«Соттың беделі – мемлекеттің беделі». Бұл осы жүйеде жүрген әрбір судьяның ұстанымы. Сот жүйесі уақыттың сын-қатерлеріне сәйкес үздіксіз жетілдіріліп келеді. Заңды сақтау әрбір судья үшін бұлжымас талап. Судьялардың міндеті – кәсіби заң маманы болу, ұйымшылдықтың, мәдениеттің және жауапкершіліктің үлгісін көрсете білу. Бұл мақсатқа қол жеткізуде ең алдымен судьялық кадрларды жақсартуға және соттардың тәуелсіздігін күшейтуге мән беріледі.
Осы тапсырмаларды орындау үшін Жоғарғы Сот 2018 жылдан бастап «Сот төрелігінің жеті түйіні» деп аталатын жаңа жобалық менеджментті іске қосты. Бағдарлама аясында қолға алынған «Мінсіз судья», «Үлгілі сот», «Әділ процесс», «Сапалы нәтиже», «Smart-сот», «Коммуникациялық стратегия» және «Сотқа дейін, сотта татуласу» сияқты ірі жобалар өз нәтижесін беруде. Әр жобаның бағыты мен мақсаты өзгеше болғанымен, негізгі идея ортақ, ол – халықтың сотқа деген сенімін арттыру.
Соның ішінде судьяларды іріктеу тәртібі түбегейлі өзгерді. Уақыт сұранысына сай судья кадрларын іріктеудің күшейтілгенін атап айтуға болады. Бұл шындап келгенде халық сеніміне ие болудың бірден-бір кепілі. 2019 жылға дейін үміткерлердің 25 пайызы судьялыққа өтсе, 2019 жылдан бері үміткерлердің тек 6 пайызы ғана конкурстан өткен. Бұл тек мінсіз кандидаттар ғана судьялық лауазымға өте алады деген сөз. Сондай-ақ, жұмыс істеп жүрген судьяларды бағалаудың жаңа жүйесі енгізілді. Олардың тәуелсіздігін арттыру үшін судьялардың өзін-өзі басқару органдары қайта құрылып, барлық судьяларға сот жүйесінің маңызды мәселелерін шешуге қатысуға мүмкіндік берілді. Облыстық соттардың сот алқаларының төрағаларын конкурстық іріктеу енгізілді. Сот төрағаларының өкілеттіктері екі мерзіммен шектелді. Азаматтық процесте соттың рөлі күшейе түсті. Егер бұрын процесте судья талап арыздар мазмұнымен шектелген болса, қазір оған істің барлық мән-жайын анықтау үшін бастама көтеру өкілеттігі берілген. Ол тараптар ұсынбаған дәлелдемелерді талап етуге, тараптармен істің мән-жайын талқылауға, процесс барысында тараптардың дәлелдері туралы өз пікірін айтуға құқылы. Сондай-ақ, тараптардың татуласуы үшін қосымша жағдайлар жасалды.
Осы ретте судьялардың сот төрелігін жүзеге асыру сапасына да баса көңіл бөлінді. Судьяның мемлекет атынан шығарған әр сот актісі көпшілікке түсінікті, заңды, негізді болуы үшін жаңа ереже қолданысқа енгізілді. Онда судьялар сот актісін шығаруға негіз болған жайларды тараптарға түсіндіруден бастап, сот актісін жасақтауға қойылатын нақты техникалық талаптарға дейін қамтылған.
«Мінсіз судья» жобасының мақсаты – адал, әділ, намысты, ардан аттамайтын, жоғары кәсіби қабілетті, мінсіз судьяны қалыптастыру еді. Сол үшін судьялар жұмысының сапасына, моральды-этикалық қабілетіне, тәуелсіздігіне ерекше мән берілді. Судья екі тарапты да бірге шақырып алып, оларды еш кедергісіз теңдей тыңдап, әр талабы мен шағымына мұқият зер салып, сот шешімін шығаруға негіз болған жайттарды сауатты әрі қарапайым тілмен тараптарға түсіндіріп беруі тиіс.
Судья – сапалы сот актісімен, шағымға берген жауабымен, сөйлеу мәдениетімен мінсіз атана алады. Әр судьяның процесс барысындағы жүріс-тұрысы, қызметі, өзін ұстауы, білімі мен біліктілігі сот залындағы бейнежазба бақылауында. «Мінсіз судья» қалыптастырудың басты қағидасы Судьялық әдеп кодексінде толық қамтылған. Онда судьялардың қызметтегі және қызметтен тыс уақыттағы мінез-құлқы мен жүріс-тұрысының нормасы бекітілген.
Әр судья жан-жақты білімді, мәдениетті, парасатты болса, оған қоса өмірлік те, кәсіби де мол тәжірибесі бар, жақсы мен жаманның ара жігін ажырата білетін, ары таза, адамгершілігі мол, әділетті шешім шығаратын, заңсыз қоқан-лоққыдан қорықпай, қашан да қайсарлық танытатын тұлға болғанда ғана нағыз «Мінсіз судья» атанады. Ол үшін ешбір бағдарлама да, жоба да қажет емес. Тек қатаң талапты ұстанып, заң мен ар алдында адал болса жеткілікті.
Айдарбек Тленов,
Маңғыстау облыстық мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының төрағасы