері жергілікті жерлерде осы бағытта белсенді жұмыс істеуі керек. Жерге жауапсыз қарағандар болса, оларға қатысты тиісті шара қабылданады. Заң бәріне ортақ», — деді ол.
Атап өтсек, өңірлерде аудан, қала әкімдіктері облыстық жер инспекциясымен бірлесіп, пайдаланылмай жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтару және заң бұзушылықты жою жұмыстарын жүргізуде. Бұл ретте Ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан облыстың 16 аудан, 1 қаласында 450 мың га жерге жоспардан тыс тексеру жүргізу тапсырылған, соның ішінде Райымбек ауданы да бар. Тиісті хабарламалар жолданды. Оған қоса прокуратура органдарымен бірлескен тексерудің нәтижесінде пайдаланылмай жатқан 350 жер учаскесі анықталған.
Сол сияқты суару суының жетіспеушілігі ауыл шаруашылығының дамуын тежейтін тағы бір күрделі мәселеге айналып отыр. Жалпы ұзындығы 12 шақырымнан асатын 6 магистралды каналды күрделі жөндеуден өткізу бұл мәселені шешуге оң ықпал етеді. Аудан тұрғындарының айтуынша, алдымен неғұрлым көп жер учаскесін қамтитын, мәселен, Казачий, «Жаңа жеміс» сияқты каналдарды бірінші кезекте жөндеу керек. Сонда 15 мың гектардай суармалы жер айналымға қосылады. Қазір жобалық-сметалық құжаттамаларды дайындауға қаржы қажет.
Қанат Бозымбаев бұл проблемалардың да назарда екенін айтты.
— Бұл мәселелер туралы Мемлекет басшысына хабарладым. Президент тарапынан барлық қолдау көрсетіледі. Республикалық бюджеттен облысқа 97 млрд. теңге бөлінеді, соның шамамен 40 млрд. теңгесі ирригациялық жүйелерді, су қоймаларын қайта қалпына келтіру мен жаңғыртуға, салуға, сол сияқты жалпы егіс алқаптарының көлемін ұлғайтуға бағытталған мәселелерді шешуге жұмсалатын болады. Сіз айтып отырған жобаға 6 млрд. теңге қарастырылған. Бірақ жағдайды ескеріп, қосымша тағы қаржы қарастырамыз. Әзірге құжаттарды дайындаңыздар. Көмектесеміз, — деді облыс басшысы.
Бірнеше ауылдық мәдениет үйлерін күрделі жөндеу – халықтың көкейіндегі мәселенің бірі. Солардың бірі Сарыжаз ауылындағы мәдениет үйін де жөндеу қажет. Облыс әкімі ғимарат апатты жағдайда болғандықтан жөндеуге келмейтінін айтты. Сондықтан оның орнына типтік үлгіде жаңа нысан салынады.
— Ауыз су, медицина, білім беру, мәдениет, жол, суармалы су – бұлар бірінші кезекте шешілуге тиісті мәселелер. Осы бағытта үздіксіз жұмыс жүргізулеріңіз керек, — деді Б.Бозымбаев.
Кездесуде «Нарынқол ауылында балалардың өнер орталығын ашуға бола ма?», «Ауыл шаруашылығы техникаларының жетіспеушілігі қашан жойылады?», «Бесінші сервистік-дайындау орталығы қашан ашылады?» — деген сұрақтар да қойылды. Медбике мамандығын алған көп балалы ана жұмыс табу мен тұрғын үй мәселесінде қолдау көрсетуді сұрады. Ал ісін енді бастаған кәсіпкер бизнесін жүргізу барысында қолбайлау болған бюрократиялық кедергілерге шағым айтты. Жамбыл ауылдық округінің тұрғыны аудандағы туризмді жол мәселесі тежеп отыр деді. Нарынқолдықтар өңірдің әсем табиғатын қорғауды ерекше бақылауға алу керек деп есептейді. Сол сияқты олар суармалы су тарифінің дұрыс есептелмеуіне де тоқталды.
Қанат Бозымаев аудан әкімдігіне ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу бағытына инвестор тарту жұмысын жандандыру керектігін айтты. Себебі Райымбек ауданы картоп өсіруші өңір саналғанымен мұнда әлі бірде бір картоп өңдейтін кәсіпорын жоқ. Ал ауданда өнімнің небары тек 4%-ін ғана ұзақ мерзімге сақтайтын орнына жинауға мүмкіндік бар. Ауданда тауарлы сүт фермасы да, жылыжай да жоқ. Оған қоса аудан өнеркәсіпке инвестиция тартудан облыста соңғы орында. Сондай-ақ тұрғындарды баспанамен қамту, сапалы ауыз су беру, шағын және орта бизнеске қолдау көрсету ісін ширату қажет. Алдағы газдандыру жұмысын да үнемі бақылауда ұстау керек.
Кездесуден кейін облыс әкімі жеке азаматтар үшін қабылдау өткізді.
Атап өтсек, ауданға сапары кезінде Қ.Бозымбаев проблемалық мәселелері бар бірқатар нысандарды аралады. Сол қатарда күрделі жөндеуді қажет ететін аудандық ауруханада, апатты жағдайдағы «Жаңа жеміс» магистралды каналында, 1967 жылы салынған бастауыш мектеп ғимаратында, Сарыжаз ауылындағы мәдениет үйінде болды. Бұл нысандардың әрқайсысына қатысты тиісті шешімдер қабылдау туралы тапсырмалар берілді.
Өз тілшіміз,
Алматы облысы