Қазақстанда кезекті рақымшылық заңы қабылданды. Бұл ел тәуелсіздігін алғаннан бергі оныншы рақымшылық. Заң ауыр емес және орташа ауыр қылмыс жасаған, әлеуметтік осал топқа жататын азаматтарды түрмеден босатуды көздейді. Жемқорлық, терроризм, экстремизм, азаптау сынды баптармен сотталғандар рақымшылыққа ілінбейді.
Жалпы рақымшылық заңы гуманизм қағидаты негізінде қылмыстық саясатты ізгілендіру мақсатында қолға алынып отыр. Заң жобасында азаматтар мен мемлекеттің қауіпсіздігіне елеулі қатер төндірмейтін қылмыстар жасағаны үшін сотталғандарды, соның ішінде азаматтардың әлеуметтік осал санаттарын, кәмелетке толмағандарды, кәмелетке толмаған балалары бар әйелдерді, сонымен қатар жүкті әйелдерді, Ұлы Отан соғысына қатысушылар мен мүгедектерді, сонымен бірге оларға теңестірілген адамдарды, зейнеткерлерді, мүгедектерді және басқаларды босату ұсынылған.
Осы жолғы рақымшылық аясында 4,1 мың адам босатылады деп күтіліп отыр. Оның 632-сі — қамау мекемелерінен, 3,5 мыңы пробациялық бақылаудан босатылмақ. Бұған қоса, түрмедегі 5,4 мың тұтқын, пробациялық бақылауда жүрген 5,5 адамның жазасы қысқартылмақ. Жалпы есептегенде жазаны қысқарту 11 мың адамға қатысты жүргізіліп жатыр. Рақымшылық заңына 833 әйел ілінбек, оның 109-ы босатылады, 724-інің жазасы қысқартылады. Қазақстанның тәуелсіз тарихында 9 рақымшылық болған. Соңғы рет ірі рақымшылық 2021 жылы Қазақстан тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай жарияланып, шамамен 1 мың адам түрмелерден босатылған болатын. 4 мың адам пробациялық бақылаудан босатылған. 2022 жылы қарашада Қаңтар оқиғасына қатысушыларға қатысты тағы бір шағын рақымшылық жүргізілді.Сонымен қатар ауыр және аса ауыр қылмыстар үшін сотталған адамдарға да жаза мерзімі қысқартылады. Атап айтқанда, сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденіп алғаны немесе ысырап еткені, не аса ірі мөлшерде алаяқтық жасағаны үшін сотталған адамдар үшін келтірілген залал мен қойылған талап-арыздар толық өтелген жағдайда негізгі жазаның өтелмеген немесе орындалмаған бөлігі бестен бір бөлікке қысқартылады.
Бұл ретте рақымшылық Заңы төмендегі жағдайларда қолданылмайды:
- Террористік қылмыстар жасағандар;
- Экстремистік қылмыс жасағандар не экстремизм белгілері бар қылмыстар;
- Азаптаулар жасағандар;
- Қылмыстардың қайталануы немесе қауіпті қайталануы кезінде жаза тағайындалған;
- Өлім жазасы кешірім жасау тәртібімен бас бостандығынан айырумен ауыстырылған, сондай-ақ өмір бойына бас бостандығынан айыру тағайындалған;
- Қылмыстық топтың, ұйымдасқан топтың, қылмыстық ұйымның, қылмыстық қоғамдастықтың, трансұлттық ұйымдасқан топтың, трансұлттық қылмыстық ұйымның, трансұлттық қылмыстық қоғамдастықтың, террористік топтың, экстремистік топтың, банданың немесе заңсыз әскерилендірілген құралымның құрамында қылмыс жасағандар;
- Оларға қатысты жаза орындалған және жазасын өтегендер;
- Жиынтығы кезінде олардың біреуі Заңның қолданылу аясына жатпайтын қылмыстық құқық бұзушылықтар жасағандар;
- Үкімдердің жиынтығына кіретін, олардың біреуі Заңның қолданылу аясына жатпайтын қылмыстық құқық бұзушылықтар жасағандар;
- Жазаны өтеудің белгіленген тәртібін қасақана бұзушылар деп танылған немесе жазаны өтеу кезінде қасақана қылмыс жасаған.
Рақымшылықтың экономикалық тұрғыдан да, сот саласындағы жазаны ізгілендіру тұрғысынан да маңызы зор.
Г. М. Биназарова, Алматы қаласы Әуезов аудандық сотының судьясы