Соңғы кездері елімізде қосымша құн салығының (ҚҚС) мөлшерін көтеру жиі айтыла бастады. ҚҚС дегеніміз не және ол қалай есептеледі? Massaget.kz тілшісі анықтады.
Қосымша құн салығы (ҚҚС) — тауарлар мен қызметтер өндірісі, таралуы және сатылуы барысында әрбір кезеңде қосылған құнға салынатын салық түрі. ҚҚС-тың негізгі қағидасы — тауардың немесе қызметтің жалпы құнынан емес, тек қосылған құнына салық салу.
ҚҚС-тың негізгі ерекшеліктері қандай?
- Қамту ауқымы кең: ҚҚС өндіріс, сауда және қызмет көрсету салаларының басым бөлігінде қолданылады;
- Кезең бойынша алынады: Әрбір өндіріс немесе сату кезеңінде тек қосылған құнға салық салынады;
- Салықты шегеру механизмі: Кәсіпорын шикізат немесе қызмет сатып алғанда төленген ҚҚС-ты (кіріс салығы) тауарды немесе қызметті сатқан кездегі алынған ҚҚС-тан (шығыс салығы) шегеріп, қосарланған салық салудан аулақ болады.
ҚҚС қалай жұмыс істейді?
Қосымша құн салығы қалай жұмыс істейтінін экономист Ербосын Нұрмұхан түсіндірді.
«Бұл азаматтың сатып алған тауары мен көрген пайдасына қойылатын салық. Мысалы, өндіруші 10 мың теңгеге орындық өндірсе, оның 7 мың теңгесі қажетті материалға жұмсалса, 3 мың теңгесі пайдаға қалады. ҚҚС осы 3 мың теңгенің, яғни пайданың сомасына қойылады. Қосымша құн салығын соңғы сатып алушы арқалайды. Өнімді кім сатқанына қарамастан, сатушы да, өндіруші де ҚҚС-ты мемлекетке төлеп отырады», — деді ол.
ҚҚС есептеу формуласы:
1. Шығыс салығы = Сату бағасы × ҚҚС мөлшерлемесі.
Шығыс салығы — кәсіпорынның тауар немесе қызмет сатуынан алынатын салық сомасы.
2. Кіріс салығы = Шикізат немесе қызмет сатып алғанда төленген ҚҚС.
Кіріс салығы — кәсіпорынның шикізат немесе қызмет сатып алудағы ҚҚС сомасы.
3. Төленуге тиісті салық сомасы = Шығыс салығы — Кіріс салығы.
Бұл — кәсіпорынның мемлекетке төлеуі қажет ҚҚС сомасы.
Мысал ретінде қарастырайық:
- Кәсіпорын шикізатты 100 теңгеге сатып алды (ҚҚС мөлшерлемесі — 12 пайыз), яғни төленген ҚҚС = 12 теңге (кіріс салығы).
- Шикізатты өңдеп, дайын өнімді 200 теңгеге сатты (сол мөлшерлеме — 12 пайыз), яғни алынған ҚҚС = 26 теңге (шығыс салығы).
- Төленуге тиісті ҚҚС: 26 теңге — 13 теңге = 13 теңге.
Тағы бір мысал:
- Өндіруші. Өнімді өндіреді және оны 10 000 теңгеге сатады. Оның бағасына 12 пайыз ҚҚС қосылады, яғни тұтынушы 11 200 теңге төлейді (10 000 + 1 200 ҚҚС).
- Дистрибьютор. Өнімді 11 200 теңгеге сатып алып, 15 000 теңгеге сатады. Бұл сомаға ҚҚС қосылады, яғни тұтынушы 16 800 теңге төлейді (15 000 + 1 800 ҚҚС).
- Соңғы тұтынушы. Тұтынушы тауарды сатып алған соң, түпкі ҚҚС сомасы мемлекетке аударылады. Дистрибьютор өндірушіге төленген 1 200 теңгені шегеріп, қалған 1 800 теңгені мемлекетке береді.
ҚҚС-тың қандай артықшылықтары бар?
- Мемлекет үшін: ҚҚС мемлекеттің тұрақты және сенімді табыс көзі.
- Кәсіпорын үшін: ҚҚС өнімнің бағасына енгізілгендіктен, бұл салықты бизнес төлемейді, тек жинап, аударады.
- Экономика үшін: ҚҚС экспортты ынталандырады, өйткені экспортталатын тауарларға ҚҚС салынбайды.
ҚҚС не үшін қажет?
ҚҚС — мемлекет бюджетінің маңызды бөлігі. Ол денсаулық сақтау, білім беру және инфрақұрылым сияқты қоғамдық қажеттіліктерді қаржыландыруға жұмсалады.
Айта кетейік, бүгін Астанада өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында премьер-министр Олжас Бектенов елдегі қосымша құн салығының (ҚҚС) мөлшерлемесін көтеру қажет екенін айтты. Алайда Үкіметте ҚҚС мөлшері әлі анықталмаған.