12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img

Рүстем МЫРЗАКӘРІМ, Батыс Қазақстан облыстық сотының төрағасы: «СОТ ПЕН ХАЛЫҚТЫҢ ТЫНЫСЫ БІР»

– Рүстем Мырзакәрімұлы, соңғы жылдары еліміздің сот саласы көптеген өзгерістерге ұшырады. Жаңашылдыққа, жаңа форматқа көшті. Батыс Қазақстан облыстық соты осы үрдістің көшіне қалай ілесуде? Облыстық соттың бүгінгі жай күйі жайлы айта отырсаңыз?

– Сот жүйесі де кез келген тірі ағза сияқты сыртқы құбылысқа бейімделу қасиетіне ие. Сол себепті жаңашылдыққа, жаңа форматқа көшуде Батыс Қазақстан облыстық соты ешқашан жаңалықтан қалыс қалған емес. Оған қоса халық игілігі үшін республикалық деңгейде орын алып жатқан оңды өзгерістердің біраз бөлігі біздің өңірден бастау алғандығын атап өтуге болады. Қазіргі уақытта Батыс Қазақстан облыстық сотында жалпы саны 17 судья қызмет атқаруда, оның 6-ы қылмыстық істер, 7-і азаматтық істер және 3-і әкімшілік істер бойынша төрелік етеді. Апелляциялық алқаның судьяларының әрқайсысы әділеттілік пен заңдылықты ту еткен жандар.

– Мемлекет басшысы соттардың ашықтығы мен қолжетімділігі мәселесін жиі көтеріп жүр. Осы тұрғыда, облыс судьяларының қоғаммен байланысы, қарым-қатынасы қалай? Судьялардың жұмысын қарапайым халық қалай бағалап жүр?

– Әрине, екі дауласқан тараптың бірдей көңілінен шығу мүмкін емес, заңдылықты мойындау біреуге ерте, біреуге кеш келеді. Бірақ азаматтардың бұзылған құқығын қалпына келтіру, сот төрелігін әділ атқару, дауын шешуді сұрап келген тұлғаны ести білу күн тәртібінен бір күн де түскен емес. Облыстық соттың есігі өз уәжін айтуға келген қарапайым халыққа қашанда ашық. Өздеріңізге белгілі, соттың әлеуметтік желіде өз парақшалары бар, пікір білдірген әрбір азаматтың ойы терең зерттеліп, дер кезінде кері байланыс орнатылады. Халық аузында жүрген істер бойынша уақытылы толық ақпарат берілуде, істердің басым көпшілігі, олар бойынша сот актілері ашық әрі қолжетімді. Кез келген төңіректің өз ерекшелігі бар, сол сияқты киелі Ақжайық өңірінің тумалары өжеттілігімен, ойын бұқпаламай, тік айтатындығы белгілі. Осы ретте, олардың бірі мақтаса, бірі даттауы қалыпты құбылыс. Бірақ соңғы кездері алғысын айтуды жат көрмейтін сотқа қатысушы тұлғалар саны артып келеді. Соттардың халықпен тынысы бір, себебі халық арасында туындайтын дауды шешудің негізгі кілті – оның бастапқы негізіне үңілуде, яғни күнделікті тіршіліктің денін сезіне білуде.

– Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында көптеген заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, гуманизация, сотқа дейінгі татуласу, медиация, Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс секілді құжаттар қатарға қосылды. Сот жүйесіне бұл өзгерістердің көмегі мен жеңілдігі болды ма?

– Әрине, өзгерістердің оң нәтижесі болып жатқандығы сөзсіз. Себебі, бұл өзгерістер алдын ала сараланып, орын алған мәселені толықтай зерттеп, халықаралық тәжірибемен танысып, халықтың сұранысын ескеріп жасалған. Республика деңгейіндегі статистикалық мәліметтерге сүйенсек, қылмыстық істер бойынша ауыр және аса ауыр қылмыстар бойынша ақталғандар саны 2018 жылға дейінгі көрсеткіштермен салыстырғанда 7 есеге, тергеу мен прокурорға қамақта ұстауға санкция беруден бас тарту 5%-дан 15,6%-ға өсті, әкімшілік әділет құрылғаннан кейін мемлекеттік органдар адамдармен және бизнес дауларында жеңілу көрсеткіші 15%-дан 55%-ға өсті, 320 шенеунікке 18 млн теңге шамасында айыппұл салынды. Ал сотқа келіп түсетін істердің 70% жуығы азаматтық істер, сол себепті осы санаттағы істерде дауларды шешудің соттан тыс тетіктерін дамыту ерекше маңызға ие. Елде барлығы 87 медиациялық орталық жұмыс жасауда. Қазіргі уақытта талап қою өндірісіндегі істер міндетті түрде судья бітімгермен тараптарды бітімгершілікке шақыру жүзеге асырылып, көбіне істер қысқа уақыт ішінде аяқталады. Даусыз істер бойынша соттардың жүктемесі азайып, соның есебінен судьялар күрделі іске уақыт бөліп, жанжақты зерттеуге мүмкіндігі арта түсті. Сонымен қатар, аумақтан тыс соттылық заңды күшіне еніп, қолданысқа түсті. Ол республика деңгейінде сот жүктемесінің бірыңғайлығын жүзеге асыруға және істі объективті қарауға өз септігін тигізіп отыр.

– Резонансты істерді қарау қаншалықты қиын? Судьяларға істер қалай бөлінеді, олардың жүктемесі жайлы не айтар едіңіз?

– Жалпы кез келген істің өзіне сай ерекшелігі және қиындығы бар. Оған бөгде адамдардың назары ауып, жанжақты қызығушылық пайда болғанда, ол судьяға қосымша моральдық ауыртпашылық туғызады. Осы орайда БАҚ өкілдерінің кәсіби деңгейі үлкен маңызға ие, себебі бір тараптың тапсырысы бойынша сол тарапқа тиімді жағын жариялап, оған қолайсыз жағын жасырып қалу, халық арасында іске қатысты теріс пікір қалыптастыру, дау қандай жағдайда дұрыс шешіледі деп сананы алдын ала арбау – сөзсіз теріс қылық. БАҚ-та күдікті тұлғаға қатысты үкім заңды күшіне енбей, оның кінәлі немесе кінәсіз деп мәлімет тарату – заңсыз, өз рейтингін асыру мақсатында болмағанды болды деп көрсету, жариялау сот қызметіне ауыр салмақ. Бірақ судьялар үшін қашанда заң үстемдігі маңызды. Ел мүддесі үшін халықтың құқықтық санасын дамытуда БАҚ сот жүйесімен бір толқында жұмыстануы қажет.

– Күрделі істердегі адвокаттар мен прокурорлардың жауапкершілігі жайлы не айтар едіңіз?

– Құқығы бұзылған тұлға бірінші кезекте сотқа емес, адвокаттар мен прокурорларға жүгінуі қалыпты құбылыс. Өкінішке орай адвокаттардың барлығын бірдей өз ісіне адал, бірінші кезекке қорғауындағы тұлғаны қояды дей алмаймыз. Кей кездерде өзінің мүддесін алдыңғы орынға қоятындар да кездеседі. Олардың жауапкершілігі уәкілетті тұлғамен қаралып, тиісті шаралар қолданары анық, бірақ әрқашан мәселенің салдарымен емес себебімен күрескен абзал. Тиісінше адвокаттардың заңсыз әрекетімен күрескеннен бұрын ондай жағдайдың алдын алуға ден қою керек, себебі, адвокаттар мен прокурорлардың өз міндеттеріне салғырт қарауы азаматтардың онсыз да бұзылған құқықтарын аяқ асты етуге әкеліп соғады. Бұл өкінішті болса да ащы шындық. Бірақ соңғы жылдары адвокаттар мен прокурорлардың біліктілігі, жауапкершілігі артты. Олардың басым көпшілігі өз істерінің нағыз майталмандары деуге болады.

– Судьялар тарапынан орын алатын қателіктер болса, оларды қалай жоюға болады? Қазылардың біліктілігін көтеру үшін қандай шаралар атқарылып жатыр?

– Кез келген адамға тән қателесу қасиеті өкінішке орай судьяларда да кездесіп жататыны жасырын емес. Ол қателіктерді болдырмау, олардың алдын алу әрқашан бірінші кезекте және 24/7 күн тәртібінде, заңның сақталуы үнемі басты назарда. Бірақ қателіктердің барлығы жіті талқыланып, себебі анықталып, тек өрескел заң бұзушылыққа жол берілгенде ғана судьяның ары қарай сот төрелігін жүзеге асыру мүмкіндігіне қатысты мәселесін қарауға болады. Жыл сайын судьяларға талап күшейіп, түскен шағымға қатысты қатаң шаралар қолданылып жатыр. Судьялардың біліктірін арттыру бірінші кезекте әр судьяның өзіне байланысты, себебі, қазіргі таңда білім деңгейін арттыруға ниетті судьяларға барлық жағдай жасалған, облыстық соттағы оқу орталықтарынан бастап, Жоғарғы Сот ай сайын оқу семинарлары, Сот төрелігі академиясында біліктілікті арттыру курстарын өткізеді және Болашақ бағдарламасымен шетелде білім алу мүмкіндіктері де бар.

– Апелляциялық сот процестерінің басым бөлігінде шешім өзгеріссіз қалып жатады. Жалпы, шешімді терістеудің қиындығы неде?

– Бірінші сатының қателігін дұрыстаудың апелляциялық және кассациялық алқамен жүзеге асырылуы заң белгілеген тәртіп негізінде жүзеге асады. Ол дамыған алдыңғы қатардағы мемлекеттерде де кездесетін, қалыптасқан үрдіс. Сот шешімін терістеу оңай шаруа емес, себебі, тараптардың әр уәждеріне заңдық баға берілген судьяның «өнімін» қайта өңдеу тиісті біліктілік пен табандылықты талап етеді. Оның қиындығы да осында. Бірақ таразы басында тағдыр тәлкегіне түскен тұлғаның өмірлік құндылыққа ие мәселесі тұрғанда жауаптылық пен бейтараптылық әділеттілік жолындағы алға жетелеуші факторлар болатындығы анық.

– Соңғы кездері сот жүйесінде үлкен өзгерістер орын алып жатыр. Жаңа технологиялар, жаңа толықтырулар мен өзгерістер. Судья заманауи процестерден сырт қалмас үшін не істеу керек?

– Соттардың ІТ технологияларды қолдануы күннен күнге артуда. Халықаралық рейтингтерге сай, Қазақстан бұл мәселеде 45 елдің рейтингісінде 4-ші орында, Латвия, Эстония және Португалиядан кейін. Қазіргі уақытта процестердің көпшілігі онлайн түрде, істер электронды форматта жүзеге асырылады, сотқа талап қоюды сот кабинеті арқылы үйден шықпай ЭЦҚ-мен растап тапсыруға болады. Сот залдары 100% бейне-аудио жазбамен жабдықталған. Бұл үрдіс жалғасын тауып, әрі қарай дамитындығы сөзсіз. Ал судьяның заманауи процестерден қалыс қалмауы үшін өз кезегінде оқу курстары жүргізіліп, жаңадан тағайындалатын судьяларға қойылатын біліктілік талаптарының біріне енгізсе артық етпейді.

– Мемлекеттік тіл мәселесі өзге салалар секілді сот саласында да өзекті. Батыс Қазақстанның контингенттік ерекшелігі тағы бар. Жалпы, өңірдегі мемлекеттік тілдің тыныс-тіршілігі жайлы, соттағы үлес салмағы жайлы не айтар едіңіз?

– Биылғы жылды қарастырсақ аудандық соттарда азаматтық істер бойынша 21%, қылмыстық істер бойынша 40% және әкмшілік істердің 42%-ы мемлекеттік тілде түсіп, қаралған. Яғни, қуантарлығы мемлекеттік тілде келіп түсетін істер саны артуда. Ахмет Байтұрсынұлының: «Өз тілімен сөйлескен, өз тілімен жазған жұрттың ұлттығы еш уақытта адамы құрымай жоғалмайды. Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тілі. Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады» – деген тағылымға толы ойлары қазірге дейін өзектілігін жоғалтқан емес. Қолданысты заң талаптарына сай, соттар сот өндірісінің тілін таңдау құқығына ие емес, яғни іс қай тілде (мемлекеттік немесе орыс) келсе, сол тілде жүргізіледі. Сол себепті соттағы мемлекеттік тілдегі істердің артуы бірінші кезекте біздің азаматтарға байланысты. Соттың тарапынан бұл бағытта барлық жағдай жасалып, іс шаралар атқарылуда, атап айтқанда мемлекеттік органдардан келіп түсетін арыздардың мемлекеттік тілде болуына қатысты түсіндіру жұмыстары, сот ғимараттарында, халыққа қызмет көрсету орталықтарында арыз үлгілерінің мемлекеттік тілде толық қамтылуы, істі қарау барысында, дайындық сатысында тараптарға тілді ауыстыру құқығын түсіндіру және т.б.

– Судьялардың жалақысы жоғары, мәртебесі биік. Абыроймен зейнетке шыққандардың жағдайын да мемлекет толық жасап отыр. Соған қарамастан судьялар арасында парақорлық әлі тыйылмай келеді. Бұған түбегейлі тосқауыл қою үшін не істеу керек деп ойлайсыз? Жемқорлықпен күресудің жолдары қайсы?

– «Іштен шыққан жау жаман» демекші, сот жүйесінде өзекті өртейтін жанды жаралайтын мәселенің бірі – жемқорлық. Онымен күрес бір сәтке де тоқтаған емес. Жемқорлыққа тосқауыл қоюда тек пара алушымен емес, сонымен қатар пара берушімен де күрес аса маңызға ие. Сол үшін азаматтарға үндеу – өз міндетін сатып, жемқорлыққа жол берген судьялар кездессе міндетті түрде тиісті органға хабарлап, жазаға тарту шарт. Төрелікті атқару барысында әділдікті емес, өз қалтасының қамын ойлаған тұлғалардың барар орны темір тордың ар жағы екендігі белгілі. Бұл күреске әрбір азамат өз үлесін қосса жемқорлықсыз қоғам, әділетті, таза мемлекет орнайды

. – Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында көпшілікке қандай тілек айтқан болар едіңіз?

– Тұғыры биік, тарихы терең, қадамы нық, рухы мықты халқымызды Тәуелсіздік мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Азаттықтың әр таңын бағалап, татулық пен берекемізді сақтайық!

– Әңгімеңізге рақмет. Еңбегіңіз жемісті болсын.

Сұхбаттасқан Шолпан РАҚЫМҚЫЗЫ, «Заң газеті»

На грани безработицы

ПАРЛАМЕНТАРИИ ПРЕДУПРЕДИЛИ О РИСКАХ РОСТА БЕЗРАБОТИЦЫ И УСИЛЕНИЯ СОЦИАЛЬНОГО НАПРЯЖЕНИЯ В СЕЛЬСКОЙ МЕСТНОСТИ В СВЯЗИ С ИЗМЕНЕНИЯМИ ПОРЯДКА ОРГАНИЗАЦИИ ОПЛАЧИВАЕМЫХ ОБЩЕСТВЕННЫХ РАБОТ.

Перизат Қайрат колонияда жұмыс істей ме?

Жарты жыл бұрын Перизат Қайрат алаяқтық қылмысына байланысты 10 жылға сотталды.

2029 жылғы қысқы Азия ойындары Алматыда өтеді

Алматы қаласы 2029 жылы өтетін қысқы Азия ойындарының ресми ұйымдастырушысы болып бекітілді.

Астанада оқушылар түстен кейін онлайн оқитын болды

Бұл туралы қаланың білім басқармасы мәлімдеді.

Ерлан Өтегенов Бас прокурордың орынбасары болып тағайындалды

Ерлан Өтегенов Бас прокурордың орынбасары лауазымына тағайындалды,